Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының Үлкен залында «Ахмет Жұбанов атындағы XX халықаралық жас орындаушылар байқауының» ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты жиын мектеп директоры Байжұманов Данияр Азатқалиұлының құттықтау сөзімен басталды. Мектеп басшысы өз сөзінде байқаудың жас музыканттардың кәсіби қалыптасуындағы маңызына тоқталып: «Бүгін біз Ахмет Жұбанов атындағы ХХ Халықаралық жас орындаушылар байқауының ашылу салтанатында бас қосып отырмыз. Биылғы байқау ұлы композитордың 120 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, ерекше тарихи мәнге ие болып отыр. Жиырма жылдық дәстүрі бар бұл өнер додасы жас таланттардың шеберлігін шыңдап, халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайтып келеді. Ахмет Жұбановтың асыл мұрасын дәріптеу, ұлттық өнеріміздің сабақтастығын сақтау және жас дарындарға қолдау көрсету – біздің басты мұратымыз. Барша қатысушыларға шабыт, сәттілік және жарқын жеңістер тілеймін!» – деді.

Ашылу салтанатында көрермендер назарына мазмұны бай концерттік бағдарлама ұсынылды. Қобызшылар ансамблі Ахмет Жұбановтың «Көктем» шығармасын орындады. Ал «Абай» операсындағы Ажардың ариясы белгілі қазақстандық гобойшы, музыкалық педагог және профессор Темір Тікишевтің скрипка, фортепиано және камералық ансамбльге арнайы өңдеген нұсқасында жаңаша көркемдік сипатпен орындалды. Скрипка партиясын Ахмет Жұбановтың шөбересі Жәнгір Жұбанов, фортепиано партиясын Гимарат Ерназар орындап, камералық ансамбльмен үйлескен әсерлі интерпретация ұсынды. Концерттік бағдарлама Нұрғиса Тілендиевтің өр рух пен асқақ жігерге толы «Махамбет» туындысымен жалғасты. Шығарманы Жұмахан Әлихан ксилофоншылар ансамблінің сүйемелдеуімен қылқобызда орындап, туындының терең драматизмін шебер жеткізіп, тыңдарманға айрықша рухани әсер сыйлады.
26-31 қазан аралығында өтетін байқау бағдарламасы арнайы фортепиано, халық аспаптары және музыка теориясы бағыттарын қамтиды. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын арнайы фортепиано бағытымен қатар, халық аспаптары бойынша шертпелі-төкпелі, ішекті-ысқышты және шертпелі-плекторлы аспаптарда өнер көрсететін жас орындаушылар бақ сынайды.
Биыл байқау бағдарламасына алғаш рет музыка теориясы бағыты енгізіліп отыр. Оның аясында қатысушылар сольфеджио, музыка теориясы мен гармония және музыкалық әдебиет пәндері бойынша білімдері мен кәсіби даярлықтарын сарапқа салады. Бұл жаңашылдық байқаудың орындаушылық өнермен ғана шектелмей, жас музыканттардың теориялық білімін, шығармашылық ойлау қабілеті мен жан-жақты кәсіби дайындығын дамытуға бағытталған кешенді өнер алаңына айналғанын аңғартады.
Байқауда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 150-ден астам жас өнерпаз бақ сынайды. Қазақстандық қатысушылар Алматы, Астана, Қарағанды, Павлодар, Атырау, Өскемен және еліміздің өзге де өңірлеріндегі мамандандырылған музыка мектептері мен өнер оқу орындарының атынан өнер көрсетеді. Қырғызстаннан Бішкек қаласындағы М.Абдраев атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатының тәрбиеленушілері қатысса, Өзбекстанның жас орындаушылары Ташкент қаласындағы В.А.Успенский және Р.М.Глиэр атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектептерінің намысын қорғайды.
Қатысушылардың өнерін Қазақстан, Грузия, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанның білікті мамандарынан құралған халықаралық қазылар алқасы бағалайды. Оның құрамына танымал орындаушылар, өнер қайраткерлері, жетекші музыкалық оқу орындарының профессорлары мен тәжірибелі педагогтер енген.
Арнайы фортепиано бағыты бойынша қазылар алқасына Грузияның еңбек сіңірген өнер қайраткері, В.Сараджишвили атындағы Тбилиси мемлекеттік консерваториясының профессоры, Грузия композиторлар одағының төрағасы Гиорги Вачнадзе төрағалық етеді. Осы бағыттағы шетелдік сарапшылар қатарында ресейлік концерттік пианист, «Astana Piano Passion» байқауының Гран-при және бірінші сыйлық иегері, П.И.Чайковский атындағы VII халықаралық жасөспірімдер байқауының бірінші сыйлық лауреаты, С.В.Рахманинов атындағы II халықаралық байқаудың лауреаты Александр Кутузов, Әзербайжаннан келген PhD докторы, У.Гаджибейли атындағы Баку музыка академиясының профессоры, Қара Қараев атындағы орталық өнер мектебінің директоры, «Tərəqqi» мемлекеттік наградасының иегері Кенул Гусейнова жұмыс істейді. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алтай Құсайынов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, Жамбыл атындағы филармонияның солисі Гүлнара Курамбаева қатысушылардың өнерін бағалайды.

