ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автожол саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар қаралды.
ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсының мәліметіншк, көлік министрі Марат Қарабаев биыл құрылыс-монтаждау жұмыстарымен 10,7 мың км автомобиль жолдары қамтылғанын, оның ішінде 6,5 мың км республикалық маңызы бар трассалар, 4,2 мың км жергілікті жолдар екенін мәлімдеді. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша республикалық деңгейде нормативтік жай-күйдегі жолдардың үлесі 92%-ға, жергілікті деңгейде 87%-ға жетеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Ірі жобаларға келетін болсақ, бүгінде Үлкен Алматы айналма жолы, Қандыағаш – Мақат және Үшарал – Достық трассалары бойынша жұмыстар аяқталды. Бұл ретте тұрғындардан түскен шағымдарды ескере отырып, күш-жігер 4-5 жылға созылып келе жатқан негізгі жолдарға бағытталған. Бұл Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Алматы, Мерке – Бурылбайтал, Ақтөбе – Қандыағаш, Атырау – Астрахан автожолдары. Аталған жобалар бойынша елді мекендердегі айналма жолдардан басқа, 923 км-де қозғалыс ашық.
Батыс Қазақстан облысындағы жолдарды күрделі жөндеу жобаларына ерекше назар аударылады. Олардың ішінде Казталовка – Жәнібек және Өнеге – Бисен – Сайхин бар. Қазіргі уақытта 220 км бойынша көлікпен жүруге болады. Жобалар толығымен 2024 жылы аяқталады деп күтілуде.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов және Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым жөндеу жұмыстарын жүргізу және жергілікті жолдардың сапасын арттыру шаралары туралы баяндама жасады.
Премьер-Министрдің айтуынша, күре жолдарды дамыту экономиканың өсу динамикасына оң әсерін береді. Күре жолдардың кең таралған желісі ішкі және сыртқы сауданы дамытуға мүмкіндік береді.
«Қазақстан толыққанды көлік-логистикалық хабқа айналуы тиіс. Мемлекет басшысы біздің алдымызға осындай міндет қойып отыр. Ол үшін автомобиль жолдарының құрылысы, жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету жобаларын іске асыруды жандандыру қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының сөзінше, 2025 жылдың соңына дейін 3,6 мың км жолды күрделі жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр. Содан кейін ұзындығы 4,7 мың км болатын жаңа жобаларды іске асыру басталады.
«Осылайша, 2030 жылға дейін барлық халықаралық автомобиль дәлізін жаңғырту жұмыстары аяқталатын болады. Басты мәселе – жол құрылысының сапасын қамтамасыз ету», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы жол сапасының нашарлығы тұрғындардың наразылығына себепші болып отырғанын айтты. Әсіресе, сапасыз жөндеу жұмыстарына қатысты айтылып жатқан сын көп. Тек осы жылдың өзінде мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарына қатысты 19 мыңнан астам арыз-шағым келіп түсті.
«Мысалы, жол азабын тартқан Қостанай облысының тұрғындары “Ұзынкөл” станциясы мен Троебратское ауылы арасындағы әбден тозып біткен жолға қатысты ұжымдық хат жазған. Бұл жол осы өңірді көршілес Солтүстік Қазақстан облысымен байланыстырады және Ресейге қарай транзиттік жол болып табылады. Биыл Ақтөбе облысының “Жұрын” станциясы мен Орқаш ауылы арасында қиыршық тас төселмеген сапасыз жол салынған. Тараз қаласының тұрғындары Қарасу шағын ауданында 1 жылдан астам уақыт бойы бітпей жатқан жол жөндеу жұмыстарын аяқтауды талап етіп келеді. Мұндай мысалдар барлық өңірде көптеп кездеседі», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы жергілікті жолдардың сапасына сараптама жасау жұмыстарын да дұрыс жүргізе алмай отырғанын айтты. Бұл ретте кейбір өңірлер құрылыс-монтаждау жұмыстарын техникалық қадағалау тарапынан бақылаусыз жүргізеді.
Оған қоса жол саласында шешілмей келген проблеманың бірі – битум тапшылығы.
«Битум бойынша пайдалану технологиясы сақталмайды. Бұл да жолдардың сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар әкімдіктер құрылыс және жол бойындағы қызмет көрсету объектілерінің жобаларына арналған жер учаскелерін беру уақытын созып жібереді. Осы факторлардың барлығы саланы дамытуға кедергі болуда. Сондықтан жол құрылысына деген көзқарасты өзгерту қажет», — деді Премьер-Министр.
Жоғарыда айталғандарды ескере отырып, Үкімет басшысы автомобиль жолдарына қатысты барлық жоспарланған жобаның уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді, битумды сақтау инфрақұрылымын құру бойынша шаралар қабылдауды, оны сақтау және пайдалану технологиясының сақталуын бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар Үкімет басшысы құрылыс және жол бойындағы қызмет көрсету объектілерін кеңейту жобаларына арналған жер учаскелерін беру тәртібін оңайлату мәселесін пысықтау керектігін айтты.
«Әкімдіктер азаматтардан жол сапасына қатысты келіп түсетін шағымдар бойынша уақытылы шаралар қабылдауы қажет. Өңірлік трассалар – жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігінде. Жол жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп, оларды жөндеу бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.