Жер сілкінісі – алдын алу мүмкін емес табиғи құбылыс. Алайда оның жақындап қалғанын анықтау, салдарын азайту және адам өмірін сақтау бағытында ғылым мен технология қарқынды дамып келеді. Алматының сейсмикалық жағдайы, жер қабаттарындағы процестер және жасанды интеллект мүмкіндіктері Айгерім Есімханмен «AI Ғылым» хабарында талқыланды.
Бағдарламаға техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлнар Джангулова және техника ғылымдарының докторы, профессор Ерназ Орынғожин қонақ болып, Қазақстандағы сейсмикалық ахуалға ғылыми тұрғыдан түсінік берді.
Жер сілкінісі қалай пайда болады?
Ерназ Орынғожиннің айтуынша, жер сілкінісі – жер қыртысындағы тектоникалық плиталардың қозғалысынан туындайтын құбылыс. Жер қабаттары үнемі қозғалыста болады. Бір жерде олар бір-бірінен ажыраса, енді бір жерде керісінше сығылады. Әсіресе сығылу процесі қауіпті. Өйткені жер астында ұзақ уақыт жиналған қысым бір мезетте босап шыққанда қуатты дүмпу пайда болады.
Профессор жер астындағы су динамикасы мен газдардың жиналуын да атап өтті. Оның сөзінше, жер қойнауында жиналған газдар біртіндеп сыртқа шығып отырса, әлсіз 1-2 балдық сілкіністермен шектеледі. Ал егер ол газ ұзақ уақыт жиналып, бір жерде қысым күшейіп, кенеттен жарып шықса, күшті жер сілкінісіне ұласуы мүмкін.
Маман сейсмикалық толқындардың түрлеріне де тоқталды. Жер сілкінісі кезінде көлденең және тік толқындар таралады. Көлденең толқын жерді шайқап өтеді. Ал тік толқын соққы тәрізді әсер етіп, ғимараттарға ауыр салмақ түсіреді. Ең қауіптісі – тік соққы. Ол бірден қатты әсер береді.
«Жер сілкінісі 12 балдық шкаламен бағаланады. 1-3 балл аралығы – әлсіз, люстраның тербелуімен ғана шектеледі. 4-5 баллда қабырғаларда жырық пайда болуы мүмкін. 6 баллдан бастап әлсіз ғимараттар зақымданады. 7-8 балл – апатты деңгей. 9 және одан жоғары балл жойқын салдарға әкелуі ықтимал», – деп түсіндірді профессор.
Алматы неге сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады?
Гүлнар Джангулова Алматының географиялық орналасуына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қала Іле және Жетісу геодинамикалық белдеулерінің түйіскен тұсында орналасқан. Сонымен қатар қала аумағында бірнеше ірі тектоникалық жарықшақ бар: Үлкен Алматы жарықшағы, Кіші Алматы жарықшағы, Қалқаман–Қаскелең жарықшағы және фронтальды жарықшақ.
Бұл жарықшақтардың кейбірі жер бетінен 10–20 шақырым тереңдікте орналасқан. Мұндай топырақ сейсмикалық толқындарды күшейтіп жіберуі мүмкін. Гүлнар Джангулова өңірде созылудан гөрі сығылу процестері басым екенін айтты. Сығылу жер астындағы кернеуді арттырады. Егер кернеу тарқамаса, күшті сілкініс болуы ықтимал. Дегенмен жыл сайын тіркелетін әлсіз дүмпулер жер қабаттарындағы қысымды біртіндеп азайтып отырады.
Алматдағы ең қауіпсіз аудан қандай?
Гүлнар Джангулова Түрксіб ауданының салыстырмалы түрде қауіпсіз екенін айтты. Оның түсіндіруінше, бұл ауданда ірі тектоникалық жарықшақтар тікелей өтпейді. Қаланың кей бөліктерінде жарықшақ сызықтары нақты аймақтар арқылы өтсе, Түрксіб аумағын айналып өтеді.
Сонымен қатар бұл аудан таулы белдеуден біршама қашық орналасқан. Таулы аймақтарда сейсмикалық белсенділік жоғары болатыны белгілі. Ал жазыққа жақын орналасқан бөліктерде дүмпудің қарқындылығы салыстырмалы түрде төмен болуы мүмкін.
