Қазақ елі жаңа әрі әділ қоғамға қарай қадам басты. Ата Заңымызда Қазақстанның зайырлы мемлекет екені көрсетілген. Әркімнің өз сенімі бар және діни сенімге қатысты шектеу жоқ. Дейтұрғанмен, қоғамның тыныштығын сақтау – бәрінен маңызды. Сондықтан азаматтардың бейбіт, бай, жайлы әрі ыңғайлы ортада өмір сүргеніне аса мән беріледі. Бүгінгідей құбылмалы геосаяси жағдайда елдікті сақтап, егемендік тұғырын биік етудің тетіктерін қарастыру өзгеше маңызға ие. Зайырлы қоғамдағы діни құндылықтарымыз жайлы дінтанушы мамандар, теологтар не дейді? Салада қордаланған мәселелерді айқындау мен шешуде дінтанушылардың рөлі қандай болмақ? Осы және басқа да сауалдар аясында Дінтану орталығының директоры, дінтанушы ғалым Алмасбек ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫМЕН сұхбат құрған едік.
Дәстүрді жоққа шығаруға жол беруге болмайды
– Әңгімені «Әділетті Қазақстан контекстіндегі Діни құндылықтар» төңірегінде ұйымдастырылған алқалы басқосудан бастасақ...
– Бұл өзі болашаққа игілігі мол құптарлық іс болды. Қоғамдағы ұлттық құндылықтарды әртүрлі сала білгірлерімен бас қосып, талқылап, алдағы шаруаны реттеудің қамын жасай білген жөн ғой. Жаңа дилемма қажет. Ұлтқа тән домбыраны харам деп, дәстүрді жоққа шығаруға жол беруге болмайды. Келелі жиындарда осындай қордаланған мәселелердің шешу жолдарын айқындап, тиісті мемлекеттік уәкілетті органдарға ұсыныс жеткіземіз. Бұл арада дінтанушы, теология саласының мамандары өз хал-қадірінше еңбектеніп жатқанын айта кеткен жөн.
Тарихқа қарайтын болсақ, діннің қоғамдағы маңызы жоғары болғанын көреміз. Адам неге сенсе де бұл ең күшті құрал, сенімнің алар орны зор. Біздің пікірімізше, дінсіз қоғамды елестету қиындау, ондай жағдайда орынсыздыққа алып келетін әртүрлі фактор, оқиғалар орын алып кетуі мүмкін. Діни сенім бостандығы бар, әрі бұл да маңызды мәселе. Оған ешкімнің дауы болмас. Зерттеулерге зер салсақ, 15% атеизм бар. Оларды «агностик» деп құқығын шектемейміз. Ондайлар өз сенімінде. Бұл ертеден келе жатқан «сенің дінің саған, менің дінім маған» дейтін ұғым-түсініктен туады. Мінеки, осылардың барлығының бір қоғамда ғұмыр кешуі – зайырлы мемлекет дегенді аңғартады. базбіреулер осыны дұрыс түсінбей, бұра тартады.
Кейбіреулер діни мемлекет болуды көксейді. Бізде түрлі ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында тұрып жатыр. Сондықтан бәрін бір бағытқа бұру әбестік болар. Біз ондай жолды қаламаймыз.
Ұлттық руханиятымызды ұлықтау – парыз
– Қоғамдық санада «рухани құндылықтарымызды мұсылманшылықпен үйлестіру» жөнінде сан түрлі пікір қалыптасқан...
– Кейбір дін өкілдері арабтың тарихын қаузауға әуес. Өз руханиятымыз шеттеп қалатын кездер болады. Бұл – қоғам тарапынан айтылып жүрген сын-пікір. Алайда, «көш жүре түзеледі» деп, күтіп келеміз. Ата діңгекті ұстайық. Өз ойшылдарымыз әл-Фараби, Ахмет Иүгінеки, Мәшһүр Жүсіп, хакім Абай, Шәкәрім сияқты ұлы тұлғаларымызды насихаттасақ болады ғой. Осы ғұламалардың қоғамға жеткізгісі келген ойлары, көтерген мәселелері әліге дейін өзектілігін жоймады. Біз өз даналарымыз һәм білгірлеріміз салып кеткен жолды ұстай алмай келеміз, олардың айтқан тұжырымдарын ұға алмай келеміз.
Қазір уағыз айтып жүргендерге өз шежіремізді, ұлттық руханиятымызды айту жайлы кеңес беріп, оларды ұлықтау парыз екенін айтып-ақ жүрміз. Қазақтың жырауы, ақыны, батыры тұнып тұрған құнды жәдігер іспетті ғой. Бұрынғы мықтылардың қай-қайсысы болса да дінге соқпай кетпеген.
Жастарды ғылым мен білімнің озық жетістіктеріне баулу керек
– Жұртты жаппай дінге тартып, уағыз айту қаншалықты дұрыс?
– Сұрағыңыз орынды. Иә, дін өкілі уағыз айтатыны рас. Кейбірі ресми тіркелген болуы мүмкін, бірен-сараң өз хал-қадерінше, білгенімен бөліседі. Ақыретті айтып, қорқытып-үркіте беруден ешкім ештеңе ұтпайды. Ғибадаттан бөлек қаншама ғылым, білім туралы айтылған тұстар бар. Алайда, біздегілер қасиетті кітаптың бір бағытын ұстап алған, қалғаны қалыс қалуда. Біз қасиетті жазбаны арғы дүниелік құрал ретінде қараймыз. Орта ғасырда ғылыми технократия бізден шықты. Ал қазір ол дәрежеге жете алмай қалдық.
