Стандарттау қызметкерлері күні қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Сапа стандарттан басталады: тұтынушыларды қорғаудағы стандарттау мен метрология» атты брифинг болып өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетінің «ҚазСтандарт» РМК Алматы мен облыстағы бөлімшесінің өкілі Нағима Пірманбетова онда спикер болып сөз сөйледі.
Брифинг барысында жиындағыларға тауар мен қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, сондай-ақ тұтынушының құқығы мен заңды мүддесін қорғауда стандарттау мен метрологияның маңызын түсіндірді.
Стандарттау өнімге, өндірістік процест пен қызметке қойылатын бірыңғай талапты белгілейді. Ол тауардың құрамы мен қауіпсіздігінен бастап, қаптау, таңбалау, сақтау ережесі мен сынақ жүргізуге дейінгі жұмысты қамтиды.
Белгіленген талапты сақтау өнімнің мәлімделген сипаттамаға сәйкестігін бағалауға, сондай-ақ өндірушілер, сатушылар мен тұтынушылар арасындағы сенімді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұл, әсіресе, сапасы мен қауіпсіздігі азаматтардың денсаулығы мен күнделікті өміріне тікелей әсер ететін азық-түлік өнімін, дәрілік заттарды, тұрмыстық техника мен басқа да тауарды сатып алу кезінде ерекше маңызды.
Брифингте метрологияға — өлшемдер туралы ғылымға да тоқталды. Бұл күнделікті өмірде керек нәрсе. Мәселен, азық-түлікті салмағына қарай сатып алу, көлікке жанармай құю, коммуналдық қызметті төлеу, медициналық зерттеу мен зертханалық сынақ жүргізу кезінде метрологияның рөлі зор.
Өлшеу нәтижесінің дәл болмауы шығын шегіп, ақпараттың шынайы болмауына алып келуі мүмкін. Сондықтан қолданылатын өлшем құралы қажетті дәлдікті қамтамасыз етіп, өлшеу нәтижесі де сенімді болуы керек.
«Стандарт талапты белгілейді, өлшеу сәйкестікті тексеруге сеп болады, сынақ өнімнің сипаттамасын растайды. Осының барлығы сапаны қамтамасыз етіп, тұтынушыны қорғау жүйесін қалыптастырады», — деді спикер жиында.
Кездесу барысында сапаны қамтамасыз ету жұмысы тауар сөреге түспей тұрып-ақ басталатыны айтылды. Ол шикізатты таңдауға, технологиялық процестердің сақталуына, сынақтың жүргізілуіне, өлшеудің дәлдігіне, сондай-ақ өнімді қаптау, сақтау мен тасымалдау шартына байланысты.
Нарықтағы барлық адам сапаға жауапты. Өндірушілер қауіпсіз өнім шығаруға, сатушылар тұтынушыларға шынайы ақпарат беруге, сынақ зертханалары нәтиженің объективтілігін қамтамасыз етуге, ал уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде бақылау жүргізуге міндетті.
Сонымен қатар зертханалық зерттеуге ерекше мән беріледі. Олар көзбен шолып анықтау мүмкін емес сәйкессіздікті анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай зерттеудің сенімділігі көбіне қолданылатын талдау әдісіне, жабдықтардың жай-күйі мен мамандардың біліктілігіне байланысты.
Брифинг соңында стандарттау мен метрологияны дамыту сапа мәдениетін қалыптастыруға, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тұтынушылардың сенімін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Бұл жұмыстың басты мақсаты — белгіленген талаптың сақталуын, өлшеу нәтижесінің сенімділігі мен азаматтар күнделікті пайдаланатын тауарлар мен қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.