Дүние жүзінің АҚШ, Еуропа, Жапония сияқты дамыған державаларының жүріп өткен жолына зер салсаңыз, нарықтық экономикаға көшіп, кәсіпті қолдап, өндірісті өркендеткен. Қаржы секторын мықтап қолға алып, нәтижелі еңбектің арқасында шаруасы түзеліп, дамудың даңғыл жолына түскен.
Қазақ елі де әлеумет пен әлеуетін түзеп, халқының табысын арттырып, өндірушіден өңдеуші салаға ауысуды көздейді. Осы орайда ел экономикасын өркендетудің, азаматтардың табысын арттырудың бағдарлары мен тың тетіктері жайлы белгілі қаржы сарапшысы Бексұлтан ТҰРСЫНБЕКҰЛЫН әңгімеге тартқан едік.
«Әділетті Қазақстан» қағидаты – тұрақты даму кепілі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты айқын – қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ол шебер дипломатия арқылы шетелдік инвесторларды көптеп тартуда. Біздің ешбір мемлекетке алашағымыз да, берешегіміз де жоқ, бұл да елдің сенімділігін арттырады. «Әділетті Қазақстан, әділ қоғам, адал адам» қағидаты – тек ішкі саясаттың емес, сыртқы экономикалық қатынастардың да өзегі. Біз шетелдік ірі инвесторларды тарта отырып, өз мүддемізді де ескеретін, екі жаққа да тиімді келісімшарттар жасасуымыз керек. Сонда олар да еліміздегі тұрақтылық пен бейбіт өмірдің сақталуына мүдделі болады.
Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» атты еңбегінде жазылған ойлар мың жылдан аса уақыт өтсе де, өз маңызын жоғалтқан жоқ. Онда әділ қоғам – адал адамдардың көптігімен, ал адал адамдар – дұрыс тәрбие мен моральдық қағидаттарға негізделген өмір салтымен қалыптасатыны айтылған.
Мемлекетті адамдар құрайды. Егер әрбір азамат өзінің ісінде әділдік пен адалдықты ту етіп ұстаса, қоғамда өзара сенім артады. Бұл сенім – экономикалық дамудың да, жеке тұлғаның арманы мен мақсатына жетуінің де басты іргетасы.
Сондықтан «Әділетті Қазақстан» – бұл тек саяси ұран емес, ол елдің тұрақты дамуының, халықтың бақыт деңгейінің және экономикалық әлеуетінің негізгі шарты. Біз әділ қоғам құру арқылы ғана ұзақ мерзімді өркендеуге қол жеткіземіз және әлемдік деңгейде сенімді әріптеске айналамыз.
Алматының экономикалық әлеуеті зор
Әлемдік қаржы орталықтары бір күнде пайда болған жоқ. Лондон, Нью-Йорк, Токио, Дубай тарихына қарасақ, олар ондаған жылдар бойы мынадай факторлардың арқасында қалыптасты. Біріншіден, «саяси және экономикалық тұрақтылық – инвесторлар ең алдымен сенімді орта іздейді». Екіншіден, «дамыған қаржылық инфрақұрылым – банктер, биржалар, сақтандыру компаниялары, инвестициялық қорлар бір жерде шоғырланған». Үшіншіден, «капиталдың еркін қозғалысы – ақшаның кіріп-шығуына кедергі жоқ». Төртіншіден, «адами капитал – жоғары білікті қаржы мамандары мен заңгерлердің болуы». Бесіншіден, «ұзақ мерзімді стратегия – 20–30 жылға есептелген тұрақты саясат».
Алматыны қаржы орталығына айналдыру үшін тек биржа немесе банктерді көбейту жеткіліксіз. Ең бастысы – тұрақтылық, ашықтық, инфрақұрылым және ұзақ мерзімді даму стратегиясы. Лондон, Нью-Йорк, Токио, Дубайдың жетістігі – осы төрт тіректе. Егер Алматы осы бағытта жүйелі жұмыс істесе, ол тек Қазақстан емес, бүкіл аймақтың қаржы орталығына айнала алады. Қала – еліміздің қаржы астанасы. Банктер мен сақтандыру компаниялар, брокерлік ұйымдар, қор нарығының негізгі ойыншылары осында орналасқан.
