ffin.kz

Әлем назары Орта Азияға ауа ма?

Әлем назары Орта Азияға ауа ма? almaty-akshamy.kz

Оңтүстік Кавказ аймағы ұдайы ірі күштердің назарында болып келді. Қазір де бұл аймақ өзінің геостратегиялық маңызын әйгілеуде. Патшалық Ресейден кейін Кеңес Одағының бұл аймақта өз бақылауын орнатуы өзге ірі күш орталықтарының Оңтүстік Кавказға ұмтылысын бір ғасыр көлемінде тоқтатып тұрды. Бірақ қазір жағдай өзгеру үстінде. Таулы Қарабақ соғысы ұзақ уақыт жабылып қалған қазанның қақпағын қайта ашқандай болды. Бүгінгі жағдайдан қарағанда Әзербайжан өзінің ұлттық мүддесін алға жылжытып, тарихи еншісін қайтарып алғанға ұқсайды. Дегенмен, тұтас аймақтың болашағынан қарағанда тартыстардың тамыры әлдеқайда тереңде жатыр.


 


«Тұран әлемінің ортасына түскен өткір сына»


Егер біз батыстық басылымдардың Таулы Қарабаққа қатысты ақпараттарын сараласақ, тарихи әділеттілік мәселесінде басым көпшілігі Арменияға ықтай жалдап жазатынын көреміз. Негізінен Кеңес Одағы құрылғаннан кейін Оңтүстік Кавказдың Сталин шешімімен қайта бөліске түскенін алға тартады. 95 пайыз халқы христиандық армяндарды ығыстырып, әзербайжандарды күштеп орналастырған дегенді уәж етеді. Шамалауымызша, бұл арада батыстық авторлар армяндарды әлімсақтан Қап тауының күнгейінде пайда болып, сол жерде ғасырлар бойы отырған халық деп санайтын болса керек.


Тарихқа тым терең тартпасақ та, бұдан тура бір ғасыр бұрын армяндар христиандық Батыс әлемінің үмітін жаққан еді. Олар  мұны қиырдағы күншығыстан Кіші Азияға дейін тұтасып жатқан Тұран әлемінің ортасына түскен өткір сына қатарында қабыл алды. Айталық, 1919 жылы әйгілі америкалық дипломат Джеймс У. Жерард Вашингтонның назарын Оңтүстік Кавказға аударуға күш салған. Ол АҚШ-тың Германиядағы елшісі болып тұрған тұтса америкалық ірі басылымдарға мақалалар жариялап, «Армян мемлекеті – пантүркілік амбицияның кеңеюін тоқтататын жалғыз тосқауыл» деп жар салған. Ол Орта Шығыстағы геостратегиялық мүдделерін алға жылжытуда Оңтүстік Кавказ аймағының маңызын ескерте отырып, «тек Армения ғана түріктерді қамауға ала алады» деген ойды ортаға салған. Әрине, оның бастамасы бірден АҚШ-тың аймақтағы ұстанымына айналған жоқ. Бірер жылдан кейін АҚШ Мемлекеттік департаментінің арнайы есебінде бұл көзқарастар түрлі жағынан толығып қабылданды. Онда: «Армения Кавказ арқылы ғана емес, сонымен қатар Қытайдан Кіші Азия жағалауына дейін созылатын ислам мемлекеттерінің берік тізбегін құру жолындағы жалғыз кедергі саналады» делінген.


Міне, бұл жағдайлар сол кездегі америкалық саясаткерлерді Арменияға тек гуманитарлық мақсаттармен ғана емес, ұлттық мүдде тұрғысынан назар аударуға итермелеген. Әрине, ол кезде бізді қамтыған еуразиялық алып аймақта пантүркілік, панисламдық үрдістер іргелес ірі күштерді алаңдатарлық деңгейде болғаны рас. Бірақ бүгінгі жағдай өткен ғасырдың бас шенімен салыстырғанда мүлде басқаша.


