Әскери медицина саласындағы 2027–2029 жылдарға арналған үш жылдық ынтымақтастық жоспарына қол қойылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас әскери-медициналық басқармасының бөлімшелері мен Жапонияның Өзін-өзі қорғау күштері әскери медицина мамандарының қатысуымен шара өтті.
Кездесу барысында тараптар өзара брифингтер өткізді. Жапониялық әріптестер гибридті симуляторларды қолдану тәжірибесімен бөлісіп, әскери медицина мамандарын даярлау саласындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын атап өтті. Өз кезегінде қазақстандық тарап қонақтарды оқу-материалдық базамен және әскери медициналық мекемелердің хирург дәрігерлерді тәжірибелік даярлауды ұйымдастыру мүмкіндіктерімен таныстырды.

Сапар аясында жапониялық мамандар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери клиникалық госпиталі мен Әскери медицина орталығының хирург дәрігерлерді оқыту дайындығын жоғары бағалады. Оқыту бағдарламасы бұрын енгізілген «гибридті симуляторлар» технологиясын пайдалана отырып, жануарлардың құрсақ қуысы ағзаларына операция жасау дағдыларын меңгеруді көздейді.
Шеберлік сабағы барысында жапониялық дәрігерлер гибридті симуляторларды дайындау мен қолданудың практикалық тәсілдерін, сол секілді медицина қызметкерлерін осы технологиямен жұмыс істеуге үйрету әдістерін де көрсетті.

Ынтымақтастық жоспарының жобаларын талқылау кезінде қазақстандық тарап табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға, оған қоса жараланғандар мен зардап шеккендердің жаппай түсуіне әскери госпитальдардың әзірлігін арттыру мәселелері бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуді ұсынды. Сонымен қатар радиациялық, химиялық және биологиялық қауіп-қатерлерде медицинаның әрекет етуі бойынша Жапония тәжірибесін зерделеу бастамасы ұсынылды.
Тараптардың ұсыныстары талқыланған соң әскери медицина саласындағы 2027–2029 жылдарға арналған үш жылдық ынтымақтастық жоспарына қол қойылды.