2026 жылдың басында Алматы мектептері BilimClass білім беру платформасына көшкен еді. 2025–2026 оқу жылы соңында жүргізілген сауалнама қорытындысы көрсеткендей, платформа мұғалімдер мен ата-аналардың үйреншікті құралына айналып үлгерген, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, мұғалімдердің жартысынан астамы BilimClass-қа ауысқалы жұмыс сапасының жақсарғанын айтады. Мұғалімдердің айтуынша, BilimClass платформасы сабақ беру процесін тиімді ұйымдастыруға және уақытты ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді: оқу процесін басқаруға қажетті көптеген құрал бір платформаға біріктірілгендіктен, бұл педагогтердің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар ұстаздардың 52%-ы BilimClass-тың отандық білім беру талаптарына сай жасалғанын жоғары бағалаған.
Сауалнамаға қатысқан ата-аналар да балалардың сабақ кестесі мен үлгерімін бақылау әлдеқайда жеңілдегенін атап өткен. Сауалнама мәліметтері бойынша, ата-аналардың 81%-ы оқушыларға арналған бонус жүйесі маңызды деп санайды және баланың оқуға ынтасы артқанын ерекше атап өткен. Сонымен қатар респонденттер білім беру саласында отандық цифрлық өнімдерді қолданудың маңызды екенін бір ауыздан атап өткен.
Пайдаланушылар платформаның тағы бір маңызды артықшылығы ретінде оның қазақстандық әзірлеушілер тарапынан еліміздің білім беру жүйесіне бейімделіп жасалғанын атайды. Мұғалімдердің 52%-ы және ата-аналардың 62%-ы осы көрсеткіш бойынша BilimClass-қа ең жоғары баға берген.
Пайдаланушылардың пікірінше, сервистің тағы бір басты артықшылығы – жарнаманың және ақылы қызметтердің болмауы. BilimClass мемлекет үшін де, мектептер мен пайдаланушылар үшін толықтай тегін. Мұны мұғалімдердің 81%-ы және ата-аналардың 76%-ы жоғары бағалайды.
Айта кетейік, бүгінде BilimClass платформасын бүкіл Қазақстан бойынша 2,5 миллионнан астам оқушы мен 350 мыңнан астам педагог пайдаланады. Платформа мектептер, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар үшін толықтай тегін. Ал жобаны дамытудағы басты басымдық пайдаланушылардың қауіпсіздігі мен дербес деректердің сенімді сақталуына беріледі.