 


Ғасырлық құрсаудан саңылау табу


Бір анығы, түркі мемлекеттері Ресей мен Иран Кавказ айдынында негізгі ойыншыға айналудан бұрын тұтасып жатты. Және қазіргі жағдайдан қарағанда әлсіз болса да интеграциялық қадамдар жасалуда. Уақыт өте келе бұл да ірі күштердің назарына ілінері сөзсіз. Кавказдың оңтүстігінде әзербайжандардың басымдыққа ие болып, аймақтағы геосаяси жағдайға әсер ететінін саясаттанушылар мен конфликтологтар ертерек болжады. Мысалы, Збигнев Бжезинский өзінің әйгілі «Ұлы шахмат тақтасы» (1997 ж.) атты еңбегінде Оңтүстік Кавказдың қазіргі жағдайын нақты болжай алған. Тіпті ол Әзербайжанның ірі күштер арасында кімдер тарапында болуы Орта Азия елдерінің ұлттық мүддесіне түбегейлі әсер ететінін көрсеткені бар. Бжезинский әсіресе Әзербайжанның Орта Азия мен Еуропа нарығын мол энергия ресурсымен толтырудағы маңызын айрықша атаған.



«[Әзербайжан] бұл Каспий теңізі бассейнінің және Орта Азияның байлық толы ыдысының тығыны іспетті. Егер Әзербайжан толығымен Мәскеудің бақылауында болса, онда Орта Азия елдерінің тәуелсіздігін іс жүзінде еш мәні жоқ ұғым ретінде қарастыруға болады», – деген З.Бжезинский. Нақты жағдай аталған саясаттанушының көзқарасымен бүтіндей сәйкес келе бермеуі де мүмкін. Бірақ Оңтүстік Кавказдағы өзгерістердің біздің геосаяси аймақ үшін жасайтын ықпалы зор. Бұл жайында бұған дейін де айтқан едік.



Қап тауының күнгей бетіндегі жаңа өзгеріс белгілі деңгейде Орта Азияның геостратегиялық қамауын жеңілдетті. Ресей, Қытай, Иран сынды Азияның ірі күштері арасындағы аймақ үшін ғасырлық құрсаудан саңылау табу осы аймақтың болашақ баянды дамуы мен сақталуының маңызды шарты. Әрине, аймақ елдері өзінің бейбітсүйгіш, тұрақтылықты қолдаушы, БҰҰ-ның ортақ ережелерін қорғаушы ұстанымынан айнымауы да өз алдына өте маңызды.



Аймақ болашағы мен мүддесі маңызды


Дональд Трамп тұсында Вашингтон мен Анкара қарым-қатынасы салқындап кетті. Ұзақ уақыттан бері екі ел дипломатиясындағы кейбір қалыптасқан дәстүрлер бұзылғандай болды. Батыстық кейбір авторлар Түркияның соңғы 20 жылдағы сыртқы саясатын Тұранның біртұтас белдеуін қалыптастыруды жеделдетті деп қарайды. Бұл көзқарас шынайы жағдайға сәйкес келмеуі де мүмкін. Орта Азия елдері Тұран әлемімен сыртқы амбициясыз, тек өзінің ұлттық мүддесін қамтамасыз ету тұрғысында, мәдени-гуманитарлық, экономикалық қадамдарды ғана дамытып келеді. Алайда, кейбір Батыс саясаткерлері жағынан Тұран әлемінің қайта оянуы қазіргі Ресей факторына байланысты көлеңкеде қалып келе жатқанын еміс-еміс сөз ете бастады. Шындап келгенде, Батыстағы ірі күш орталықтарын бұл интеграцияның болашағы алаңдатуы да мүмкін.



Қазіргі күрделі халықаралық жағдай кейбір тарихи мүмкіндіктерді бере отырып, алдағы ұзақ болашақтың қалыбын құрып жатыр. Қап тауындағы қайта қалыптанған кейбір ережелер мұның бір дәлелі сынды. Дегенмен, Орта Азия елдері өзінің тұтас әлемдік бейбітшілік пен тұрақтылыққа жаршы, адамзаттың ортақ құндылықтарына қолдаушы екенін таныта түсуі керек. Бұл осы аймақтың алдағы  болашағы мен ондағы елдердің ұлттық мүддесі үшін маңызды болмақ.




Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32