Шертпелі-төкпелі халық аспаптары бағыты бойынша қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі Әбілғазы Ахмадиев. Бұл бағыттағы қазылар алқасының құрамына Әзербайжан ұлттық консерваториясының доценті, философия докторы, Қара Қараев атындағы орталық музыка мектебінің оқытушысы Мубариз Алиев және отандық мамандар қатарынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас концертмейстері Батыржан Мықтыбаев енген.
Ішекті-ысқышты халық аспаптары бағыты бойынша қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қобыз және баян кафедрасының доценті Ғазиза Ғабдрахимова төрағалық етеді. Алқа құрамында Қырғыз Республикасының мәдениет үздігі, М.Абдраев атындағы мектептің және Б.Бейшеналиева атындағы Қырғыз ұлттық мәдениет және өнер университетінің қылқияқ сыныбының оқытушысы, Т.Сатылғанов атындағы Қырғыз ұлттық филармониясының Ч.Исабаев атындағы «Камбаркан» ансамблінің әртісі Бактыгуль Асанкулова мен «Құрмет» орденінің иегері, «Отырар сазы» оркестрінің әртісі Құрманбек Жүнісісов те қазылық етеді.

Шертпелі-плекторлы аспаптар бағыты бойынша қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қобыз және баян кафедрасының профессоры Анатолий Гайсин. Осы бағытта Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының халық аспаптарында орындаушылық кафедрасының аға оқытушысы, консерватория жанындағы «Milliy cholg‘u» ғылыми-өндірістік зертханасының директоры Азамат Исламов және К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, «Астана сазы» ансамблінің әртісі Аяулым Жұмкенова да қатысушылардың өнеріне баға береді.
Теория номинациясы аясында «Музыкалық әдебиет» бағытының төрайымы – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Музыкатану бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Қазтуғанова болса, «Музыка теориясы» бағыты бойынша Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының музыкатану және композиция кафедрасының доценті, өнертану ғылымдарының магистрі Ғалия Қалымова қазылар алқасына төрағалық етеді. Бұл ретте қазылар алқасының құрамындағы Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздіктері, К.Байсейітова атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатының теория, музыка тарихы және композиция бөлімінің меңгерушісі Алла Зобкова, осы бөлімнің оқытушылары Майра Ирғалиева мен Гүлжамиля Құндақбаева, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің музыкалық-теориялық пәндер оқытушысы, «Музыка теориясы» пәндік-циклдік комиссиясының төрайымы, өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері Жангүл Қожахметова және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, өнертану магистрі Венера Шүкенова, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің «Музыка теориясы» пәндік-циклдік комиссиясының төрағасы Ерасыл Тыныбеков, осы оқу орнының теориялық пәндер оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Ажар Бекмұратова мен композитор, өнертану магистрі Айғаным Төле қатысушыларды бағалайды.

Бұл бағыттағы сарапшылық жұмысқа Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының педагогтері де қатысады. Олар – теория, музыка тарихы және композиция бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Мадина Шегирова; осы бөлімнің оқытушысы, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, «Ы.Алтынсарин» және «Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерінің иегері Алма Таныбекова; өнертану магистрлері Ләйля Бейсенова және «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Мерей Сембаева, бөлім оқытушылары Әлима Бекжігітова мен Жанат Назарбаева.
Ұйымдастыру комитетінің төрайымы, мектеп директорының музыка ісі жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Риммат Кадырханова және бүкіл ұжым байқауға дайындық жұмыстарын жан-жақты үйлестіріп, өнер додасының жоғары кәсіби деңгейде өтуіне ұйытқы болды.
Орындаушылық шеберлік пен музыкалық білімді тоғыстырған бұл дода жас дарындардың кәсіби өсуіне, ұлттық өнер дәстүрінің жалғасуына және елдер арасындағы шығармашылық байланыстың нығаюына жол ашады. Алдағы байқау күндері жаңа есімдерді танытып, өнерге қадам басқан жастардың талабына қанат бітірмек.
Қазтуғанова Айнұр Жасағанбергенқызы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор