Қыркүйектің үшінші жексенбісі - сүйікті қаламыздың туған күні. Аqshamnews.kz тілшісі қала күніне орай тарихи нүктелерді арнайы аралап қайтты.
Талайлардың жыры мен әніне арқау болған ару Алматының әр бұрышы тарихтан сыр шертеді. Қаланың өткені біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтан бастау алады. Ал биыл "Алматы" атауына 104 жыл толды: 1921 жылы Верный атауы "Алма-Ата" болып өзгертіліп, 1927 жылы ҚазАКСР орталығы Алматыға көшірілді. Ендеше сан ғасырлық тарихы бар шаһардың ескі ғимараттарына көз жүгіртіп, бүгінгі келбетімен салыстырып көрейік.
(суреттерді ортасынан жылжытыңыз)
Пионерлер үйі: КСРО заманына сапар
Пионерлер үйі (қазіргі Оқушылар сарайы) - жас буынның қоғамдық-ғылыми-сапалық үйірмелерін дамыту үшін салынған ғимарат. Оның құрылысы 1979 жылы басталып, 1983 жылы аяқталған. Тәуелсіздіктен кейін атауы "Оқушылар сарайы" деп өзгеріп, кейін 2014-2015 жылдары күрделі жөндеуден өтті.
Сол жақтағы суретте шамамен 1980-жылдары түсірілген "Пионерлер үйінің" суреті бейнеленген. Ал оң жақта бүгінгі бейнесін байқауға болады. 40 жыл бұрын көшет болған ағаштардың бүгінде көптің саясына айналып, жапырағын кеңінен жайғанын сондай-ақ, балаларға арналған ойын алаңы салынғанын байқауға болады. Қазір мұнда қала деңгейіндегі түрлі мектеп іс-шаралары, үйірмелеп жүргізіледі.
Ғасыр куәгері болған ғимарат
Қызыл таң маталар үйі – Алматы қаласының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген қала құрылысы және сәулет түріне жататын тарихи нысан. Кей деректер бойынша 1896 жылы архитектор П. Гурдэ жобасы бойынша, кейбір деректерде 1912 жылы А. П. Зенков жобасы бойынша салынған.
Бұл нысан неорусский (жаңа орыс), ұлттық сән-сәулет элементтерімен үйлескен тарихи стильде бой көтерді. Кеңестік кезеңде халықты жабдықтау, мемлекеттік нарық қажеттіліктеріне қарай пайдаланылды. Қазір де маталар мен фурнитура дүкені ретінде жұмыс істеп тұр. 2009 жылы "Қызыл таң"-ның шатырын жалын шарпыса да, төмендегі суреттен ғимараттың әлі де "мұрты бұзылмаған" күйі тұрғанын байқауға болады.
Күләш Бәйсейітова атындағы көше: 43 жыл бұрын қандай болды?
Республика алаңы - Алматы қаласындағы еңбекшілер қауымының мерекелік салтанатты шерулері, сондай-ақ әскери парадтар өтетін орын. Бұл алаңның артқы көрінісі. Мұрағаттан табылған сурет шамамен 1982 жылы түсірілген.
Бәйсейітова көшесі солтүстіктен оңтүстікке қарай Абылай хан даңғылы мен Панфилов көшесінің арасымен өтеді. Бөгенбай батыр көшесінен басталып, Қабанбай батыр, Жамбыл, Шевченко, Құрманғазы көшелерін және Абай даңғылын кесіп өтіп, Республика алаңында аяқталады. Бұрын бұл көше "Фрунзе" атында болатын.
ҚБТУ - бұрынғы Үкімет үйі
Қазір Төле би - Абылай хан көшесіндегі ҚБТУ университетінің ғимараты бұрын Үкімет үйі болған. Ғимараттың құрылысы 1938 жылы басталған. Алайда 1941 жылға қарай тек іргетас шұңқырлары ғана қазылып, соғыс жылдары құрылыс тоқтап қалды. Тек 1951 жылы ғана қайта жалғасты. 2001 жылы Үкімет үйі мәртебесінен алынып, ҚБТУ университетінің қызметіне берілді.
Ал жалпы алаң жұрт арасында "Астана" алаңы немесе "ескі алаң" деп аталады. Мұнда ірі мерекелік концерттер, іс-шаралар жиі болып тұрады.
