Қала басшысы әрбір өтініш бойынша салалық басқармалар мен аудан әкімдіктері өкілдерінің пікірін тыңдады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдап, жер қатынастары, тұрғын үй инфрақұрылымы, көркейту және жол қозғалысын ұйымдастыру жайы бойынша өтініштерді қарады.
Атап айтқанда, қала тұрғындары жер учаскелерін, оның ішінде су қорғау аймақтарындағы жерлерді рәсімдеу, реновация жобаларын жүзеге асыру, тұрғын үйлерді жөндеу және тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнінде жүгінді.
Сондай-ақ сумен жабдықтау инженерлік желілеріне қосылу, тұрғын үйлерді электр қуатымен қамтамасыз ету, тұрғын үй аумағындағы жолды қалпына келтіру, үйлердің қасбетін жөндеу және ауланы көркейту жайы көтерілді.
Қала басшысы әрбір өтініш бойынша салалық басқармалар мен аудан әкімдіктері өкілдерінің пікірін тыңдады. Қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер қолданыстағы заңнама талаптары мен техникалық шарттар ескеріле отырып қаралады.
Қабылдау соңында Дархан Сатыбалды жауапты қызметтерге тұрғындардың өтінішін жан-жақты зерделеуді, қажетті түсіндірмелер беруді және көтерілген мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.