Алматы географиялық тұрғыдан Қытай, Ресей, Орталық Азия нарықтарының түйіскен жерінде тұр, логистика мен саудада үлкен артықшылық. Әлемдік инвесторлар үшін ең басты фактор – тұрақтылық пен қауіпсіздік. Лондон, Нью-Йорк, Токио, Дубайдың табысының бір себебі – олардың ондаған жылдар бойы саяси тұрақтылығы мен болжамды бизнес-ортасы болды. Инвестор қаржысын тек тұрақты, заңмен қорғалған, ашық әрі ыңғайлы қалаға салады. Тұрақсыздық жиі қайталанса, ірі инвесторлар сақтық танытып, өз капиталын басқа өңірлерге бағыттауы мүмкін. Саяси және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау керек. Құқықтық жүйені күшейту, инвесторлардың мүддесін толық қорғау. Қауіпсіз әрі қолайлы қала инфрақұрылымын дамыту. Ашық әрі болжамды экономикалық саясат жүргізу. Ал инвестор үшін ең үлкен кепілдік – бейбіт өмір мен заң үстемдігі. Егер Алматы осы бағытта жүйелі түрде дамыса, онда аймақтық қаржы орталығы болуға толық мүмкіндігі бар.
Қарызсыз қоғам – бәрінен маңызды
Қазір халықтың көзі ашылып, қаржылық сауаттылықтың маңызын түсініп келеді. Соңғы жылдары бұл бағытта елде бірқатар жобалар іске асуда. Мысалы, «Аманат» партиясы мен Халық банк екі жыл бұрын бастаған «Қарызсыз қоғам» жобасы ауыл-аймақтарда халықтың қаржылық білімін арттыруға өз үлесін қосты. Ақпараттық кеңістікте де қаржыны дұрыс басқару туралы насихат жиілеп келеді. Келесі бір себептерінің бірі өкінішке қарай, кей азаматтар қаржылық пирамидалар мен алаяқтардың құрбаны болып барып қана ес жиып, сақ болудың маңызын түсініп жатыр. Қазақта «Аузы күйген үрлеп ішеді» дейді ғой, дәл сол сияқты, адамдар қазір қаржылық қорғаныс керек екенін, яғни «қаржылық иммунитет» қалыптастырудың қажеттігін сезіне бастады.
Статистика бойынша қазақстандықтардың үштен бірі өз отбасылық кірісі мен шығысын есептемейді екен. Ал есеп жүргізудің не үшін маңызды екеніне келсек, менеджменттің алты ережесі бар: «Есептей алмаған нәрсені басқара алмайсың» деген. Кіріс пен шығысты жазып жүру арқылы сіз өзіңіздің қаржылық мінез-құлқыңызды сандармен көресіз. Негізінде, ақша табу – ол сіздің өмір уақытыңызды жұмсау. Ал тиімсіз, бейберекет ақша жұмсау – бос кеткен өмір уақытыңыз.
Қарапайым тілмен түсіндірсек: Табыс, кіріс, шығысты есептеу үшін ең алдымен бір айда түсетін барлық кірістерді (жалақы, қосымша табыс, т.б.) жазып алыңыз. Содан кейін бір айда кететін міндетті шығындарды (үй, тамақ, көлік, коммуналдық төлемдер, т.б.) жіпке тізіп шығарыңыз. Кірістен міндетті шығындарды алып тастағандағы қалдық – бұл сіздің нақты табысыңыз. Осы сандарды көрген кезде қайда артық шығын кетіп жатқанын байқайсыз да, қаржыңызды тиімді басқара бастайсыз. Қадамдық үлгіні қарастырайық. Айдың басында барлық кірістерді жазыңыз. Міндетті шығындарды тізіп шығыңыз (категориялар бойынша). Кіріс – міндетті шығындар = нақты табыс. Қалған соманы жинаққа, инвестицияға және қалауыңызға қарай жұмсасаңыз болады. Ай соңында қайта қарап, қайда артық кеткенін талдай аласыз.
