Әлемдегі әдемі банкноттар

Әлемдегі әдемі банкноттар интернет

Ақша – тек төлем құралы емес. Ол – әр халықтың мәдениеті мен болмысын бейнелейтін нағыз өнер туындысы. Швейцария франктерінің заманауи дизайнынан бастап, тропикалық Мальдив руфийлеріне дейін – әр елдің банкноты өзінше ерекше.

Банкноттың көркемдік құндылығы

Ақшаның әдемілігі – кез келген сұлулық сияқты салыстырмалы ұғым. Біреу үшін ол өнер туындысы болса, екіншісі үшін – жай ғана түрлі-түсті қағаз.

Банкноттың тартымдылығын қабылдау көбіне адамның мәдени ортасы мен өмірлік тәжірибесіне байланысты. Біреуге минималистік америкалық доллар ұнауы мүмкін, ал кейбірі керісінше, Полинезияның ашық реңді, тропикалық бейнелі франкіне сүйсінеді.

Бірақ бір нәрсе анық: кез келген ақшада өзіндік көркемдік мән бар. Банкноттар – ұлттық жетістіктер мен тарихи мұраларды шағын форматта бейнелейтін ерекше галерея. Олардың дизайнында халықтың дәстүрі мен қазіргі графикалық үрдістер үйлесім табады.

Сондықтан ақшаның сыртқы көрінісі – жай эстетика емес, елдің мәдени коды мен тарихи санасын көркем түрде жеткізетін бейне. 

Швейцария франкі

Швейцария – әлемдегі ең қорғалған әрі көркем банкноталар шығаратын елдердің бірі. 2016–2019 жылдары жарық көрген 9-серия – нағыз дизайнерлік жаңалық.

Бұл сериядағы әр купюра өмірдің белгілі бір құбылысына арналған:
    •    10 франк – дирижердің қолы,
    •    50 франк – жел мен Альпінің пейзажы,
    •    100 франк – су,
    •    200 франк – жарық пен Ай.

2016 жылы 50 франк «Жылдың ең үздік банкноты» деп танылды. Онда бақбақ ұстап тұрған қол бейнеленген, оның дәндері Жер шарының үстінее шашылған – бұл жаһандық бірліктің нышаны. Сыртқы жағында парашютші бейнеленген.

Канада доллары

Канада – полимер банкноттарды алғаш енгізген елдердің бірі және оны ерекше талғаммен жасаған.
    •    5 долларда – Канаданың 7-премьер-министрі Уилфрид Лорье және Канаданың мәдени бірегейлігін білдіретін қысқы спорт түрлері,
    •    10 долларда – елдің тұңғыш премьер-министрі Джон Макдональд пен БҰҰ-дағы канадалық бітімгерлер,
    •    20 долларда – патшайым Елизавета II және Канаданың мәдени мұрасы саналатын ұлттық ескерткіштер,
    •    50 долларда – Канаданың 10-премьер-министрі Уильям Лайон Макензи мен «Атақты 5 әйел» қозғалысының өкілдері.

Канадалық банкноталардың ерекшелігі — мөлдір голограмма, көзі нашар көретіндерге арналған бедерлі белгілер және түрлі бұрыштан қарағанда түсін өзгертетін бояулар.

Жаңа Зеландия доллары

Бұл банкнот ақша елдің табиғи байлығының көрінісі бола алатынына жарқын мысал.
    •    5 долларда – Эдмунд Хиллари және сирек кездесетін сарыкөз пингвин,
    •    10 долларда – көк үйрек (уайо),
    •    20 долларда – жаңазеландиялық сұңқар (кареа),
    •    50 долларда – өрмелегіш көк қарға (кокако).

Бұл елдің банкноттары берік полимерден жасалып, ұлттық нышан – папоротник пішініндегі мөлдір голограммамен толықтырылған.

