Жасанды интеллект пен нейрожелілердің дамуы адамзат өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Бұрын «робот» дегенде көз алдымызға темірден жасалған адам бейнесіндегі механизмдер елестейтін. Ал бүгінде робот ұғымы мүлде басқа мағынаға ие болды.
Қазір адамның сыртқы келбетін қайталамай-ақ, оның ойлауын, жазуын, сурет салғанын, музыка шығарғанын және көптеген шығармашылық әрекеттерін жасай алатын жасанды интеллект жүйелері пайда болды. Осындай өзгерістер маңызды сұрақ туғызады: адамды роботқа айналдырып жатқан нәрсе – техника ма әлде өзінің әрекеті ме?
Бұрын біз адам мен машинаның бірігуін киборгтар немесе биохакинг арқылы елестететінбіз. Яғни әңгіме – түрлі технологияларды кіріктіре отырып, адамның мүмкіндігін арттыру тұрғысында өрбитін. Алайда қазіргі жағдай мүлдем өзгеше. Бүгінде адамды таңғалдыратын нәрсе – машина адамның физикалық денесін емес, оның ақыл-ой қызметін қайталай бастауы.
Нейрожелілер соңғы уақытта үлкен жетістіктерге жетті. Олар сурет салады, музыка жазады, ғылыми және көркем мәтіндер құрастырады, бағдарламалар әзірлейді. Кей жағдайда олардың жасаған дүниесін адам еңбегінен ажырату қиынға соғады. Бұл қоғамда шығармашылықтың болашағы туралы көптеген сұрақтардың туындауына себеп болды.
Жасанды интеллекттің дамуы кейбір адамдардың өз ойымен, өз қабілетімен еңбек етуге деген ынтасын төмендетті. Бұған студенттердің оқу жұмыстарын нейрожеліге орындатуы мысал бола алады. Кейде мұндай мәтіндер өте сауатты әрі құрылымы жағынан мінсіз болады. Бірақ олардың басты кемшілігі – автордың жеке ойы мен сезімінің болмауы.
Осындай жағдайдың салдарынан адам өзі ізденіп, ойланып, еңбек етудің орнына, дайын нәтижеге сүйенеді. Нәтижесінде шығармашылық қабілеті біртіндеп әлсірейді. Сондықтан мәселе – жасанды интеллекттің күштілігінде емес, адамның өз қабілетін пайдаланудан бас тартуында.
Рас, компьютер немесе нейрожелі өте көп ақпаратты жылдам өңдей алады. Ол миллиондаған мәтіндерді саралап, соның негізінде жауап құрастырады. Бірақ бұл – нағыз шығармашылық емес.
Шынайы шығармашылық тек жаңа дүние жасаумен шектелмейді. Оның негізінде адамның өмірлік тәжірибесі, сезімі, махаббаты, жан дүниесі мен жауапкершілігі жатады. Осы орайда, «жан-тәнімен жасалған еңбек» деген сөздің айтылуы да бекер емес. Адам өз еңбегін жан-жүрегімен сезініп атқарады, ал машина мұндай қасиетке ие емес.
Қазіргі қоғамда адамдар бір уақытта бірнеше іспен айналысуды қалыпты жағдай деп қабылдайды. Бір мезетте кітап оқиды, телефон қарайды, музыка тыңдайды, хабарлама жазады және басқа да жұмыстар атқарады. Мұндай өмір салты адамның ешбір іске толық көңіл бөлмеуіне алып келеді. Соның салдарынан адамдар ақпаратты терең түсінуге емес, оны тек үстірт қабылдауға үйренеді, мәнін ұғына бермейді. Терең ойлау, байыппен талдау және сезіне білу қабілеті әлсірей бастайды.
Философ Джон Серл ұсынған «Қытай бөлмесі» тәжірибесі осы мәселені жақсы түсіндіреді. Бұл тәжірибеде адам қытай тілін мүлде білмесе де, арнайы нұсқаулық арқылы қытайша сұрақтарға дұрыс жауап береді. Сырттан қараған адамға ол тілді меңгерген сияқты көрінеді. Алайда шын мәнінде ол сөздердің мағынасын түсінбейді.
Кей жағдайда адам өзі де дәл осылай өмір сүре бастайды: айтылған сөздердің мәніне үңілмейді, өз ісін жанын салып атқармайды, тек сыртқы талаптарды орындаумен шектеледі. Мұндай жағдайда адамның әрекеті машинаның жұмысынан аса ерекшеленбей қалады.
Ғылым мен техниканың дамуы адамның тұрмысын жеңілдетіп, көптеген ауыр жұмыстарды техникаға жүктеді. Бірақ дәл осы кезеңде ең маңызды сұрақ туындайды: адамның өзгешелігі неде?
Адамның басты ерекшелігі – ойлауында, ар-ұятында, сүйіспеншілігінде, мейірімділігінде, шығармашылық қабілетінде және рухани дүниесінде. Егер адам осы қасиеттерін жоғалтса, онда оны машинадан ерекшелейтін айырмашылық азая береді.
Сондықтан қазіргі қауіптің негізгі себебі – жасанды интеллекттің дамуы емес. Негізгі мәселе – адамның өз мүмкіндігін толық пайдаланбауы, терең ойлаудан алыстауы, рухани жұтаңдануы. Яғни адам ойлануға, шынайы сезінуге және жауапкершілікпен әрекет етуге ерінетін болды.
Рас, жасанды интеллект адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды және көптеген салаларда пайдалы көмекші бола алады. Алайда ол адамның жан дүниесін, сүйіспеншілігін, ар-ожданын және рухани құндылықтарын алмастыра алмайды.
Адамды роботқа айналдыратын нәрсе – механикалық дене немесе компьютерлік бағдарлама емес. Нағыз қауіп – адамның өздігінен ойлауды тоқтатуы, дайын жауаптарға ғана сүйенуі, жұмысын жанын салып атқармауы. Ал өзінің шығармашылығын, ақыл-парасатын, адамгершілігін және рухани байлығын сақтай білгенде ғана адам өзінің бірегейлігін жоғалтпайды.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