ffin.kz

Абай жақсы көре отырып сынаған, сынай отырып жақсы көрген қазақ қаншалықты өзгерді?

Абай жақсы көре отырып сынаған, сынай отырып жақсы көрген қазақ қаншалықты өзгерді? Сурет: Gov.kz

Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 179 жыл толды. «Қазақтың бас ақынының» өмірден өткеніне де 120 жылдың жүзі болды. Данышпан Абайдың бір ғасырдан астам уақыт бұрын жазып қалдырған Қара сөздерінде қазақ халқын сынайтын, оның кей тірлігін қос көрмейтін жерлері көп.

Сол Абай ХІХ-шы ғасырда сынаған қазақ ХХІ ғасырда қаншалықты өзгерді? Әлде... мысқалдай да өзгерген жоқ па? Мұны көңіл таразысына салып, ой елегінен өткізу сіздің еншіңізде, құрметті оқырман!

Шешендік өнердің озық үлгісіндегі тәлімі мен тәрбиесі қатар өрілген не бір өрнекті өрімдері мен терең ой толғамдарына толы қанатты сөздер арқылы қазақты бірлік пен ынтымаққа, адалдық пен адамдыққа, оқу -білімге шақырған Абайдың Қара сөздерінің әрқайсысы ақыл парасат кеніне жетелер қазына.

Билікке талас, мәнсапқұмарлық, шен-шекпен қуған қазақтың "мал шашпақ" мінезі Абайдың қара сөздерінде өткір мінеліп, сын тезіне алынады.

Адам баласының тіршіліктегі көп қызықтарының бірқатары жалған, мәңгілігі тек артыңда қалған ұрпағың, сол ұрпақ бойына сіңірген оң істерің, ұлағатты өнегең деген ой айтылады Абайдың ғақлияларында.

Сол қазынаны қайталап оқыған сайын қазақтың санасына сәуле шашқан дана Абайдың шығармаларымен алғаш кездескендей боласыз.

ҮШІНШІ СӨЗ

...Осы күнде қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның мәнісі: «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалылығынан жетерсің» деген сөз.

Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па?» деп елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап, тағы болыс болып қаларға мүмкін болар ма екен деп күні өтеді...

БЕСІНШІ СӨЗ

... Қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, бірақ мал үшін қам жейді екен, ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап, мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен, егер малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен...

АЛТЫНШЫ СӨЗ

...Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды — бірлік, ырыс алды — тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады — білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Осы ма бірлік? Жоқ, бірлік — ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуел біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?

ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

...Осы мен өзім — қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уа, әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем — сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ...

ОН ТӨРТІНШІ СӨЗ

...Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені — батыр дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап білмейді. Рақымдылық, мейірбандылық, уа, әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі демек, бұлар — жүрек ісі, асықтық та — жүрек ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды...

...Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір ілігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады.

ОН АЛТЫНШЫ СӨЗ

...Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды қылып, жығылып тұрса болғаны. Саудагер несиесін жия келгенде, «тапқаным осы, біттім деп, алсаң — ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазамын ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» дейді. «Оқымадың демесе болад тағы, тілімнің келмегенін қайтушы ед» дейді.

ЖИЫРМА ҮШІНШІ СӨЗ

...Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш бар.

Оның қуанышы: елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса, қуанады. Айтады: құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе? — деп.

... Енді жұбанышы: жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады.

ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ СӨЗ

...Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды.

Бірімізді –біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен?

Әй, не болсын! Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?

ЖИЫРМА АЛТЫНШЫ СӨЗ

Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, күреске түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар!

Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі — қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек.

ЖИЫРМА ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар.

...«Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар? Ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың қылығы емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек.

ОТЫЗ ҮШІНШІ СӨЗ

...Құдай тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтың кеселдері болады.

Әуел — қолындағы аз-мұзына мақтанып, осы да болады деп, баяғы қазақтың талапсыздығына тартып, жатып алады.

Екінші — бір-екі қара табылса, малға бөге қалған кісімсіп, «маған мал жоқ па?» дегендей қылып, еріншек, салғырт, кербездікке салынады.

Үшінші — «дарқансың ғой, өнерлісің ғой, шырағым», немесе «ағеке, нең кетеді, осы ғанамды істеп бер!» дегенде «маған да біреу жалынарлыққа жеткен екенмін» деп мақтанып кетіп, пайдасыз алдауға, қу тілге алданып, өзінің уақытын өткізеді.

Төртінші — тамыршылдау келеді. Бағанағы алдамшы шайтан тамыр болалық деп, бір болымсызын берген болып, артынан үйтемін-бүйтемін, қарық қыламын десе... «жоғары шыққа» қарық болып, тамақ, киім, борыш есінен шығып кетіп, енді олар қысқан күні біреудің малын бұлдап қарызға алады. Осы несі екен? Қазақтың баласының өзі алдағыш бола тұрып және өзі біреуге алдатқыш болатындығы қалай?

ОТЫЗ ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған, бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі мінезін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай, сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік, міне жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.

Ол екі мінезі қайсы десең, — әуелі — ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен.

Екіншісі — намысқор келеді екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға, өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен.

Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы — бейіл емес, алдау, дұшпандығы — кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық.

ҚЫРҚЫНШЫ СӨЗ

...Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?

...Қайраты қайтқан шал мен жастың бәрі бітім қылады, шалдар өзді-өзі көп құрбыдан айрылып азайып отырса да, біріменен бірінің бітім қылмайтұғыны қалай?..

...Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай кетпейтұғыны қалай?

ҚЫРЫҚ БІРІНШІ СӨЗ

Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен, не жерлеп, не сырлап айтқанменен еш нәрсеге көндіру мүмкін де емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген. Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма — сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап тұрады.

 

ҚЫРЫҚ ЕКІНШІ СӨЗ

Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі — жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52

11:40

11:29

11:11

11:05

10:49

10:47

10:36

10:16

10:08

09:54

09:17

09:03

08:49

08:05