ffin.kz

«Алматы: 1986 желтоқсан» кітабының тұсауы кесері өтті

«Алматы: 1986 желтоқсан» кітабының тұсауы кесері өтті Almaty-aqshamy.kz

Алматыда Желтоқсан көтерілісінің қыр-сырын баяндайтын Талғат Айтбайұлының жаңа кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Almaty-aqshamy.kz.



Тәуелсіздік күнінің қарсаңында А.П.Чехов атындағы қалалық кітапханада публицист-жазушы Талғат Айтбайұлының «Алматы: 1986 желтоқсан» айғақ-кітабының  6-10 томдарының тұсаукесер рәсімі өтті. 


Өзінің тарихи мән-мазмұнына қарай 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – қазақ халқының өмірінде бұрын-соңды болмаған ең ауыр әрі ерекше қастерлі оқиғалардың бірі. Өйткені сол күндері алаңға шыққан ағаларымыз бен апайларымыздың арқасында біз ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Аталмыш кітапта сол зұлмат кезеңді арқау еткен, облыстық, жергілікті газеттерде жарияланған, жекелеген республикалық басылымдарда жарық көрген дүниелер жинақталған. Тарихшы ғалымдар сөз алады, Желтоқсан ақиқатын ашу үшін құрылған Комиссия құрамында жұмыс істеген заңгер-ғалым өз ойын ортаға салады. Жалпы, әлі күнге дейін саяси, тарихи бағасын ала алмай келе жатқан көтерілістің ашылуға тиісті қалтарыстарын алға тартады.


Айғақ-кітап Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 100 дана болып басылып шықты. Олардың басым көпшілігі желтоқсаншыларға тарту етіліп, қалғаны қала кітапханаларының сөрелерінен табылмақ. 



«Желтоқсан көтерілісі қазақ тарихында айрықша орын алатын үлкен оқиға,  ұлт азаттық көтеріліс. 1986 жылдың желтоқсанында үш күнде болған оқиға таусылмайтын тарих, таусылмайтын тақырып. Біз соның шетін ғана мүжіп жүрміз-ау деп ойлаймын. Айтылмаған құпиялары қатпар-қатпар. Мен соның бір ұшын ғана шығардым деп ойлаймын. Алматы қалалық әкімдігіне мың алғыс!» - деп ойымен бөлісті автор.




Талғат Айтбайұлы «Алматы: 1986 желтоқсан» кітабын жазуды 1990 жылдан бастаса, бір кітаптың айналасында жүргеніне 31 жыл толыпты. Автордың айтуынша, соңғы деректер мен анықталған ақиқаттарға орай бұған дейін «оқиға» аталып келген тарихи сәттің  «көтеріліс» деп аталуына толықтай негіз бар. Сондықтан публицист-жазушы бес жыл бұрын алғаш рет «Желтоқсан көтерілісі» деген атпен екі том кітап шығарған. Қазір сол кітаптың 3-томы басылып жатыр екен. 


Тұсаукесер жиынына желтоқсаншылар мен қоғам қайраткерлері, қоғамдық бірлестіктердің басшылары қатысты. Олардың қатарында ҚР Мәдениет қайраткері Махмұт Құлментегі, «Желтоқсан зейнеткерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Қожанадиров, сазгер, ақын Бауыржан Шұғыл, «Тәуелсіздік - 1986 Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Байниязов, этнограф, жазушы Данияр Әлбозым бар.


Қонақтар кітап авторын тұсаукесермен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.  Қашанда Тәуелсіздікті сөз еткенде, есімізге әуелден 1986 жылдың ызғары түсері сөзсіз. Сондай тарихи оқиғалар баяндалатын кітаптардың жазыла түсуі тарихтың қараңғы беттеріне сәуле түсіріп, ақиқатқа бір табан жақындатады. Сондықтан бұл кітаптың маңызы мен орны бөлек екені сөзсіз.


Алматылықтар тарихи кітапты қалалық кітапханалардан оқи алады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04