Қазақстанда ақылы жолдардың көлемі қайта өскелі тұр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллиннің мәліметінше, биылға дейін республикада жалпы ұзындығы 2,2 мың шақырымды ғана құрайтын 11 ақылы автожол учаскесі болды. Олар 2013–2021 жылдар аралығында кезең-кезеңімен енгізілген еді,-деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Атап айтқанда, 2013 жылы – 211 шақырымдық «Астана–Щучинск» тұңғыш автобаны ақылы болды. 2019 жылы – «Астана–Теміртау», «Алматы–Қапшағай» және «Алматы–Қорғас» бағытындағы жалпы саны 682 шақырымда көліктерден ақы жинау басталды. Ал 2021 жылы – «Астана–Павлодар», «Қапшағай–Талдықорған», «Тараз–Қайнар», «Шымкент–Қызылорда», «Шымкент–Тараз», «Шымкент–Ташкент», «Щучинск–Көкшетау» аралығындағы жалпы ауқымы 1 479 шақырым жаңа жолда енді тек ақы төлеп қана жүру мүмкін болды.
Былтыр қанды қаңтар оқиғаларынан соң елдегі әлеуметтік кернеуді өршіткісі келмеді ме, билік бұл процесті уақытша доғарды. Әйтпесе, билік 2025 жылға дейін 11 мың шақырым республикалық маңыздағы жолда ақы жинауға жанталаса кірісіп кетуді жоспарлаған. Содан соң бұл көрсеткішті 13,2 мың шақырымға дейін арттыру қарастырылды.
Енді Үкімет бойын босаң ұстап, арқасын кеңге салып, бұрынғы әніне қайта басқанға ұқсайды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті Алматының жаңадан салынып жатқан үлкен айналма жолы ақылы етілгенін жариялады.
Осы мақсатта аталған министрлік басшысының «Ақылы негізде «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» (ҮАААЖ) республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолының учаскесін пайдалану туралы» бұйрығының жобасы әзірленді.
Құжатқа сәйкес, «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының (ҮАААЖ) 22+640 шақырымы – 22+000 шақырымындағы учаскесі» ақылы негізде пайдаланылады.
Автомобиль жолдары комитетінің түсіндіруінше, «ақылы жолдың бастапқы пункті – «Алматы–Ұзынағаш» автомобиль жолының 22+640 шақырымы аралығы», ал соңғы пункті –«Алматы–Талғар автомобиль жолының 22+000 шақырымы» болады.
Комитет мамандары ақы төлегісі келмейтін көлік иелері үшін Алматы қаласы мен Алматы облысының арасын қосатын басқа да жолдардың барлығына нұсқады. Олардың сапасы нашарлау.
«Басқа автомобиль жолымен баламалы қозғалуға мүмкіндігі жоқ іргелес елді мекендер жоқ», – деп қысқа қайырды комитет мамандары.
Ақылы телім жоғары I-А санатты автомобиль жолы болады.
ҮАААЖ ақылы жолының басқа да негізгі параметрлері келесідей:
- автомобиль жолағының ені – 3,75 метрден кем емес;
- жолдағы қозғалыс жолақтарының cаны: Алматы–Ұзынағаш автомобиль жолынан бастап Алматы–Бішкек автожолына дейінгі учаскеде – 4 жолақ;
- Алматы–Бішкек автожолынан Алматы–Евгеньевка–Шелек–Қорғас автомобиль жолына дейінгі учаскеде – 6 жолақ;
- Алматы–Евгеньевка–Шелек–Қорғас автожолынан Алматы–Талғар автожолына дейін – 4 жолақ;
- ақылы жолдың жалпы ұзындығы – 66 шақырым.
Бұл жол концессионерге, яғни жеке компанияға 16 жыл бойы ақы жинауға берілгелі тұр.
