Алматыда атмосфералық ауаның ластануын төмендету бағытындағы жұмыс жалғасып келеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Негізгі бағыттардың бірі автокөлік шығарындысын бақылау және төмен шығарындылар аймағын (LEZ) енгізу. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Алматыдағы ауа сапасына автокөлік, жеке сектор, энергетика нысандары, қатты және сұйық отынды пайдаланатын монша, техникалық қызмет көрсету станциясы мен кәуапхана, шағын және орта бизнес кәсіпорындары, сондай-ақ өнеркәсіп нысандары сынды бірқатар фактор әсер етеді.
2025 жылы 30 желтоқсанда қалалық мәслихат Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын бекітті. Негізгі ластау көздерін қамтитын құжат шығарындыларды, оның ішінде автокөлік шығарындысын азайту жөніндегі талапты белгілейді.
Биыл жыл басынан бері мобильді экологиялық зертханалар 2,5 мыңнан астам автокөлікті тексерді. 714-тен астам көліктен белгіленген нормативтердің асып кетуі анықталды. Бұдан бөлек, 19 стационарлық экологиялық бекетте 116 мыңнан астам өлшеу жүргізіліп, белгіленген көрсеткіштердің асып кетуіне қатысты 13 мыңнан астам жағдай тіркелді.
Аршат Бахтыгереев төмен шығарындылар аймағын (LEZ) енгізу мәселесіне жеке тоқталды. Пилоттық жоба 2026 жылы 28 сәуірде іске қосылды. Ол Бөгенбай батыр көшесі, Абай даңғылы, Желтоқсан көшесі және Достық даңғылы шекараларындағы аумақта қолданылады.
2026 жылдың соңына дейін LEZ тестілік режимде жұмыс істейді. Бұл кезеңде жүргізушілер үшін аймаққа кіру ақысы, айыппұл және көлік қозғалысына шектеу қарастырылмаған.
Қазір техникалық шешімдер, дерек алмасу және жүйеге қатысушылардың өзара іс-қимылы пысықталып жатыр. Пилоттық аймақта 134 жол белгісі орнатылып, 15 көшеге жол таңбасы салынды.
«LEZ-дің негізгі қағидаты – автокөліктің нақты шығарындылар деңгейі. Сондықтан тетіктің маңызды бөлігі – бензинмен және газбен жүретін автокөліктердің пайдаланылған газдарының уыттылығын, ал дизельді көліктердің түтін шығару деңгейін өлшей отырып, техникалық тексеру жүргізу», – деді Аршат Бахтыгереев.
Аршат Бахтыгереевтің айтуынша, LEZ көлік шығарындыларын азайту тетіктерінің біріне айналуға тиіс. Сонымен қатар қалада автокөліктерді тексеру, автобус парктерімен жұмыс жүргізу, өзге де ластау көздерін бақылау және Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының талаптарын іске асыру жұмыстары жалғасады.