Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры 15- қыркүйекте жаңа 91-ші маусым шымылдығын ашады. Тарихы терең шығармашылық ұжым үшін әр жаңа маусым – көрерменмен қайта қауышып, сахналық ізденістерді жаңа деңгейге көтеретін маңызды алаң. Театрдың бүгінгі тынысы мен алдағы шығармашылық бағыты, жаңа маусымға дайындық барысы және ұжымның кәсіби жоспарлары туралы Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелді тарқатып айтты.

– Алмат Амангелдіұлы, жаңа театр маусымында Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры көрермендеріне қандай жаңалықтар ұсынбақ?
– Алдымыздағы тарихи 91-ші маусымда театрымыз көрермендердің барлық жас ерекшеліктерін қамтитын, түрлі бағыттағы жаңа креативті идеяларға негізделген төрт спектакльді премьералар апталығы аясында ұсынады.
Қазақ киносының алтын қорынан орын алған, балаларға арналған таңдаулы туындылардың көшін бастаған, білімге деген құштарлық пен арманға адалдықты ерекше бейнелейтін көркем экранизация – «Алты жасар Алпамысты» театр сахнасына тұңғыш қуыршақ бейнесінде сахналанбақ. Спектакльдің режиссері– Шохан Құлназаров.
Одан бөлек, Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызын дәріптейтін, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, жауапкершілікке тәрбиелейтін танымдық «Таза» спектаклі Алияр Нұраділдің режиссерлігімен көрермендерге жол тартпақ.
Сонымен қатар, шаһардың сыры – тарихтың үні еліміздің мәдени астанасы – тарихы терең Алматы қаласының туған күніне орай, Григорий Лайконың жетекшілігімен «Алматының алмасы» туындысы театр репертуарын толықтырады.
Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарымыздың бірі – киелі домбыра аспабының қасиетін жас көрермендерге заманауи сахналық тіл арқылы дәріптеуді мақсат ететін «Жақсылық пен жамандық» спектаклі де жаңа маусымның маңызды премьераларының қатарында. Режиссері – Антон Зайцев.
Жалпы, жаңа маусымда театр ұжымы көрермен талғамы мен заманауи театр үдерісінің талаптарын ескере отырып, мазмұны терең, көркемдік шешімі жаңаша қойылымдарды ұсынуға басымдық беріп отыр.

– Алдағы уақытта театр қандай халықаралық ірі жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр?
– Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры халықаралық шығармашылық байланысты нығайту және қазақ қуыршақ өнерін әлемдік кеңістікте кеңінен таныту бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – 2026 жылдың 20–25 қазаны аралығында өтетін IV Халықаралық «Almaty Puppet Festival – 2026» қуыршақ театрлары фестивалі.
Фестивальге Франция, Италия, Түркия, Молдова, Грузия, Армения, Әзірбайжан, Иран, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның қуыршақ театрлары қатысады деп жоспарлануда.
Фестиваль дәстүрлі қуыршақ өнерін жаңғыртуға, халықаралық шығармашылық байланысты кеңейтуге және кәсіби тәжірибе алмасуға бағытталған. Оның аясында шетелдік және отандық жетекші қуыршақ театры мамандарымен шығармашылық кездесулер, шеберлік сағаттары мен танымдық дәрістер ұйымдастырылады.

– Жаңа театр маусымында ұжым қандай халықаралық және республикалық фестивальдерге қатысуды жоспарлап отыр?
– Театрымыздың шығармашылық жұмыстарын халықаралық және республикалық кәсіби алаңдарда таныстыру – негізгі бағыттарымыздың бірі.
25–30 қыркүйек аралығында Павлодар қаласында өтетін «Ертіс-Баян» II республикалық театрлар фестивалінде Грузиядан арнайы шақырылған режиссер Николоз Сабашвилидің жетекшілігімен сахналанған «Шекпен» спектаклі ұсынылады.
Сонымен қатар 14–16 қазан күндері Қытайдың Бейжің қаласында өтетін IX Халықаралық «Бейжің» қуыршақ театрлары фестиваліне қатысу жоспарланып отыр. Аталған фестивальде әлемдік классиканың үздік үлгілерінің бірі – Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» спектаклі ұсынылады.
Бұл – театрдың халықаралық шығармашылық байланыстарын нығайтып, қазақ қуыршақ өнерін шетелдік көрерменге таныстыруға мүмкіндік беретін маңызды мәдени алаң.
Бұдан бөлек, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен өтетін халықаралық фестивальге де қатысу жоспарымызда бар. Мұндай фестивальдер түркітілдес елдердің мәдениеті мен өнерін тоғыстырып, шығармашылық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

– Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры халықаралық аренада жүлделі орындарға ие болып жүргені белгілі. Соңғы жетістіктеріңіз туралы айтып өтсеңіз.
– Театрымыздың халықаралық деңгейдегі жетістіктері – ұжымның шығармашылық ізденісі мен кәсіби еңбегінің нәтижесі.
Жуырда Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында өткен VI Халықаралық «Шомбай-fest – 2026» қуыршақ театрлары фестивалінде «Ортеке» спектаклімен қатысып Гран-при жүлдесіне ие болды. Фестивальге Қазақстанмен қатар Африка елдерінен, Серб Республикасынан және Ресейдің түрлі өңірлерінен келген 14 театр ұжымы қатысты. Байқауда 150-ден астам қуыршақ өнерінің шебері бақ сынады. Қазылар алқасының төрағасы Давид Бурманның айтуынша, Алматы ұжымына Бас жүлде беру туралы шешім бірауыздан қабылданған. Бұл – спектакльдің көркемдік деңгейіне және ұлттық мәдени мұраны сахна тілі арқылы танытудағы шығармашылық шешімдеріне берілген жоғары баға деп білеміз.
Сонымен қатар, аталған фестивальдің қорытындысы бойынша театр ұжымы 2027 жылы Санкт-Петербургте өтетін «КУКART» халықаралық фестиваліне қатысуға шақырту алды. Тағы бір қуана айтатын жетістігіміз - қуыршақ театры Румынияның Крайова қаласында өткен әлемдік деңгейдегі «The Craiova International Shakespeare Festival» фестивалі аясында ересектер аудиториясына арналған «Ромео мен Джульетта» спектаклін ұсынып, еуропалық көрерменнің жоғары бағасына ие болған еді.
– «Ортеке» спектаклі халықаралық сахнада жоғары бағаланғанын атап өттіңіз. Сіздің ойыңызша спектакльдің басты ерекшелігі неде?
– «Ортеке» спектаклі театрдың 90 жылдығына орай режиссер Григорий Лайконың режиссерлігімен сахналанды. Қойылымда қазақ халқының салт-дәстүрі, ауыз әдебиеті, ұлттық музыкасы мен көне музыкалық-қуыршақ өнерінің бірегей үлгісі – ортеке дәстүрі тоғысады. Спектакльдің басты ерекшелігі – ұлттық мәдени мұраны көрсету ғана емес, оны заманауи театр құралдары арқылы жаңа қырынан таныту. Режиссер Григорий Лайко ұлттық өнердің табиғатын сақтай отырып, ортеке дәстүрін сахналық пластика, музыка және қуыршақ театрының мүмкіндіктерімен сабақтастыра білді. Сондықтан спектакльдің халықаралық фестивальде жоғары бағалануы біз үшін айрықша маңызды. Бұл – ұлттық мәдениетіміздің әлемдік театр кеңістігінде өз көрерменін таба алатынын көрсететін маңызды жетістік. Бұл жетістік театрдың халықаралық шығармашылық кеңістіктегі орнын нығайтып, қазақ қуыршақ өнерінің көркемдік мүмкіндіктерін кеңінен танытуға жаңа жол ашып отыр.

– 91-ші маусым қарсаңында көрермендерге айтарыңыз бар ма?
– 91-ші маусымда Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының көрермендерге дайындаған шығармашылық жаңалықтары аз емес. Біздің басты мақсатымыз – көрерменге сапалы өнер ұсыну, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қуыршақ театрының көркемдік мүмкіндіктерін жаңа деңгейге көтеру. Театр – көрерменмен бірге өмір сүретін өнер кеңістігі. Сондықтан жаңа маусымда да көрерменнің қолдауы мен сенімі біз үшін аса маңызды.
Қадірлі көрермен, 91-ші маусымда Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының төрінде сіздерді асыға күтеміз!
Ұлпан ШЕРІХАН