Алматы әкімі Дархан Сатыбалды азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдап, жер қатынастары, тұрғын үй инфрақұрылымы, көркейту және жол қозғалысын ұйымдастыру жайы бойынша өтінішін қарады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Атап айтқанда, қала тұрғындары жер учаскелерін, оның ішінде су қорғау аймақтарындағы жерлерді жеке меншікке рәсімдеу, жаңарту жобаларын іске асыру, тұрғын үйлерді жөндеу және тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнінде жүгінді.
Сондай-ақ инженерлік желілерге қосылу, бау-бақша серіктестіктерін сумен, тұрғын үйлерді электр қуатымен қамтамасыз ету, тұрғын үй аумағындағы жолды қалпына келтіру және ауланы көркейту жайы көтерілді.
Қала басшысы әрбір өтініш бойынша тиісті басқармалар мен аудан әкімдіктері өкілдерінің пікірін тыңдады. Қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер қолданыстағы заңнама, техникалық шарттар және бұған дейін қабылданған шешімдер ескеріле отырып қаралады.
Қабылдау соңында Дархан Сатыбалды жауапты қызметтерге өтініштерді жан-жақты зерделеп, қажетті түсініктеме беруді және көтерілген мәселелерді өз құзыреті шегінде шешу бойынша тиісті шара қабылдауды тапсырды.