Операция шамамен үш сағатқа созылды және жергілікті анестезиямен жүргізілді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласындағы №4 қалалық клиникалық ауруханаға 64 жастағы Юрий есімді ер адам шұғыл түрде жеткізілді. Үйінде ол қатты әлсіздік пен ішінің белді айнала қатты қысып ауыруын сезініп, кейін есінен танып қалған. Ауруханаға түскен кезде науқастың жағдайы ауыр деп бағаланды.
Тексеру нәтижелері бойынша дәрігерлер құрсақ қолқасының диаметрі 8 см болатын алып аневризмасын анықтады, ал ер адамдарда құрсақ қолқасының қалыпты диаметрі әдетте шамамен 2 см құрайды.
Сондай-ақ қолқа қабырғасына жанаса орналасқан тромбоз және қолқаның қабаттарға ажырауына күдік анықталды. Аневризманың жарылу және ауқымды ішкі қан кету қаупінің жоғары болуына байланысты жағдай шұғыл медициналық араласуды талап етті.
Күрделі операцияны жүргізу үшін Орталық қалалық клиникалық аурухананың мамандары — эндоваскулярлық тамыр хирургтары Сұлтан Илиев пен Дәулет Алдакешов тартылды.
Дәрігерлердің бірлескен тобы құрсақ қолқасына стент-графтты эндоваскулярлық имплантациялау (EVAR) операциясын орындады. Бұл – аз инвазивті операция, оның барысында зақымданған тамыр бөлігіне қан ағысын бағыттауға және аневризманың жарылу қаупін төмендетуге мүмкіндік беретін арнайы протез орнатылады.
«Аневризманың өлшемін, науқас жағдайының кенеттен нашарлауын және оның жарылу қаупінің жоғары екенін ескере отырып, біз шұғыл араласу туралы шешім қабылдадық. Жағдай шұғыл диагностиканы және жедел емдеуді талап етті, өйткені аневризманың жарылуы ауқымды ішкі қан кетуге әкеліп, науқастың өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін еді», – деп әңгімелейді №4 қалалық клиникалық аурухананың рентгенэндоваскулярлық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Аскар Наринбаев.
Операция шамамен үш сағатқа созылды және жергілікті анестезиямен жүргізілді. Операциядан кейін науқас үш күн бойы реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің мамандарының бақылауында болды, содан кейін бейінді бөлімшеге ауыстырылды. Жетінші тәулікте ер адам стационардан қанағаттанарлық жағдайда шығарылды.
«Маған екінші өмір сыйлағандарыңыз үшін рақмет!» – деген сөздермен Юрий дәрігерлерге өмірін сақтап қалғаны және кәсіби көмегі үшін алғысын білдірді.