Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының алдын ала деректеріне сәйкес, Алматы тұрғындарының референдумға қатысу көрсеткіші 33,43 пайыз. Бұл 2020 жылдан бері өткізілген референдумдармен салыстырғанда жоғары нәтиже болып отыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдауға арналған референдум аяқталды. Алматыда таңертеңнен бастап қала тұрғындары дауыс беруге белсенді қатысып, бұл науқанға үлкен қызығушылық танытты. Көптеген сайлау учаскесінде келушілерді музыкамен және түрлі шағын көріністермен қарсы алып, мерекелік атмосфера қалыптасты.
Қала аумағында сағат 07:00-ден бастап 653 сайлау учаскесі ашылды. Алғашқы сағаттардың өзінде бірқатар учаскеде дауыс беруге келген тұрғындардың кезегі байқалды.
Кейбір учаскеде сайлаушыларды ұлттық киім киген адамдар мен ұзын бойлы қуыршақтар қарсы алып, фотосуретке түсуге арналған аймақтар ұйымдастырылды, музыка ойнады. Мысалы, «Әжелер хорының» мүшелері халық әндерін шырқап, дәстүрлі шашу рәсімін өткізді. Мұндай шаралар дауыс беру барысына ерекше реңк беріп, қала тұрғындары естелік суреттер түсіріп, әсерін әлеуметтік желілерде бөлісті. Сонымен қатар ерекше костюм киіп келген креативті сайлаушылар да көпшіліктің назарын аударды. Олардың арасында Алматы барысы Әділеттің, Суперменнің, Темір адамның, Джокердің, пингвиннің және «Threads» әлеуметтік желісінің бейнесін таңдағандар болды.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды да қаланың бір сайлау учаскесінде дауыс берді. Сонымен қатар коммуналдық және өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметкерлері, құрылыс компанияларының ұжымдары және түрлі бизнес саласының өкілдері де белсенділік танытты.
Референдумға қоғам қайраткерлері, мәдениет және спорт саласының танымал өкілдері де қатысты. Әншілер, музыканттар, театр және кино актерлері, сондай-ақ ардагерлер мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері азаматтық борышын орындады. Олардың көпшілігі дауыс беруге отбасыларымен келіп, әр азаматтың ел болашағына қатысуының маңызын атап өтті. Жастар да белсенділік танытып, көптеген алматылық алғаш рет дауыс беріп, бұл сәтті әлеуметтік желілерде бөлісті.
Референдум күні қала әкімдігі қоғамдық көлікте тегін жол жүруді ұйымдастырды. Көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін Брайль қарпімен жасалған арнайы трафареттер дайындалып, дауыс беру кабиналары ерекше қажеттілігі бар адамдарға бейімделді. Мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға «Инватакси» қызметі ұсынылды. Ал егде жастағы азаматтар үйінде арнайы жылжымалы жәшік арқылы дауыс бере алды.
Жалпы алғанда, дауыс беру барысы тыныш әрі ұйымдасқан жағдайда өтті. Әртүрлі қоғамдық ұйымдардың бақылаушылары ешқандай заңбұзушылықтар тіркелмегенін хабарлады.