Дегенмен мамандар «қауіпсіз аудан» деген ұғым шартты екенін ескертті. Күшті жер сілкінісі болған жағдайда бүкіл қала аумағы зардап шегуі ықтимал.
Жер сілкінісін болжауға бола ма?
Мамандардың ортақ пікіріне сүйенсек, жер сілкінісінің нақты күні мен уақытын дәл болжау әзірге мүмкін емес.
Гүлнар Джангулова дамыған елдердің тәжірибесін мысалға келтірді. Оның айтуынша, Жапония, Қытай, АҚШ сияқты мемлекеттерде технология өте дамыған. Алайда олар да жер сілкінісін тоқтата алмайды. Тек ерте ескерту жүйелері арқылы адам өмірін қорғауға әрекет етеді.
Сондай-ақ Калифорния ғалымдары жасанды интеллект көмегімен қысқа мерзімді болжам жасау бағытында зерттеу жүргізіп жатқанын айтты. Бірақ бұл әдістер әлі толық тәжірибеге енгізілмеген.
Ерназ Орынғожиннің сөзінше, қазіргі технологиялар тек жер сілкінісі басталған сәтте бірнеше секунд бұрын ескертуге мүмкіндік береді. Бұл уақыт аз болғанымен, лифтіні тоқтату, өндірісті автоматты түрде сөндіру сияқты қауіпсіздік шараларын іске қосуға жеткілікті.
Жасанды интеллект және бақылау жүйелері
Бағдарламада жасанды интеллекттің жер сілкінісін алдын ала анықтауға беретін мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.
Гүлнар Джангулова сейсмографтарды жасанды интеллектпен біріктіру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар InSAR спутниктік технологиясы арқылы жер қыртысының миллиметрлік жылжуын бақылауға болады. Дрондар жердің отыруын, жарықтардың пайда болуын түсіруге мүмкіндік береді.
GPS және тахеометриялық өлшеулер арқылы метро сияқты маңызды инфрақұрылым нысандары бақыланады. Университеттердегі қуатты суперкомпьютерлер жер қыртысының ықтимал қозғалысын модельдеуге мүмкіндік береді.
Алайда мамандар бұл технологиялар нақты уақыт пен орынды дәл көрсетпейтінін, тек ықтимал сценарийлерді болжауға көмектесетінін еске салды.
Урбанизация және құрылыс сапасы
«Алматыда кейінгі жылдары 20–30 қабатты ғимараттар салынып жатыр. Бұрын қалада бес қабаттан жоғары үй салуға шектеу болғаны айтылды.
1911 жылғы Верный жер сілкінісінен кейін құрылыс стандарттары күшейтілген. Қазіргі нормалар заманауи есептеулерге негізделген», – деді Гүлнар Джангулова.
Неге ескерту кеш келеді?
Бағдарламада мобильді ескертулердің кеш жетуі де талқыланды.
Ерназ Орынғожин төтенше жағдай кезінде мобильді ескерту хабарламалары бірден таралмайтынын түсіндірді. Оның айтуынша, төтенше жағдай қызметі жер сілкінісі басталған сәтте бірден дабыл бере алмайды. Алдымен сейсмологиялық орталықтан ресми растау келуі тиіс. Онсыз жаппай хабарлама жіберуге рұқсат жоқ.
«Жер сілкінісі сезілгенімен, оның нақты күші мен эпицентрі анықталуы керек. Сейсмологтардың қорытындысы келгеннен кейін ғана ТЖ қызметі хабарлама жібереді. Сейсмологиялық орталықтан келетін хатты күтіп, кейін оны таратамын дегенше біраз уақыт кетеді. Сондықтан жер сілкінісі туралы хабарламалар, халықтың телефондарына кеш келеді», – деп түсіндірді профессор.
Паникаға жол бермеу маңызды
Ерназ Орынғожин жер сілкінісі кезінде ең бастысы дүрбелеңге салынбау екенін айтты. Жер сілкінісі кезінде лифтіні қолданбау, қауіпсіз орынға жасырыну, ғимараттан шығу мүмкін болмаған жағдайда берік жерге жасырыну сияқт қарапайм ережелерді ұстану керек екенін ескертті.
Автор: Жадыра Әділбекқызы