А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Танымдық кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері Асылы Осман, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Қансейіт Әбдезұлы және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбет қатысты.
Құрметті меймандар жастар алдында Абай мұрасының тағылымдық мәні мен бүгінгі қоғамдағы рухани маңызы туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
«Абай – ақын ғана емес, хакім тұлға. Ол өлеңдері мен қарасөздерінде оқырманына «адам бол» деп қана қоймай, сол адам болудың, адамгершіліктің қалыбын, ілімін жасаған ойшыл ақын. Хәкім Абайды таныту – адамзаттың бәріне қажетті даналықты таныту. Сондықтан біз қазір бүкіл мектепте, жоғары оқу орындарында, бүкіл қазаққа Абай ілімін насихаттаудан шаршамауымыз керек. Егер бір бала бір өлеңін, тіпті бір сөзін тереңінен ұғынған болса, сол үлкен олжа», – деді Жабал Шойынбет.
Иә, кеш барысында Абай Құнанбайұлының өнегелі өмір жолы мен өлмес мұрасы кеңінен насихатталды. Меймандар тілге тиек еткен Абай шығармаларындағы адамгершілік, білімге ұмтылу, еңбекқорлық пен адалдық идеялары кеңінен насихатталып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
«Абай – ұлы ақын ғана емес, ол сонымен қатаp әдiлеттi қоғамды меңзеген ұлы қайpаткеp. Ол да күйінген, жылаған, қуанған. Қазақ халқының жасампаз болғанын қалаған. Өлеңдерінің, қарасөздерінің бәрінде философиялық ой жатыр. Демек, Абайды қайта-қайта оқy кеpек. Одан өмipдiң баpлық сұpағына жаyап табылатыны сөзсіз», – деді Асылы Осман.
Кеште Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының «Нава» ансамблінің солист-әншісі Сахиб Абдумайин Абайдың әндерін орындаса, Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығының «Шешендік өнер» мектебі, «Сөз маржан» үйірмесінің оқушылары Садуахас Әділхайыр, Айдана Манатқызы және Садуахас Нұрали сынды жеткіншектер ақынның өлеңдерін тебірене оқыды.
«Абайға арналған бұл рухани кездесудің тағылымы зор. Әсіресе, жастар үшін. Осындай танымдық кештер олардың Абай мұрасын терең түсініп, оның философиялық ойларын, ұлттық құндылықтар туралы көзқарасын жан-жақты меңгеруіне мүмкіндік береді. Абайдың шығармалары қай кезеңде де өзектілігін жоғалтпайтын рухани мұра екені сөзсіз», – деді Қансейіт Әбдезұлы.
Нұржамал ӘЛІШ