Қаржы жинау – өмірлік философия
Дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне қарасақ, оларда қаржы жинау – тек экономикалық әрекет емес, өмірлік философия. Мысалы, Жапонияда ғасырдан астам тарихы бар, «Какейбо» деген дәстүр бар. Бұл – «үй шаруашылығын есепке алу кітабы» дегенді білдіреді. Жапондар кішкентайынан кіріс-шығысын есептеп үйренеді, қарыздан қашады, әрдайым «көрпесіне қарай көсіледі». Олар «Бірінші өзіңе төле» қағидасын ұстанады. Яғни табыстың бір бөлігін алдымен өз болашағына жинайды, содан кейін ғана қалғанын жұмсайды. Бізде көбіне керісінше, жалақы түскен күні бірден «басқаларға төлейміз» – коммуналдық, дүкен, қарыз, түрлі шығындар. Ал өзіміздің болашағымызға төлеуге кезек жетпей қалады.
Сонымен қатар, импульсивті шығын көп, эмоциямен сатып алу, көрсетіп қою үшін алу сияқты. Скандинавия елдерінің мысалы да қызық. Мысалы, Норвегияда мемлекет мұнай табысынан түскен қаржыны әлемдік бағалы қағаздарға инвестициялайтын мемлекеттік қор арқылы көбейтеді. Бұл қордың активтері соншалық, әрбір норвегиялық азаматқа шаққанда, жүздеген мың доллардан келеді. Яғни олар болашағын мемлекет деңгейінде де, жеке деңгейде де алдын ала ойлайды. Біздің халқымызда да осындай көзқарасқа жақын даналық бар.
Мысалы, «3 күндігін ойламаған әйелден без, 3 жыл жылдығын ойламаған еркектен без» немесе «Қыстың қамын жаз ойла» деген сөздер – қаржыны бейберекет шашпай, болашағыңды алдын ала ойла дегенді білдіреді. Ал бізге табысты қазір қалай еселеуге болады деген сұраққа келетін болсақ, бұрын ата-әжелеріміз артық қаражатын сандықта сақтайтын немесе мал басын көбейтіп, байлығын арттыратын. Ол заманда бұл ең сенімді әрі түсінікті әдіс болатын. Ал қазір қаржыны көбейту үшін мүмкіндіктер әлдеқайда кеңейді, бірақ таңдау көп болғандықтан адамдар көбіне шатасып қалады.
Ең бастысы – қаржыны еселеу деген тек «көбірек ақша табу» емес, оны дұрыс сақтап, тәуекелді бөлшектеу. Яғни әртараптандыру табысты. (Диверсификация) Қарапайым тілмен айтқанда, бір ғана құралға сеніп отыруға болмайды. Бүгінгі таңда қолжетімді негізгі бағыттар бар. Қарапайым және қауіпсіз тәсілдер: депозиттер қазіргі уақытта депозиттердің пайызы жоғары. 18%-дан асып жығылады. Мысалға: Фридом финанс банкте (теңгелік немесе валюталық), алтын құймалары. Бұлар табысы аздау, бірақ тәуекелі төмен. Инвестициялық құралдар: акциялар, облигациялар, ETF қорлары. Бұлар ұзақ мерзімде депозиттен жоғары табыс әкеледі, бірақ нарықтың ауытқуына дайын болу керек.
