Жаңа туған төлдер қазір мамандардың тұрақты бақылауында, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы хайуанаттар бағында қуанышты жаңалық! Биыл хайуанаттар бағындағы маралдар әулеті екі бірдей төлмен толықты. Жаңа туған төлдер қазір мамандардың тұрақты бақылауында және қажетті күтіммен қамтамасыз етілуде.
Алғашқы марал төлі 2026 жылғы 7 маусымда дүниеге келді. Оған Маралтай деген есім берілді. Оның әкесі – Түркістан, анасы – Алатау. Ал 10 қыркүйекте дүниеге келген екінші марал төліне Мукан есімі берілді, оның әкесі – Сарайшық, анасы – Чита.
Қазіргі уақытта екі төлдің де жағдайы жақсы. Маралтай мен Мукан өз енелерінің жанында өсіп келеді. Хайуанаттар бағының мамандары төлдердің денсаулығын, дамуын және қоректенуін күнделікті бақылауда ұстап, оларға қажетті күтімді қамтамасыз етуде.
Алматы хайуанаттар бағының тұяқты жануарлар бөлімінің басшысы Сарсенбаев Нұртай жаңа төлдердің дүниеге келуі туралы өз пікірін білдірді:
«Маралдардың дүниеге келуі – біздің ұжым үшін үлкен қуаныш. Әрбір төлдің дені сау болып өсуі – мамандар үшін басты міндет. Қазіргі таңда Маралтай мен Мукан толықтай мамандардың қарауында. Олардың жағдайы күнделікті бақылауда, қажетті күтім мен ветеринариялық бақылау жүргізіліп отырады. Төлдер өз енелерінің жанында өсіп, табиғи мінез-құлықтарын қалыптастыруда», – деді Нұртай Сарсенбаев.
Маралдардың көбеюі – Алматы хайуанаттар бағындағы жануарларды сақтау және көбейту бағытындағы жұмыстардың маңызды нәтижелерінің бірі. Жануарларға қолайлы жағдай жасау, олардың денсаулығын бақылау және табиғи ерекшеліктеріне сай күтім көрсету – хайуанаттар бағы мамандарының күнделікті жұмысының негізгі бағыттарының бірі.
Хайуанаттар бағы қала тұрғындары мен қонақтарын жаңа кішкентай тұрғындармен танысып, олардың үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамдарын тамашалауға шақырады.