Алматы әлемнің танымал тревел-блогерлерін қызықтырып отыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылғы WIBA Awards халықаралық сыйлығының «Әлемнің үздік тревел-блогері» номинациясының иегері Дастан Мұхамедрахым (ByDastann) Алматыны халықаралық туристік аренада насихаттауды жалғастырып келеді.
Оның шақыруымен қалаға иорданиялық деректі фильм режиссері әрі YouTube-креатор Джо Хаттаб (Joe Hattab) және америкалық тревел-блогер Джошуа Платильеро (Mega American) келді. Қонақтарды Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілдері қарсы алып, қаланың туристік әлеуетімен таныстырды. Сапар аясында олар Шымбұлақ тау курорты мен шаһардың өзге де көрікті орындарын аралайды.
Джо Хаттаб – саяхат тақырыбындағы көркем әрі мазмұнды фильмдерімен халықаралық аудиторияға танылған тревел-документалист. Оның YouTube арнасына 20 миллионнан астам адам жазылған. Автордың шығармалары түрлі халықтардың мәдениетін тереңінен танытып, жоғары деңгейдегі визуалды шешімімен ерекшеленеді.
Джошуа Платильеро (Mega American) – әлемнің түкпір-түкпіріндегі табиғи және туристік орындар туралы бейнематериалдар дайындайтын америкалық тревел-креатор. Оның аудиториясы TikTok пен Instagram желілеріндегі миллиондаған оқырманды қамтиды, ал жұмыстары әсерлі визуалды эстетикасымен танымал.
Сапар барысында блогерлер ByDastann-мен бірлесіп, Алматының туристік мүмкіндіктерін дәріптейтін бейнетүсірілімдер жүргізеді.
Халықаралық деңгейдегі креаторлардың келуі Алматының заманауи туристік бағыт ретіндегі мәртебесін нығайтып, жаһандық цифрлық кеңістікте қаланың деген қызығушылықты арттыра түспек.