Ақылы, қоршалған Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы келесі елді мекендермен түйісетін болады:
- Қарасай ауданында: Қырғауылды кенті мен Райымбек кенті (бастапқы тұсында), Кемертоған кенті (5+817 км), Елтай кенті (20+752), Көкөзек кенті (20+752), Ақсеңгір кенті (20+752);
- Іле ауданында: Комсомол кенті (34+169 км), Жапек батыр кенті (34+169), Өтеген батыр және Ынтымақ кенттері (43+409 км);
- Талғар ауданында: Панфилов кенті (55+650 км), Қызылқайрат және Талдыбұлақ кенттері (65+515 км).
Ел күткен айналма жолдың халық пен бизнеске ақылы болатынын мемлекет өзі шешіп қойды. Демек, ендігі ең басты сауал:
ҮАААЖ үшін кімнен қанша ақша жинайды?
Комитеттің хабарлауынша, бұл ақылы жолда бір сапар құны бір сағатта:
- жеңіл автомобильдер үшін 0,07 айлық есептік көрсеткішке (2023 жылы бұл 241,5 теңгеге тең);
- 16 жолаушыға дейін орны бар автобустар, жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейін жететін жүк көліктері үшін 0,12 АЕК (414 теңге);
- 32 жолаушыға дейін отыратын орны бар автобустар, жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін 0,22 АЕК (759 теңге);
- 32 жолаушы орны қарастырылған автобустар, жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейін баратын жүк көліктері үшін 0,36 АЕК (1 242 теңге);
- Жүк көтергіштігі 10 тоннадан 15 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін 0,43 АЕК (1 484 теңге);
- Жүк көтергіштігі 15 тоннадан жоғары болатын, соның ішінде тіркемелері бар жүк көліктері, ершікті тартқыштар (тягачи седельные) үшін 0,72 АЕК (2 484 теңгеге) түседі.
Ведомствоның түсіндіруінше, ҮАААЖ-бен жол жүру құны автокөліктің қанша шақырымды басып өткеніне байланысты болмайды. Ақы көлемі «ақылы жолда болу уақытына және автокөліктің типіне қарай тарифтеледі».
Қайталап айта кеткен жөн, жоғарыдағы айлық есептік көрсеткіште көрсетілген ақының бәрі тек 1 сағат жүріс үшін белгіленген. Егер көлік 66 шақырымды бір сағатта еңсере алмаса, жолай сынып, апатқа түсіп, тұрып қалса, есептеуіш әр сағат үшін ақы есептей беруі мүмкін.
Бұдан бөлек, ақылы айналма жолға іргелес қоныстанған әкімшілік-аумақтық бірлікте тіркелген көліктер үшін абонементтік төлем төлеп жүруге рұқсат етілмек. Онда баға нақте бекітіледі және ондай рұқсаты бар көлік иесі бір рет төлеп, ақылы жолда шектеусіз жүре алады деп күтілуде. Абонемент түрінде төлемақы бір ай немесе бір жылдық мерзімде болады деп жоспарланған.
«Алматы облысының Қарасай, Іле, Талғар аудандарында тіркелген автокөлік құралдары абонементтік төлемді рәсімдей алады», – деп мәлім етті Автомобиль жолдары комитеті.
Абонементтік төлем көлемі қанша болады?
Ведомство бұған келесі тарифтерді ұсынып отыр. 1 айға абонемент:
- Жеңіл автомобильдерге 0,5 АЕК (2023 жылы – 1 725 теңге);
- 16 орындық автобустар мен 2,5 тоннаға дейін жүк артылатын жүк көліктері үшін 2,5 АЕК (8 625 теңге);
- 32 орындық автобустар мен жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін 4 АЕК (13 800 теңге);
- 32 орыннан асатын автобустар және жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін 5 АЕК (17 250 теңге);
- Жүк көтергіштігі 10 тоннадан 15 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін 6,5 АЕК (22 425 теңге);
- Жүк көтергіштігі 15 тоннадан асатын, оның ішінде тіркемелері бар жүк көліктері ершікті тартқыштар үшін 8,5 АЕК (29 325 теңге).
Осыдан-ақ бизнестің, тасымалдаушылардың біраз шығынға бататынын аңғаруға болады. Әрине, егер абонементтік төлемді бір жылға рәсімдесе, ол шығын еселеп артады.
