Экологиялық акцияға Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары белсенді қатысып, пластик, макулатура, картон, алюминий, шыны, электронды құрылғылар, сондай-ақ қауіпті қалдықтарды тапсырды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«Асыл Арман» тұрғын үй кешені аумағында өткен «Жасыл бастау» қайталама шикізатты қабылдау акциясының қорытындысы бойынша шамамен 50 дана сынап құрамды және люминесцентті шам, 50 келідей алюминий банка, 70 келіге жуық макулатура және шамамен 100 келі шыны бұйымдары жиналды. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері хабарлады.
Жиналған қайталама шикізаттың басым бөлігі қайта өңдеуге жіберілсе, қауіпті қалдықтар, соның ішінде сынап құрамды шамдар арнайы кәдеге жаратуға бағытталды.
Жоба ұйымдастырушысы Еділ Еркінұлының айтуынша, мұндай іс-шараны өткізу идеясы қаланың төменгі бөлігінде осындай экологиялық бастамаларды дамыту қажеттілігіне байланысты туындаған. Өйткені бұл аумақта қайта өңделетін қалдықтарды қабылдайтын тұрақты пункттер жеткіліксіз.
«Бұл осы аумақта өткізіліп отырған алғашқы экоакциямыз. Егер жақсы нәтиже көрсетсе, «Жасыл бастауды» Алматының басқа аудандарында да ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Қала тұрғыны Сәуле Тайбекова экологиялық бастамаларға тұрақты түрде қатысатынын айтты. «Бүгін пластик, макулатура және картон әкелдім. Үйде де қалдықтарды сұрыптаймыз – бұл біз үшін әдетке айналған», – деді акция қатысушысы.
Іс-шара «Eco Almaty» ЖШС және «Ecosen» ЖШС қолдауымен ұйымдастырылып, қалдықты бөлек жинау мәдениетін дамытуға және қалаға түсетін экологиялық жүктемені азайтуға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар полигондарға жөнелтілетін қалдық көлемін азайтуға және халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.