ffin.kz

500 жылқыға бағаланған сәукеле

500 жылқыға бағаланған сәукеле Сурет видео скрині

Сәукеле қазақы нақыш, сырлы ою-өрнектерімен-ақ ұлтымыздың келбетін айшықтап, кешегі тарихтың жәдігеріндей көзге тым ыстық көрінеді. Сонымен қатар, бұл теңеу қазақ халқының ұлттық киімге деген биік талғамының да бір көрсеткіші болса керек. Шындығында, ғасырлар туындатқан бұралаң жолдардан бүгінге жетіп, санамызда сақталған қазақтың ұлттық киімдері сансыз сырға да, қадір-қасиетке де толы. Біз қаламыздағы «Анаға құрмет» музейінің ғылыми қызметкері Ақерке Амантайға жолығып, қазақ аналарының асыл тәжі болған кимешектен кейінгі ерекше орын алатын бас киім түрі – сәукеле төңірегінде сөз қозғаған едік.



 – Қаламызда мұражайлар өте көп. Дегенмен, байырғы музейлерден болмысы бөлек, «Анаға құрмет» музейі туралы қала тұрғындарының барлығының біле бермеуі мүмкін...


– Әрине, ашылғанына тура 10 жыл болған «Анаға құрмет» музейі ұлтымыздың шырақшысы іспетті. Барды бағалап, жоқты түгендеп отырған мекеме. Мұнда ардақты абыз аналарымыздың бас киім түрлерінен арнайы бұрыш ашып, жасақтап қойған едік. Дегенмен, әр жәдігердің өзіндік орны бар емес пе? Сәукеленің орны ойсырап, бос тұрған еді. Халықаралық орамалдар күніне ұйымдастырылған шарада «ZARATA» ұлттық киімдер брендінің негізін салушы Ляззат Исаханова музей қорындағы бұл кемшіліктің орнын толтырып, өз қолынан шыққан сәукелені сыйға тартты. Қызыл бархыт матаға бағалы тастар мен моншақтар жапсырылып тігілген бұл сәукеле қазір музейіміздің этнография бөлімінде тұр. Музейге келушілерді қатты қызықтырады. Рухани болмысымызды ашатын ұлттық киімдеріміз сан ғасырлар бойы ұрпақтарға аманат болған салт-дәстүрі міздің жарқын көрінісі іспетті. Талай ақынның жырына арқау болған сәукеле де жыл өткен сайын жаңарып, заманауи стильде жаңдану үстінде. Оның үстіне, халқымыз ертеден бас киімдерге ерекше құрметпен қарап, аяқасты етпей биікке іліп қойған. Тіпті, бас киімдер туралы түрлі ырым-тыйымдар, мақал-мәтелдер де көптеп кездеседі.


– Ақерке, сіз үнемі сәукеле төңірегінде ой-пікіріңізді ашық айтып, өз құрметіңізді білдіріп жүресіз. Мұның сыры неде?


– Иә, дұрыс айтасыз. Өмірде бір-ақ рет киілетін сәукеле кез келген қыз-келіншек үшін ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі естен кетпес ыстық естеліктерге толы кезеңі десе де болады. Алтынмен апталып, күміспен күптелген өне бойындағы әр тастың өзі сән үшін ғана емес, тарихы тереңде, үлкен мағынаға ие. Қарап отырсаңыз, жақмоншақ, жақтама, жақтау, жырға, сәукеленің сырғасы сынды әшекейлер мен басқа да құрамдас бөліктерінің сәукелеге тағылу себептері, айтар ойы, өзіндік ерекшеліктері бар. Бір қуантарлығы, бір кездері тек кинодан көріп, тұрмыстағы қолданыстан қалып, тарихтың тереңіне кеткен сәукеленің сәні бүгінде ерекше бағаланып, қайта оралуына барынша жағдай жасалып жатыр. Қыз ұзатқанда көптен бері еуропалық үлгідегі көйлек пен фата кисе, соңғы кездері халқымыз сәукеле мен бүрмелі көйлекке қайтадан бет бұрып жатыр.



– Сәукеленің қадір-қасиеті туралы не айтасыз?


– Сәукелені бұрындары ұзатылғалы жатқан қыздың ата-анасы шеберлерге тапсырыс беріп, алдын ала тіктірген ғой. Сәукеле тігетін шебер бойжеткеннің мінез-құлқына, сұлу сымбатына, иба-әдебіне қарап арнайы дайындаған екен. Жалпы, салт-дәстүріне адал қазақ халқы үшін сәукеленің тарихи тағылымы тереңде жатыр. Олай дейтінім, ертеректе ұзатылып бара жатқан қыздың басындағы сәукеленің ою-өрнегіне, бағалы тастарына қарап-ақ сол әулеттің қоғамдағы орнын байқаған екен. Сосын, сәукелені біреуге беруге, басқа адамның киюіне, айырбастауға рұқсат етілмеген. Қазір халық арасында сәукелеге қатысты түрлі аңыз әңгімелер айтылып жүр. Мәселен, сәукеленің құнына, шебердің ісмерлігіне байланысты этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбегінде былай делінеді.


«XIX ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүздің Сапақ байы құда болған оқиғаны жазған. Сонда Байсақал құдаларына қыздың сәукелесін жіберіп: «Басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсе болды», – депті. Сонда Кенесарының ағасы Саржан төре: «Бұл сәукеленің бағасы 500 байтал болады екен, сондықтан қызының қалың малы 500 жылқы болсын», – деп кескен екен деседі.


Белгілі мәдениет қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібекұлының өзі ұнатқан келініне сәукеле тіккені жайлы аңызға бергісіз әңгімесін оқығаным бар.



Бұл жайында Өзбекәлі Жәнібекұлының жары Қалихан Айдосқызының естелігінде былай жазылған «Өзекең: «Балам көңілімізден шығатын қызға үйленсе, қалыңдықтың сәукелесін өз қолыммен тігер едім» деген болатын. Уәдеге сай ол шетелге шығатын әр сапарында асыл тастар әкеліп жинастыруды әдетке айналдырды. Кейін Бауыржанымыз үйленгенде уәде бойынша келініміз Гауһарға арнап үкілі сәукелені өз қолымен тігіп шықты» деп жазды.



Біздің мұражайға келушілер өте көп. Сондағы байқағаным, сәукелеге деген қызығушылықтың ерекше екендігі. Әсіресе, шетелдік туристер мен зерттеушілер сәукеленің биіктігі мен төбесіне қарап, қатты таңқалып жатады. Әрине, салмағы ауыр сәукелені талдырмаш қыз бала еңсесін тік ұстап, қалай көтеріп жүр деуі анық қой. Бағзы заманда аналарымыз көз тиюден, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан қорғайды деп сәукеленің төбесіне үкі тағып та қойған екен. Үкінің жүнін қазақ қашанда қасиетті деп санаған ғой. Соңғы уақытта ұзатылып бара жатқан қыздарымыз құрбыларына үкі сыйлайтын үрдіс пайда болды. Бұл, әрине, біздің табиғатымызға жақын, құптарлық үрдіс.


– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рахмет!


Сұхбаттасқан Рая ЕСКЕНДІР.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
1
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32