Жаңа оқу жылы қарсаңында Shin-Line корпоративтік қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Биыл көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 200 оқушыға мектеп сөмкелері мен қажетті кеңсе тауарларының толық жиынтығы табысталды.
Бастаманың басты мақсаты — отбасыларға қолдау көрсетіп, балалардың жаңа оқу жылына қажетті құралдармен қамтылуына көмектесу.
«Бала үшін жаңа сөмке мен мектепке қажетті құралдар — жай ғана заттар емес. Бұл — жаңа кезеңге дайын екеніңді сезіну, өз қатарластарыңмен бірге мектеп өмірін сенімді бастау мүмкіндігі. Сондықтан біз үшін мұндай қолдаудың жүйелі түрде көрсетіліп, балаларға оқу жылын қуанышпен бастауға мүмкіндік бергені маңызды», — деді Shin-Line корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Дамир Дигай.
«Балаларды мектепке дайындайық» акциясы 2023 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде 600-ден астам балаға мектеп сөмкелері мен кеңсе тауарларының толық жиынтығы табысталды.
Бірнеше жыл ішінде бұл акция Shin-Line корпоративтік қайырымдылық қорының игі дәстүріне айналды. Оның басты мақсаты — көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп, балаларға мектеп өмірін қуанышпен әрі сенімді бастауға көмектесу. Компания әлеуметтік және қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруды жалғастырады.