Әлеуметтік желідегі ұтыс ойындары мен лотереялар: заң мен шариғат не дейді?

Әлеуметтік желідегі ұтыс ойындары мен лотереялар: заң мен шариғат не дейді? Сурет: Gov.kz

Қазақстанда Instagram, TikTok және басқа да әлеуметтік желілерде заңсыз лотерея ойындарын өткізу белең алды. Бұл жағдай қоғамда алаңдаушылық тудырып, алаяқтық құрбаны болған азаматтар тарапынан шағымдардың артуына себеп болып отыр.

Туризм және спорт министрлігіне жолданған өтініштер саны күрт артқан. Бұл алаңдатушылық Үкімет деңгейінде көтеріліп, бір ай бұрын Ұлттық экономика вице-премьер – министрі Серік Жұманғарин депутаттардың сауалына жауап бере отырып, арнайы түсіндіру жұмыстары басталғанын мәлімдеген болатын.

 

Заң не дейді?

Қазақстан Республикасының «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңы бойынша, лотереяны тіркелген оператор немесе оның агенті ғана өткізе алады. Ал заңсыз ұйымдастырылған лотереялар үшін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 445-1-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Жаза ретінде 100-ден 2000 АЕК-ке дейінгі айыппұл және түскен табысты тәркілеу көзделген.

Жуырда танымал әнші Абай Бегейдің қызы Гүлеркем Ниязқұлова Instagram, TikTok және Telegram желілерінде 850 мыңнан астам оқырманға арнап заңсыз онлайн лотерея ұйымдастырғаны анықталды. Ол бұл қызметке ресми тіркелмегенімен, пәтер, автокөлік және өзге де бағалы сыйлықтарды ұтысқа қойған. Қатысушылар 500 теңгеден 50 000 теңгеге дейінгі билеттерді сатып алған. Тергеу мәліметтері бойынша, 1 800-ден астам адам бұл лотереяға қатысқан. Түскен заңсыз табыс көлемі 162 миллион теңгеден асып кеткен. Қазіргі уақытта күдіктінің мүлкі мен шоттарына тыйым салынған.

сурет: әлеуметтік желіден

Жыл басынан бері әлеуметтік желілердегі интернет-алаяқтық фактілері де артқан. Вице-премьер Жұманғариннің айтуынша, 2025 жылы осындай 1 870 жағдай тіркелсе, оның 389-ы тікелей әлеуметтік желілерде болған. Сондай-ақ, 6 399 интернет-казино фактісі де желілерден анықталған.

Шариғат үкімі қандай?

Бұл мәселе шариғат тұрғысынан да алаңдатады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Пәтуа және шариғат бөлімінің маманы Медет Құрмашұлының айтуынша, лотерея – құмар ойындарының қатарына жатады және исламда қатаң түрде тыйым салынған.

Құранда Алла Тағала былай дейді:

«Уа, иман келтіргендер! Арақ-шарап, құмар һәм өзге де ұтыс ойындары – шайтанға тән лас істер. Ендеше, бұлардан аулақ болыңдар». (Мәида сүресі, 90-аят)

Исламда кездейсоқ сәттілікке үміт артып, ақша тігу арқылы ұтысқа ие болу – харам саналады. Бұл қатарға барлық лотерея түрлері, букмекерлік кеңселер, ойын автоматтары және басқа да ұтыс ойындары кіреді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде:

«Алла бір нәрсені жеуді харам етсе, оның ақшасын алуды да харам етті» – деген (Әбу Дәуд риуаяты).

Құмар ойынына карта, нарда, ойын автоматтары, рулетка, лоторея, букмекерлік кеңсе т.б. жатады. Кең таралғаны – лотерея. Оның бірнеше түрі бар. ҚМДБ өкілі Медет Құрмашұлы оларды негізгі екі топқа бөліп, ара-жігін ашып көрсетіп берді. 

1. Сандық лотерея: белгілі бір мөлшерде сандар басылған билет ретінде сатылады. Кездейсоқ таңдалатын сандар арқылы жеңімпаз анықталады. Бұл құмар ойынында қатысушылардың кейбірі ғана ұтысқа ие болып, жүздеген, мыңдаған адам шығынға ұшырайды. Ұйымдастырушы тарап пайдаға кенеледі.

Сол секілді, үйді, көлікті, кітапты т.б. заттарды лотерея арқылы ойнатып сату, лотереяның осы түріне жатады.

