Орта білім беру саласына қатысты биылғы ең үлкен өзгеріс – жасанды интеллект мектеп бағдарламасына ресми түрде енді.
1–4 сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» болып, ал 5–11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгерді. Бағдарламаларға ЖИ-ге қатысты 43 жаңа оқу мақсаты енгізілді.
Бұл бір реттік жаңалық емес: ол – 2026 жылды «Цифрландыру және ЖИ жылы» деп жариялаған мемлекеттік саясаттың, Президенттің мамырдағы Жарлығының және жүздеген мектепті қамтитын пилоттық жобаның бір бөлігі.
ЖИ тақырыбы бір сабаққа емес, барлық сыныпқа сатылап бөлінген. Әр деңгейдің міндеті әртүрлі. Бастауыш сыныпта бала ЖИ-дің не екенін және желіде өзін қалай қорғау керектігін түсінеді. Орта буында басты дағды – ЖИ-ге дұрыс сұрақ қойып, жауабын тексеру. Жоғары сыныпта оқушы ЖИ-ді қолданып қана қоймай, оның қалай жұмыс істейтінін түсінетін деңгейге көтеріледі.
ЖИ басқа пәндерге де кірді: «Бастапқы әскери дайындық» бағдарламасына жасанды интеллект, тактикалық тренажерлер мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының технологиялары қосылды. Сонымен қатар 2–4 сыныптарда БЖБ мен ТЖБ алынып тасталды, ал сабақ кезінде ұялы телефонды пайдалану шектелетін болды.
Пән атауларының өзгеруі – бірнеше жылдан бері жүріп келе жатқан мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Мамырдағы жарлыққа дейін ЖИ мектепте «элемент» деңгейінде ғана болды. Енді ол пән атауында, оқу мақсаттарында және ұлттық жоспарда бекітілді.
Оқу бағдарламасынан бөлек, ЖИ-шешімдерді сабақ үдерісіне енгізетін жеке пилоттық жоба 1 қыркүйектен басталды. Министр Жұлдыз Сүлейменова тамыз айындағы үкімет отырысында пилоттың алғашқы 10 шағын жинақты мектепте – Павлодар және Қызылорда облыстарында іске қосылатынын айтты. Мақсат – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту; жоба 2029 жылға дейін елдегі 2 600 шағын жинақты мектептің барлығына кезең-кезеңімен таралуы тиіс ЖИ-шешімдер 4–9 сынып оқушыларына арналған, пилотқа анатомия мен цифрлық сауаттылық сияқты пәндер таңдалды. Жоба ЖИ-ді дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Ли Кай-Фудің ұсыныстарымен әзірленген.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, ауыл мектептерінде интернет желілерінің жай-күйі тексеріліп, Starlink спутниктік интернетіне қосу мәселесі шешілген. Педагогтарға ЖИ қолдану бойынша 19 әдістемелік ұсыным әзірленді. Жаңартылған бағдарламалар өткен оқу жылында сыннан өтіп, оң сараптамалық қорытынды алған. Мамырдағы брифингте министр 350 мыңға жуық мұғалімнің цифрлық технологиялар мен ЖИ-ассистенттер бойынша курстардан өткенін хабарлады.
Билік пен сарапшылардың ортақ ұстанымы бір: ЖИ мұғалімді алмастырмайды, бірақ оны дұрыс қолдануды үйрету керек.
Министр ЖИ мұғалімнің орнын баспайтынын, оған көмекші құрал болатынын айтты. Оның пікірінше, жаңа технологиялардың өзі білім сапасын арттырмайды. Ол кітап оқу мен ЖИ-ді теңестіруді басты міндет деп атады және «Жасанды интеллект жалпы жылдамдық береді, ал кітап оқу сапалы білім береді», – деді.
Министрлік негізгі қағиданы былай тұжырымдады: ЖИ мұғалімді ауыстырмауы керек, керісінше педагогтың кәсіби мүмкіндігін кеңейтуі тиіс. Ерекше назар ауыл мектептеріне аударылады. А.Аймағамбетовтың сөзінше, оқушылар ЖИ-ді үй тапсырмасы мен шығармаларға жаппай қолданады, нәтижесінде көшіру, үстірт ойлау және дайын жауапқа тәуелділік пайда болды. Ол ЖИ-ді дос, оракул немесе психолог емес, қателесетін құрал ретінде түсіндіруді ұсынды. Ол сондай-ақ ЖИ-ді қай жерде қолдануға болатынын және болмайтынын анықтайтын нақты регламенттер мен ЖИ көмегімен орындалған жұмыстарды бағалау ережесі қажет деп санайды.
Ресейде ЖИ біртіндеп енгізіліп жатыр. 2026–2027 оқу жылынан бастап «Жасанды интеллект» бейіні информатиканы тереңдетіп оқыту аясында енгізілді. Екінші тоқсаннан бастап пилоттық мектептердегі 5–11 сыныптарға «Жасанды интеллект және ақпараттық қауіпсіздік» сабақтан тыс курсы енгізіліп, 2027 жылғы қаңтардан барлық мектепті қамту жоспарланған. Ал Қазақстанда ЖИ бірден барлық сыныптардағы міндетті пәндердің атауы мен мазмұнына енгізілді.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