Әр тұрғынның пікірі ескеріліп, нақты шаралар қолданылады
Таяуда Алматы халықаралық әуежайының Мәдениет үйінде жолаушыларға арналған жаңа терминалдың құрылыс барысын талқылауға арналған жиын өтті. Жиында әуежай басшылығының өкілдері, мамандар мен Түрксіб ауданының тұрғындары бас қосты.
Алматы Халықаралық әуежайының әлеуметтік және экологиялық мәселелер бойынша бас маманы Юлия Аллахвердиеваның айтуынша, тұрғындарды ақпараттандыруға арналған мұндай жиын әр тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Бұл жолы әуежайға жақын орналасқан Түрксіб ауданы тұрғындарының әуежайға қатысты сұрақтары мен ұсыныстары тыңдалды.
«Әлемдік тәжірибе бойынша, кез келген елде әуежай маңында орналасқан елдімекендердің тұрғындарының әуежайға қатысты ұсыныс, тілектері, шағымдары ескеріледі, оларды толғандырған сұрақтар талқыланып, шешімін табады. Біз де Алматыдағы әуежай маңында орналасқан аудандар мен елді мекен тұрғындарының арасында сауалнама жүргізіп отырамыз, жүзбе жүз кездесулер ұйымдастырамыз. Тұрғындарды, көбінесе, қаладағы ауаның ластануы, ұшақтардан ауаға бөлінетін зиянды қалдықтардың адам денсаулығына әсері секілді мәселелер алаңдатады. Біз үшін әрбір алматылықтың пікірі маңызды болғандықтан, кез келген мәселенің шешімін бірге іздейміз», – дейді Юлия Аллахвердиева.
Түрксіб ауданының белсенді тұрғындары мамандарға өздерін мазалайтын сұрақтарын қойды, шағымдары мен ұсыныстарын да жеткізді. Тұрғындардың талап- тілегін жаңа терминалдың құрылысымен айналысып жатқан TAV Construction мердігер компаниясының өкілдері тыңдап, өздеріне түртіп алды.
Әуежай маңында көп жылдан бері тұратын тұрғындар әуежайда қызметкерлерге арналған көлік тұрағының жоқ екенін айтты. Олардың айтуынша, әуежай қызметкерлерінің көліктері әуежайдың аумағына сыймағандықтан, олар көліктерін тұрғындардың ауласына қоятын көрінеді.
«Әуежай қызметкерлері көліктерін біздің қақпалардың алдына, тар көшелерге, аулаларға қойып қояды. Таңертең қойылған көліктер күні бойы біздің аулада тұрады. Балаларымыз емін-еркін жүретін орын жоқ. Тағы бір мәселе – қызметкерлердің тәртібі, олар жаз мезгілінде ауламызға қоқыс лақтырып кетеді, темекі шегеді, дауыстары қатты шығады, тұрғындарды сыйламайды», – деп шағымданды Лана есімді тұрғын.
Түрксіб ауданының тағы бір тұрғыны Светлана Грининаның айтуынша, дамыған елдерде әуежай маңында тұратын тұрғындардың құқығы ескеріледі.
«Мен өзім де жиырма жылдан астам авиация саласында қызмет етіп келемін. Әуежайға жақын орналасқан аймақтарда тұрғындарына арналған еуропалық нормалармен таныспын. Жалпы, әуежай маңында тұру адам денсаулығына зиян, демікпе, өкпе аурулары, аллергия секілді ауруларға шалдығу қаупі жоғары. Сондықтан қай елде болсын, экологиялық нормалар сақталуы керек. Мысалы, кейбір қалаларда әуежайға жақын орналасқан елдімекендердің тұрғындарының тыныштығын бұзбау үшін түнде ұшақтар ұшырылмайды. Алматыда төбесінен ұшақ төніп ұшатын аудандар, үйлер бар. Мүмкін ұшақтардың ұшу, қону траекториясын өзгерту керек шығар. Міне, осындай мәселелер тұрғындарды мазалайды. Әуежай қызметкерлері ұйымдастырған жиынға көкейімізде жүрген сұрақтарды қоюға келдік», – дейді Светлана Гринина.
Тұрғындарды мұқият тыңдаған Алматы Халықаралық «TAV Construction» мердігер компаниясының өкілі Алим Ахмедов пен қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Арнұр Нұрғалиев және басқа да мамандар әр тұрғынның пікірі ескеріліп, нақты шаралар қолданылатынын айтты. Сондай- ақ, ол болашақта Алматы әуежайының аумағы түгелдей жаңартылып, абаттандырылатынын, жолаушылар мен әуежай қызметкерлеріне мүмкіндігінше жағдай жасалатынын да ескертті.
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Жаңа халықаралық жолаушылар терминалының ауданы 55536,22 м2 құрайды. Дизайнға сәйкес, жаңа құрылыс нысаны қолданыстағы терминал ғимаратына жерүсті өткелі арқылы қосылады. Жаңа терминал жолаушыларға ғимараттың сыртына шықпай-ақ ішкі және халықаралық рейстерден ары-бері оңай өтуді қамтамасыз етеді.
Жаңа ғимараттың құрылысы халықаралық терминалға борттарының көлеміне байланысты бір уақытта жеті ұшақ қонатындай етіп салынуда. Алматы әуежайы жылына 14 млн-ға жолаушыға дейін қызмет көрсетеді.
Жаңа терминалдың айрықша ерекшелігі – EDGE стандартының advanced деңгейіне сәйкестігі (ресурстық тиімділікке бағытталған жасыл ғимараттарды сертификаттау жүйесі), ол 40%-дан астам энергияны үнемдеуді және жұмыс кезінде терминал ғимараты үшін 20%-дан астам суды үнемдеуді, сондай-ақ құрылыс кезінде материалдарды үнемдеудің 20%-дан астамын қамтамасыз етеді.
Жаңа терминал сонымен қатар, халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) Optimum – стандарт деңгейіндегі қызметімен қамтамасыз етіледі. Оңтүстік астана әуежайының қызмет көрсету деңгейінің жаңа тұжырымдамасы әлемдік үрдістер стандарттарына негізделеді, сондықтан жылдамдықты, сапаны және тиімділікті арттыра отырып, шығындарды оңтайландыруға бағытталатын болады.
«Аlmaty-akshamу», №19 (6312) 7 ақпан, 2023 жыл