Материалдық активтер: жылжымайтын мүлік, жер. Бұл да дәстүрлі әрі сенімді әдіс, бірақ бастапқы капиталы көп қажет. Валютадағы әртараптандыру: ақшаны тек теңгеде емес, бір бөлігін долларда, еурода, кейде алтынмен сақтау – құнсызданудан қорғайды. Маңызды қағиданы ұсынайық. Бір ғана «құрал» таңдаудың орнына, 3–4 түрлі бағытты араластырып, портфель құру. Мысалы: 40% – депозит пен алтын (қауіпсіздік), 30% – облигация мен акциялар (өсу), 20% – жылжымайтын мүлік (тұрақтылық), 10% – шетел валютасы (қорғаныс). Қазіргі заманда сандық пен қорадағы малдың орнын цифрлық құралдар басты. Бірақ принцип сол күйі қалды: қаржыны сақтай білу, көбейте білу және тәуекелді бөлшектеу.
Бизнестің де, байлықтың да алтын заңдары бар. Ол заңдар мыңдаған жылдар бойы өзгермейді. «Вавилондағы ең бай адам» кітабында жазылған 4 мың жыл бұрынғы қағидалар бүгін де өзекті. Бай болу үшін, болашағыңа алаңдамай өмір сүру үшін сол қағидаларды біліп, күнделікті дағдыға айналдыру керек. Әйтпесе, «Шырылдауық шегіртке» өлеңіндегі сияқты, жаз бойы қызық қуып, қыста азықсыз қалған шегірткенің күйін кешуіміз мүмкін.
Экономиканы түсінгендер – табыс табады,
түсінбегендер – төлейді
Акциялар, облигациялар, ETF сияқты құралдар – бұл қаражатты ұзақ мерзімде еселеудің ең тиімді жолдарының бірі. Қазаққа бұл әлі де таңсық дүние, көпшілігі тіпті жақын барып көрмеген. Ал дамыған елдерде, мысалы, Оңтүстік Кореяда, қарапайым еден жуушыдан бастап мұғалімге дейін – бәрінің жеке инвестициялық портфелі бар. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, Уоррен Баффет, Рэй Далио сияқты миллиардерлердің байлығы бір күнде келген жоқ – олар жылдар бойы акциялар мен бағалы қағаздарға инвестиция салып, күрделі пайыздың күшін пайдаланды. Баффеттің сөзі бар: «Күрделі пайыз – бұл әлемнің сегізінші кереметі. Оны түсінгендер – «табыс табады, түсінбегендер – төлейді». Ал Роберт Киосакидің сөзі тіпті өткір: «Инвестиция қауіпті емес. Инвестиция жасамау – қауіпті». Бұл құралдардың басты артықшылығы – олар тек табыс әкеліп қана қоймай, адамның қаржылық және экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бірақ бір маңызды шарт бар. Яғни дұрыс талдау жасау, ұзақ мерзімді көзқарас, сабырлылық пен жүйелілік. Инвестиция бір реттік әрекет емес – бұл өмір салты.
Былайша айтқанда, табыс келген сайын бір бөлігін міндетті түрде қаржы нарығына бағыттау – болашақтағы тұрақтылықтың кепілі. Мысалға, АҚШ-тағы зейнет қорлары мен университеттік эндаументтер ондаған жылдар бойы акция, облигация, ETF-терге ақша салып, миллиардтаған долларлық капитал жинады. Дәл осы модельді жеке адам да өз өмірінде қолдана алады. Инвестициядағы «алтын үштік» ережесі: ерте баста – уақыт күрделі пайыздың ең мықты одақтасы. Әртүрлі құралға бөл – бір жерге ғана салма, тәуекелді азайтқан жөн. Ұзақ ұста – нарықтың қысқа мерзімді ауытқуына мән берме.
Жалпы, табысты арттырудың, еселеудің ілкімді тәсілдерін меңгерген жөн. Эмоцияға берілмей, салқынқанды ақылмен шешім қабылдау керек. Инвестиция жасаудың алтын ережелерін білу керек. Мысалға: «Бәрі сатып алғанда сат, бәрі сатқанда сатып ал» деген сияқты. Тәуекелдік тәбет – тәуекел менеджмент деген болу керек. Тұрақты даму дегеніміз, ұзақ мерзімді ойлау. Ал ұзақ мерзімде ойлау үшін акция, ЕTF, облигациялар тамаша құрал.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ.