Музыканттарға цифрлық дағдылар, сыни ойлау мен авторлық құқық негізін білу қажет болады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Шығарманы талдап, дыбыспен жұмыс істеп, жаңа идея іздеген кезде музыканттарға жасанды интеллекттің көп көмегі тиіп жатыр. Бірақ түпкілікті шығармашылық шешімді адамның өзі шығаруы керек. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үрмелі және ұрмалы аспаптар кафедрасының оқытушысы Арман Исалиев осылай деп мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, жасанды интеллектінің дамуына байланысты шығармашылық мамандықтың жойылып-жойылмайтынында емес мәселе. Қазір ең маңыздысы – музыканттардың, композиторлар мен оқытушылардың жұмысы қалай өзгеріп, бұл үдерісте адамның рөлі қандай болатынын түсіну.
«Шығармашылық маманға «ИИ мені алмастыра ма?» деген сұрақтан гөрі, «ИИ менің шығармашылық мүмкіндігімді қайтіп кеңейте алады?» деп сұраған дұрыс», – деді Арман Исалиев.
Жасанды интеллектіні музыкалық идеяларды іздеу, аранжировка жасау, дыбысты өңдеу мен шығарманы талдау үшін пайдалануға болады. Ол әртүрлі орындауды салыстырып, темп, ырғақ, интонациядағы мәселені анықтап, техникалық жұмыстың бір бөлігін мойнына алады. Бұл уақытты үнемдеп, музыкантқа шығарманың мазмұнына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында технологиялар бірнеше бағытта қолданылады. Теориялық пәндерде олар гармония мен музыкалық форманы талдауға, орындаушылық өнерде аудиожазбамен жұмыс істеуге, композицияда музыкалық нұсқалардың әртүрлі шешімін тексеруге көмегі тиеді. ЖИ сонымен қатар ғылыми зерттеуде, арт-менеджмент пен оқу үдерісін ұйымдастыруда қолданылады.
Сонымен бірге Арман Исалиев дайын шешімге үнемі арқа сүйеу музыканттың өзіндік стилі мен өз бетінше ойлау қабілетін әлсіретуі мүмкін екенін ескертті. Бұған қоса, жасанды интеллект ұсынатын ақпарат әрдайым дәл бола бермейді. Сондықтан оны тексеріп, сыни тұрғыдан бағалау қажет.
Технологиялардың дамуы музыкалық білім беру саласын да өзгерте бастады. Бұрын студенттен ең алдымен үлкен көлемдегі ақпаратты есте сақтау талап етілсе, қазір көп мәліметті бірнеше секунд ішінде алуға болады. Сондықтан талдау, салыстыру, материалды түсіну мен оны шығармашылық тұрғыда қолдану алдыңғы орынға шығады.
Мұндай жағдайда оқытушы жай ғана білім көзі емес, тәлімгерге айналады. Оның міндеті – студентке ақпаратты іріктеуді, цифрлық құралдарды сауатты пайдаланып, өзіндік орындаушылық ұстанымын қалыптастыруды үйрету.
«Болашақ музыкант дәстүрлі музыкалық білім мен замандық технологияларды қатар меңгеруі керек», – деп толықтырды сөзін спикер.
Оның пікірінше, жаңа буын мамандарына жоғары орындаушылық шеберліктің өзі жеткіліксіз болуы мүмкін. Музыканттарға цифрлық дағдылар, сыни ойлау мен авторлық құқық негізін білу қажет болады. Сонымен қатар дәстүрлі кәсіби қасиеттер – музыкалық есту қабілеті, шығарманы түсіну мен өзіндік стиль де өз маңызын жоғалтпайды.
Авторлық құқық мәселесі де бөлек тақырып болды. Жасанды интеллект адам жасаған музыка, мәтіндер мен кескіндер арқылы оқытылуы мүмкін. Осыған байланысты авторлардың рұқсаты, жаңа туындының кімге тиесілі екені және оны жасауда адамның үлесі қаншалықты болуы керектігі туралы сұрақ туындайды. Сонымен қатар бұл технологиялар заңсыз көшірмелерді іздеп, туындылар арасындағы ұқсастықты анықтауға мүмкіндік береді. Арман Исалиевтің пікірінше, технология мен адам шығармашылығының арасындағы негізгі шекараны құрал мен идеяның ара-жігінен іздеу керек.
«Жасанды интеллект музыкалық материал ұсына алады, бірнеше нұсқа жасай алады, белгілі бір техникалық үдерісті орындай алады. Бірақ шығарманың не туралы болатынын, қандай эмоция беруі керектігін және қандай көркемдік мақсатқа қызмет ететінін адамның өзі анықтайды», – деп түсіндірді.
Оқытушының айтуынша, жасанды интеллект шығармашылық мамандықтарды міндетті түрде жоймайды, бірақ олардың мазмұнын айтарлықтай өзгертеді. Техникалық және қайталанатын жұмыстар біртіндеп автоматтандырылған сайын, адамның шығармашылық ойлауы, эмоциялық тереңдігі, сыни көзқарасы мен өзіндік стилі одан сайын құнды бола түспек.
«Болашақтың бәсекеге қабілетті музыканты – жасанды интеллектімен бәсекелесетін адам емес, оны өз мақсатына жетіп, өзінің көркемдік идеясын жүзеге асыруға бағыттай алатын маман», – деп түйіндеді Арман Исалиев.