Нақтыласақ, ҮАААЖ бойымен қозғалу үшін 1 жылға немесе 365 күнтізбелік күнге абонемент:
- Жеңіл автомобильдерден 10 АЕК (2023 жылы 34 500 теңге);
- 16 орындық автобустар мен жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктерінен 30 АЕК (103 500 теңге);
- 32 орындық автобустар мен жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктерінен 50 АЕК (172 500 теңге);
- 32 орыннан асатын автобустар және жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейінгі жүк көліктерінен 60 АЕК (207 000 теңге);
- Жүк көтергіштігі 10 тоннадан 15 тоннаға дейінгі жүк көліктерінен 80 АЕК (276 000 теңге);
- Жүк көтергіштігі 15 тоннадан асатын, оның ішінде тіркемелері бар жүк автомобильдерінен, ершікті тартқыштардан 100 АЕК (345 мың теңге) шығынды талап етеді.
Жиналған ақы концессионер қалтасына түспек. 2018 жылы ел Үкіметі қол қойған концессия келісімшартына сәйкес, Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының концессионері болып, «БАКАД Инвестиции и операции» ЖШС танылды. Ол компанияның құрылтайшылары қатарында түрік және оңтүстіккореялық «Алсим Аларко», «Макйол Иншаат», «СК Экоплант», «Корея Экспрессвэй» компаниялары бар.
Концессионер дауыстық байланыс арналары, электрондық және почта қызметтері арқылы пайдаланушылардан шағымын өңдеу, сондай-ақ пайдаланушылардың өтініштерімен жұмысты онлайн-чат режимінде жүзеге асыру үшін жеке құрылымдық бөлімшесін – Байланыс орталығын (Контакт центр) құруға тиіс. Орталықтың нөмірі жария шартта не ұйымдастырушының интернет-ресурсында көрсетіледі.
Ақылы жолды пайдаланушы жол ақысын 2 тәсілмен төлей алады: біріншіден, концессионер белгілеген ақы алу жүйесінің көмегімен автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі бойынша шотқа ақша енгізу жолымен алдын ала төлеу. Екіншіден, ақылы жолға кіргеннен бастап туындаған берешекті 7 күнтізбелік күн ішінде өтеу, яғни автокөлікті ақылы жолдағы бақылау аркалары тіркегеннен кейінгі төлем.
Жалпы, алматылық бұл айналма жол мемлекетке де қып-қызыл шығын. Сол үшін жоба 2021 жылы Президент Қ.Тоқаевтың қатаң сынына ұшырады. Оның сынынан кейін Үкімет ҮАААЖ бойынша мемлекеттің концессиялық міндеттемелерін 511 миллиард теңгеге дейін шамалы азайтты. Бірақ 510 967 321 707 теңгенің өзі алапат шығын болса керек.
Бұған дейін жоба бойынша мемлекеттің міндеттемесі 512,3 миллиард теңгеден асып бара жатқан. Яғни Президенттің сыны оны небары 1,3 миллиардқа ғана түсіре алды.
Үкіметтің жобаға қатысты 2021 жылы қабылдаған жаңа қаулысына сәйкес, концессионердің 176,7 миллиард теңгеден астам инвестициялық шығындарын бюджеттен өтеуге тура келмек.
Бұдан бөлек, эксплуатациялық шығындарына өтемақы – 28 миллиард теңгеден асады. Ел қаржысынан ең көп өтемақы концессионерге айналма жолды басқарғаны үшін төленеді: 306,2 миллиард теңге. Жиынтығында әлгі 511 миллиард теңге шығын шығады.
Бұл ретте төлем төлеу кестесі өзгерді: егер бұрын Үкімет 2022 жылдан бастап төлеуге кірісуді және 2037 жылы аяқтауды жоспарласа, енді төлем төлеу кезеңі 2025 жылға ысырылып, 2040 жыл аралығын қамтиды. Бірақ бұл бюджет шығынының артуына соқтыруы мүмкін. Себебі, Қазақстанда барлық саланы қымбатшылық жайлап барады. Демек, жаңа президенттер мен үкіметтерге ауыр мұра болып қалмақ.