Мальдив руфийі

Мальдив банкноттары – тропикалық өмірдің көрінісі. Әр купюраның өз түсі мен тақырыбы бар:
    •    5 руфий – аралдағы танымал спорт түрлері,
    •    10 – балықшылар мен дәстүрлі дхони қайығы,
    •    20 – теңіз тақырыбы, балықшы кәсібі,
    •    50 – ислам мен білім,
    •    100 – ұлттық музыкалық аспаптар,
    •    500 – арал тұрғындарының қолөнері,
    •    1000 – теңіз тасбақалары мен маржан рифтері.

Қанық көк, қызғылт және күлгін түстер бұл купюраларды нағыз өнер туындысына айналдырған.

Норвег кроны

2017–2019 жылдары шыққан 8-серия «теңіз» тақырыбына арналған.
    •    50 крон – Сулунн қаласындағы Утвер маягы,
    •    100 – IX ғасырдағы викинг кемесі,
    •    200 – треска балығы,
    •    500 –  RS 14 Stavanger құтқару кемесі,
    •    1000 – толқын мен көкжиек бейнесі.

Пиксельді дизайн мен абстрактілі реңктер үйлесім тапқан бұл серия скандинавиялық минимализмнің үздік үлгісі ретінде халықаралық марапаттарға ие болған.

Қазақстан теңгесі

Дизайны жағынан әлемде лайықты бағасын ала қоймағанымен, 2006–2015 жылдардағы «Самұрық-Қазына» сериясы ұлттық нақыш пен заманауи технологияны тамаша ұштастырған.
    •    1000 теңге – «Қазақ елі» монументі,
    •    2000 – «Қазақстан» концерт залы,
    •    5000 – Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйі,
    •    10 000 –  «АҚОРДА - Президент сарайы»,
    •    20 000 – «Астана-Бәйтерек» монументі.

Сыртқы бетінде елдің картасы мен табиғи пейзаждар бейнеленген.
2019–2022 жылдары шыққан жаңа серияда тарихи тұлғалардың портреттері қосылып, визуалды бейне байытылған. Түс айқын, Брайль шрифті бар, бұл көзі нашар көретіндерге ыңғайлы.

Фиджи доллары

Фиджидің ақшалары – экзотикалық флора мен фаунаның көрінісі.
    •    5 доллар – жасыл тотықұс кулавай,
    •    10 доллар – маржан рифтері мен тропикалық балықтар,
    •    20 доллар – мұхит үстінде қалықтаған фрегат құсы,
    •    50 доллар – ұлттық гүлдер топтамасы,
    •    100 доллар – сирек жәндіктер бейнесі.

Фиджи банкноталары голограмма, сутаңба және микробаспа арқылы қорғалған.

Бермуд доллары

Бермуд ақшалары тік форматта жасалған және түрлі түстермен ерекшеленеді.
    •    2 доллар – Сомерсет-Бридж паромы,
    •    5 доллар –  Әулие Петр шіркеуі,
    •    10 – көбелектер мен өсімдіктер,
    •    20 – Хай-Пойнт төбесі және Гиббс-Хилл маягы,
    •    50 – Әулие Иоанн шіркеуі,
    •    100 – парламент ғимараты.

Теңіз тасбақалары, маржан рифтері мен тропикалық гүлдер банкноттарға ерекше көрік береді. Геометриялық өрнек түріндегі әйгілі «Бермуд үшбұрышы» да бейнеленген.

Африка франкі 

Батыс Африкадағы сегіз ел (Бенин, Буркина-Фасо, Гвинея-Бисау, Кот-д’Ивуар, Мали, Нигер, Сенегал, Того) қолданады.
    •    5000 франк – антилопа мен дәстүрлі өрнектер,
    •    10 000 франк – ұлттық бас киім киген әйел бейнесі.

Түстердің қанықтығы мен этникалық нақыш – бұл валютаның басты ерекшелігі.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:53

17:32

17:06

16:43

16:27

15:58

15:49

15:41

15:35

15:29

15:12

14:55

14:45

14:33

14:11

12:32

12:18

12:06

11:57

11:50

11:45

11:44

11:35

11:17

11:04