2. Спорттық лотерея (ойын автоматтары, букмекерлік кеңсе): әртүрлі спорттық жарыстардың нәтижелерін жорамалдап, бәс тігеді. Егер ұтса ставканың мөлшері мен коэффициентіне байланысты ұтысын алады. Ал сәтсіздікке ұшыраса, тіккен ақшасынан айырылады.

Лотереяның кез келген түрі құмарға жататындықтан, үкімі үзілді-кесілді харам саналады. Оған қандай ниетпен болса да, тіпті билетін тегін алса да қатысуға болмайды.

Рұқсатсыз лотерея, ұтыс үшін не күтіп тұр? 

1. «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заң (2016 ж. 9 сәуір, № 495-V)

 5-бап. Лотерея операторы мен агентінің құқығы

 Бұл бап бойынша Қазақстан аумағында лотереяны тек Ұлттық лотерея операторы немесе оның агенті ғана ұйымдастыра алады. Қалған барлық тұлғаларға бұл әрекетті жүзеге асыруға тыйым салынған.

 Егер блогер немесе кәсіпкер ресми тіркеуден өтпей, ұтыс ұйымдастырса – бұл заңбұзушылық болып саналады. 

 

2. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс (ҚР ӘҚБтК)

445-1-бап. Лотереяны заңсыз ұйымдастыру

«Лотерея операторы немесе оның агенті болып табылмайтын тұлғалардың лотерея ұйымдастыруы** – жеке тұлғаларға 100 АЕК-ке дейін, ал заңды тұлғаларға 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салуға алып келеді. Сонымен қатар түсетін табыс толық тәркіленеді.»

• 100 АЕК (2025 ж. = шамамен 387 000 тг)

• 2000 АЕК = шамамен 7 740 000 тг

Бұл бап тек айыппұлмен шектелмейді, заңсыз табыс пен мүлікті тәркілеуді де қарастырады.

 

3. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы. Алаяқтық

Егер лотерея алаяқтық жолмен ұйымдастырылып, қатысушыларды әдейі адастырып, жалған ұтыс уәде етілсе:

«Басқа біреудің мүлкін алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы иемдену – алаяқтық болып саналады және 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін.»

• Бұл бап табыс табу мақсатында алдап, жалған ұтыс жүйесі құрғандарға қатысты қолданылады.

• Егер зардап шеккендер саны көп болса немесе аса ірі көлемде ақша айналымы болса – жаза қатаңдатылады.

 

4. ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы. Заңсыз кәсіпкерлік

Егер азамат кәсіпкерлікпен арнайы тіркеусіз және рұқсатсыз айналысса, бұл бап қолданылуы мүмкін.

• Әлеуметтік желілерде лотерея жүйелі түрде жүргізілсе, кіріс әкелсе – бұл рұқсатсыз бизнес ретінде танылады.

• Жаза ретінде айыппұл, мүлкін тәркілеу, тіпті бостандығынан айыру да қарастырылған.

Ал жоғарыда айтылған Гүлеркем Ниязқұлованың ісінде бірден бірнеше бап қолданылуы ықтимал:

• ҚР ӘҚБтК 445-1 (заңсыз лотерея ұйымдастыру)

• ҚР ҚК 190-бап (алаяқтық)

• ҚР ҚК 214-бап (заңсыз кәсіпкерлік)

• Және, егер салық төленбесе — ҚР ҚК 245-бап (салықтан жалтару) да қаралуы мүмкін.

Заңсыз ойындарды шектеу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?

Мәдениет және ақпарат министрлігі Meta (Instagram, Facebook), TikTok және басқа да платформалармен бірлесе отырып, алаяқтық схемалар мен заңсыз жарнамаларға қарсы күрес жүргізуде. Әлеуметтік желілердегі заңсыз мазмұнды анықтау және бұғаттау жұмыстары күшейтілген. Ойын бизнесі мен лотереяларды реттеу комитеті заң бұзушыларға 7,8 миллион теңгеге дейін айыппұл салып, кірістерін тәркілеу құқығына ие.

Лотерея – кездейсоқ байлыққа үміт артқанымен, соңы заңбұзушылық пен үлкен тәуекелге әкеп соғуы мүмкін. Заң да, шариғат та бұндай әрекеттерге қатаң тыйым салады. Сондықтан әлеуметтік желідегі кез келген ұтыс ойынына күмәнмен қарап, сенімді ақпарат көздеріне жүгінген абзал.

 

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:51

15:20

15:07

14:55

14:31

14:18

13:44

13:25

13:17

13:10

13:03

12:59

12:02

11:48

11:46

11:25

11:22

11:14

11:05

10:47

10:47

10:44

10:31

10:18

10:10