Ертегі кейіпкерлерін өздері жасады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматының Медеу ауданындағы №126 бөбекжай-балабақшасында ата-аналар мен педагогтің бірлескен шығармашылығы негізінде «Сиқырлы ғажайыптар шеберханасы» жобасы таныстырылды.
«Ертегі әлемі бірлескен шығармашылықтың ғажайып кеңістігі» деп аталатын бұл жоба өте ауқымды. Іс-шара барысында алғаш мектепке дейінгі тәрбиеге халықаралық тәжірибе қолданылды. Осылайша балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, ата-аналар да білім беру үдерісіне белсенді қамтылды.

Семинар барысында Корея Республикасының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында қолданылатын озық тәжірибелері зерделеніп, оларды өз еліміздің балабақшаларындағы оқу-қызметіне енгізу жолдары қарастырылды. Мәселен, балалардың эмоционалдық, әлеуметтік және шығармашылық дағдыларын дамытуға бағытталған «Сиқырлы ғажайыптар шеберханасы» жобасы өте ерекше. Мұнда баланың шығармашылық дамуы тек педагогтің жұмысымен ғана шектелмей, оған ата-ана да тартылады. Сондықтан, осы мақсатты жүзеге асыру үшін балабақшада арнайы шеберхана ашылып, балақайлар, ата-аналар мен тәрбиешілер бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік алып отыр. Ендігі жерде балақайлар ертегі оқумен қатар, олардың кейіпкерлерін өз қолдарымен жасайтын болады. Сосын дайын болған ертегі образдарын түрлі ойындар мен сахналық қойылымдарда қолданатын болады.

Шеберхана жұмысы балалардың қолөнерге қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың ұсақ моторикасын, қиялын, ойлау қабілетін және өз ойын жеткізу дағдыларын дамытуға бағытталған. Балалар қағазды бүктеу, сызу, қию, бояу, желімдеу сияқты қарапайым еңбекке қажетті әрекеттерді меңгереді. Өздері жасаған қуыршақтарды ойын барысында пайдаланып, ертегі желісі бойынша шағын қойылымдар ұйымдастырады. Бұл олардың кейіпкерлердің мінезін түсінуіне, оқиғаларды есте сақтауына және өзара қарым-қатынас жасауына ықпал етеді.

Аталмыш жобаның басты ерекшелігі-ата-аналар балаларымен бірге оқыған ертегі кейіпкерлерін тұрмыстық қалдықтардан жасап, шығармашылық жұмысқа атсалысады. Осылайша, балабақшадағы тәрбие жұмысы отбасындағы ортақ әрекетпен жалғасады. Ал бірлескен шығармашылық ата-ана мен педагог арасындағы байланысты нығайтып, баланың қызығушылығы мен қабілетін жақынырақ тануға жағдай жасайды.
Семинар бағдарламасы аясында ата-аналар мен балалар шеберханада шеберлік сабақтарын өткізді. Қатысушылар күнделікті тұрмыста қолданылатын материалдардан сүйікті ертегі кейіпкерлерін жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар ұйымдастырылған оқу әрекеті кезінде бүлдіршіндер «Күн іздеген достар» ертегісін сахналады. Қойылым барысында балалар ертегі кейіпкерлерімен диалог жүргізіп, мұндай әрекет балалардың сөйлеу мәдениетін, есте сақтау қабілетін және топпен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Іс-шараның қорытынды бөлімінде ата-аналардың қатысуымен дайындалған «Қиялдан туындаған кейіпкерлер» көрмесі ұсынылды. Көрмеге қойылған жұмыстар шеберхана аясындағы бірлескен еңбектің нәтижесін көрсетті. №126 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі, жобаның жетекшісі Қарлығаш Қазкенқызы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Сиқырлы ғажайыптар шеберханасы» балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға, ата-аналардың тәрбие үдерісіне қатысуына, балабақша мен отбасы арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Сәтін салса, осынау жоба балалар ертегіні тек тыңдап емес, оны сахналап, жаңа идеялармен толықтыратын шығармашылық кеңістікке айналдыруды көздейді.