Қазіргі таңда ІТ, нанотехнология, биотехнология пайда болды. Міне, осындай ХХІ ғасырдың ғылыми технологиялық процесіне мән берейік. Өз қажеттілігімізге жаратайық. Жастарды ғылым мен білімнің озық жетістіктеріне баулу керек.
Ғылымда «теология» деген термин бар. Ол ислам, христиан діндерін ішкі жағынан зерттейді. Ал дінтанушылар дінді насихаттамайды. Қайта объективті тұрғыдан зерделейді. Халыққа мынау шаманизм, анау синтоизм деп ақ пен қарасын ажыратып, жіктеп түсіндіріп береді. Дінтану – ғылыми саланың бір бөлігі.
– Орта ғасырда әр саланың мықты ғалымдары бізден шықты. Ал қазір неге олай емес?
– Өркениеттің қос қанаты бар. Бір қанаты – ғылым, екінші қанаты – дін. Бұлар бір-бірінсіз жөнді самғай алмасы анық. Философ, ақын Абай, білгір Шәкәрім Құдайбердіұлы аталарымыз «ғылымсыз – білім болмайды» деп ұйғарған. Бүгінде осы екеуін теңестіре алмай дал боп жүрміз. Өз тарапымыздан дін мен ғылымды тең ұстау үшін бар ықпалды жасап келеміз. Бәлкім, заман өзгеріп, жаңа көзқарас туып, сең қозғалып қалар.
Батыс өркениеті «Библияда» жазылған ғылым-білім жетістіктерін алға қойды. Сөйтіп, ғылыми технологиялық процесті бастап жіберді. Соның нәтижесінде АҚШ, Еуропа технократияның өзегіне айналды. Дүние жүзі бойынша көлік өндірісі, машина жасау, ұшақ ойлап табу, түрлі өнім өндіру бойынша алға ілгерілеп кетті. Осылайша дамыған елдер технологияны қолданады. Ал біздер сол баяғы соқпақ «өлім мен өмірді» құр сөз қылып айта береміз.
Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық таным-түсінікті жоққа шығармаған лазым
– Дін мен дәстүр – егіз деген де пәлсапа бар, бұл екеуінің бір-бірінен айырмашылығы неде?
– Бұл сауалды біраз толықтыра түсейік. Дін мен дәстүрді бірінен екіншісін бөле жара алмаймыз. Екеуі бір-бірін толықтырып тұрады десек, артық айтпағандық болар. Әрине, тым араластырып жіберуге болмас, десе де дәстүр мен діннің арақатынасы, бір-біріне демеу болғанын құптаймыз.
Ата-бабаларымыз «Жаңбырменен жер, батаменен ел көгереді» деп шегелеп айтқан. Үлкеннен бата алу, сәлем салу, тұсау кесу, бәрі-бәрі қазақтың ата жолы. Сан ғасырлар бойы қалыптасқан алтын діңгек, дәстүр-салтты, әдет-ғұрыпты, ұлттық таным-түсінікті жоққа шығармаған лазым.
Кейбірі шетелге барып оқып, 2-3 ай курсқа қатысып, сол жақтың дағдысын бізге таңғысы келеді. Сөйтіп жүріп елді бүлдіреді. Біздің тарихта ненің дұрыс, ненің бұрыстығы әлдеқашан нақтыланған, хатқа жазылып, тасқа таңбаланған.
Қазіргі ғаламтордың қуаты күшті. Әлеуметтік желі ақпарат тарататын айдынға айналды. Интернет көздерінде жаңсақ пікір қалыптаспауы үшін білгір, сол саланың майталмандары кеңесіп, ортақ шешімге келсе, құба-құп.
Қазақи болмысқа сай өмір сүргеніміз абзал
– Қазір балаға есім беру мүлде өзгеріп кеткендей. Қазақтың ұғым-түсінігіне сай есімдер архаизмге айналып бара жатқандай...
– Қазақтың өз болмысына сай келетін есім болғанын қалар едік. Мәселен, «Хасан-Хусейн» дегенді ата-бабаларымыз «Асан мен Үсен» деп атады. Араб-парсы жалпы шетелден келген атаулардың қазақша баламасы бар. Өз ұлттық болмысымызы сақтауымыз керек. Бір кездері телесериалдардағы атақты адамдардың есімі трендке айналды. Елдің бәрі ұл-қыздарының есімдерін соларға ұқсатып қоятын болды. Тегінде түріктің атауы түрікке тән, үндінің атауы үндіге саяды. Ал қазақтың атаулары қазақтың рухани діңгегіне, қазақшаға сай келгені дұрыс. Өңін айналдырып, өзгертіп, сырт жаққа еліктеуді доғарайық. Бұндай бұрмалаушылық ұлттық руханиятты дағдарысқа ұшыратады.
Кейбір кездері осындай кемшіл тартып тұрған тұстарды айтып, көрсетіп, дәлелдеп жатамыз. Көбісі мұны түсінбейді. Қайткен күнде де қазақи болмысқа сай өмір сүргеніміз абзал.
– Елімізде түрлі дін өкілдері, түрлі діни ғибадатханалар бар. Олардың баршаға ортақ заң мен қоғам алдындағы жауапкершілігі қандай?
– Бізде дін бостандығы бар екендігін айтып өттік. Әрбір діни ұйымдар өз бағдарымен жайлы ортада өмір сүріп жатыр, заң аясында өздерінің ғибадатханаларында уағыз-насихатын айтады. Ғибадатханалардан тыс қоғамдық орындарда уағыз-насихат жүргізбейді. Бұған заң бойынша тыйым салынған.
– Әңгімеңізге рахмет!