50 мыңнан астам алматылық көктемнің басты сенбілігіне қатысты

50 мыңнан астам алматылық көктемнің басты сенбілігіне қатысты Қайрат Қонысбаев

Алматыда Almaty Clean & Green атты қалалық экологиялық акция өтті. 50 мыңнан астам тұрғын Тазару күні іс-шарасына шығып, қала аумағын тазалау және көркейту жұмыстарына қатысты. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, белсенділер, студенттер, спортшылар мен медиа тұлғалар бар.


Қала әкімі Ерболат Досаев көшелерді, қоғамдық орындарды, саябақтарды, скверлер мен өзен жағалауларын тазалауды қамтыған акцияға қатысты.

 

Барлық қатысушыға қажетті жабдықтар мен құралдар берілді.

8 мың текше метрден астам қоқыс жиналып, қала әкімдігінің күшімен полигонға шығарылды.

 

Тазалау жұмыстарынан кейін қазақтың ұлттық ойындары, викториналар мен байқаулар ұйымдастырылған ойын-сауық бағдарламасы өтті.

Сонымен қатар, акция аясында жаппай көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді – алматылықтар 10 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызды. Қала аумағында алма, алмұрт, шегіршін, қараған, үйеңкі және шаған ағаштары егілді.

 

Алматының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Дулат Әшкенов бұл іс-шараның тәжірибелік және тәрбиелік әсеріне тоқталды:


- Almaty Clean & Green – бір реттік акция емес, бұл қаланы көркейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Бұл бастама қаланың барлық ауданын қамтыды. Мұндай іс-шаралар қаланың көріктенуіне ғана емес, тұрғындардың аумағына деген жауапкершілігін арттыруға да көмектеседі, – деді Дулат Әшкенов.

Экология саласындағы бастамаларымен танымал Евгений Мұхамеджанов экологиялық мәдениеттің қалыптасуы маңызды екенін атады.
- Экомәдениетті қалыптастыру – қала өзгеруінің негізі. Мұндай іс-шаралар Алматының инвестициялық тартымдылығын, туристік әлеуетін және өмір сүру сапасын арттырады. Біз туған қаламыз үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз, – деді эколог.

Қоғам қайраткері, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының мүшесі Рустам Қайрыев бұл бастаманың болашақ ұрпақ үшін маңызды екенін айтты.
- Біз жай ғана қоқыс жинап жатқан жоқпыз – біз экологиялық саналы қоғамның негізін қалыптастырып жатырмыз. Осында келгеніме өте қуаныштымын, – деді ол.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекіш Құдайберген де акцияны қолдады.

- Мен мұндай бастамаларға құрметпен қараймын Бұл жай сенбілік емес, қаланың болашағына қосқан үлес, өскелең ұрпақ үшін үлгі. Алматыны таза әрі жасыл қала ретінде сақтауымыз керек, бұл барлығымызға байланысты, – деді ол.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова бұл акцияның тұрғындарды біріктіретінін атады.

-Мұндай акциялар шабыттандырады. Әртүрлі жастағы, түрлі мамандықтағы адамдардың ортақ мақсат үшін бірігуі – өте әсерлі, – деді ол.

 Қоғам қайраткері Бекнұр Қисықов бұл акция азаматтық белсенділікті нығайтатынын айтты.

Біз өз ісіміз арқылы қалаға деген қамқорлық мәдениетін қалыптастырамыз. Almaty Clean & Green – бұл экологиялық бастама ғана емес, бұл – немқұрайлы емес жандарды біріктіретін қозғалыс, – деді ол.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлушаш Нұрмағамбетова сенбіліктің тәрбиелік мәні зор екенін жеткізді.

-        Жастарды осындай іс-шараларға тарту өте маңызды. Бұл – тек тазалық шарасы емес, бұл азаматтық жауапкершілік пен туған жерге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеудің мектебі. Алматыда тұрып жатқаныма 50 жылдай болды, мен қаламыздың ең таза қала болғанын қалаймын! – деді ол.


Әнші Асхат Тарғын да сенбілікке қатысып, ойын бөлісті:
- Мұндай акциялар адамдарды біріктіріп, қоршаған ортаны қорғауға үйретеді. Экология қарапайым әрекеттерден басталады. Бүгін мен бұл жерге әнші ретінде емес, Алматы тұрғыны ретінде келдім. Қаламызды таза ұстау әрі жасыл желек айналдыру – біздің қолымызда, – деді ол.

Әнші Алма Аманжолова бұл экологиялық акцияға әркімнің қатысуы керектігін жеткізді:

- Әрбіріміз ортақ іске үлес қосуымыз керек. Мұндай сенбіліктер жастардың табиғатқа құрметпен қарауын қалыптастырады. Мен қуана қатыстым және баршаңызды осындай игі шараға атсалысуға шақырамын. Біз, яғни халық көп, ал Алматы біреу! – деді ол.

 

Өз кезегінде әнші Толқын Забирова да акцияға қатысып, әсерімен бөлісті:

Маған адамдардың игі іс үшін бірігуі ұнайды. Мұндай бастамалар туған жерге деген сүйіспеншілікті тәрбиелейді. Алматы – біздің үйіміз, оны таза әрі әдемі ұстау – біздің міндетіміз, – деді Толқын Забирова.

Театр және кино актрисасы Мөлдір Серікбай шығармашылық адамдардың мұндай акцияға қатысуының маңыздылығын атап өтті:

- Біз, өнер адамдары, сахнадан маңызды нәрселерді жиі айтамыз. Бірақ бүгін мен сөзбен емес, іспен көрсеткім келді. Қалаға деген махаббат – оған қамқорлық жасаудан басталады, – деді ол.


Almaty Clean & Green экологиялық акциясы алматылықтардың қаланы таза ұстауға деген шынайы ықыласын көрсетті. Әр буын мен түрлі кәсіп өкілдері сенбілікке қатысып, қаласын жақсы көретінін нақты ісімен дәлелдеді.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:16

14:51

14:45

14:15

13:30

13:26

13:23

13:13

12:50

12:35

12:14

11:43

11:38

11:23

11:19

11:15

10:10

17:48

17:16

16:45

16:16

15:43

15:16

14:45

14:15