Ал бұл ғимаратқа жақынырақ ракурстан сурет. 90-жылдары түсірілген фотодан, балалардың асыр салып, қыстыгүні шана теуіп, ойнап жүрген жылы кадрын байқауға болады. Дәл сол нүктеден ҚБТУ-ға қазір қарасаң, ағаш жабындыларынан басқа ештеңе көрінбейді. Шана тепкен бүлдіршіннен гөрі, телефонға телміргендердің қарасы басым.
Сәтпаев-Желтоқсан қиылысы: кеше мен бүгін
Ал бұл - Республика алаңының алдыңғы көрінісі. Оңтүстігінде Президент резиденциясы мен телестудия, солтүстігінде әкімдік ғимараты мен биік тұрғын үйлер қоршай орналасқан. Бәйсейітова көшесіне ұласатын кеңістік қаланың символдық қақпасы іспетті. Алатау шыңдарымен жарасым тапқан бұл алаң мерекелік шерулер мен халықтық іс-шараларға лайықталып салынған. 1996 жылы мұнда Тәуелсіздік монументі орнатылды.
"Алматы" қонақүйі
Бұл – Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші. Қонақүй 1967 жылы салынған. Әу бастан “Алматы” аталған, Қазақстандағы жетекші қонақүйлердің бірі. 1996 жылы кейбір интерьері мен сыртқы бөлшектері жаңартылған. 2006 жылы “Алма-Ата” атауынан “Алматы” деп толық өзгертілді. 2007 жылы қонақүйді сүру жоспары болған. Бірақ тарихи маңызы ескеріліп, ғимарат сақталып қалды.
Абай-Достық қиылысы: КИМЭП
Бұл сурет 90-жылдары түсірілген. Алматының ең танымал қиылыстарының бірі - Абай-Ленин (қазіргі Абай-Достық - еск.). Суреттен қазіргі КИМЭП университетінің ескі ғимаратын байқауға болады. КИМЭП университеті - 1992 жылы 14 қаңтарда құрылған. Алғашқы кезде тек магистрлер даярлағанымен, 1999 жылдан бакалаврлар бөліміне студенттер қабылдана бастады.
Ал бүгінгі кейпінде айырмашылық көп. Көлік легі көбейген, ғимараттың кейпі де ауысқан. Қызығы - 30 жыл бұрынғы тұрғындардың троллейбусын қазір самокаттар алмастырғандай.
Алматы қалалық атқару комитеті (бұрынғы исполком) ғимараты
Ғимарат XX ғасырдың басында, шамамен 1930–1940 жылдары салынған. Алғашында ол қалалық кеңестің (Совет) атқару комитетінің резиденциясы ретінде қызмет атқарған. Бұл мекеме қала шаруашылығы, құрылыс, көлік, мәдениет және әлеуметтік мәселелерді басқаратын негізгі билік органы болды. Кеңес дәуірінде Алматының қарқынды өсуі кезінде қала басқаруы осы ғимараттан жүргізілді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қалалық басқару жүйесі қайта ұйымдастырылған соң, ғимарат Алмалы ауданы әкімдігінің кеңсесі ретінде берілді.
Музыкалық студиядан театрға айналған тарихи нысан
“Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры” 1934 жылы музыкалық студия ретінде басталған. 1936 жылы алғаш рет “Қыз Жібек” операсы қойылып, алғаш балет труппасы 1938 жылы құрылды. Театр ғимараты 1941 жылы салынған.
Қазір бұл нысан туристердің жиі баратын нүктесіне айналып, қаз қалпында Қабанбай батыр көшесінде тұр. Төменде 68 жыл бұрынғы көрінісі мен бүгінгі кейпі салыстырылған.
“Республика сарайы”
Республика сарайы 1970 жылы салынды. Ғимарат Абай даңғылы мен Достық даңғылы қиылысында орналасқан. 1991 жылы 10 желтоқсанда дәл осы сарайда Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік қызметке кірісу салтанаты өткен болатын.
Қазір мұнда заманауи концерттер, ірі іс-шаралар өтеді.
"Отырар" қонақүйі
"Отырар" қонақүйі Алматыда 1975 жылы пайдалануға берілді. Кеңестік кезеңде қаладағы беделді қонақүйлердің бірі болып, шетелдік делегациялар мен республикааралық іссапармен келетін қонақтарды қабылдауға арналған. Қаладағы "Интурист" жүйесіне кірген яғни, шетел азаматтарына қызмет көрсетуге арнайы рұқсаты болған алғашқы мекемелердің бірі.
суреттер: Дина Литпин
Ескі суреттер Павел Теньяков сайтынан алынды.