«Өмірге дем берейік» жобасының жалпы құны 117,6 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстанда алғаш рет күрделі тамыр мальформациясы бар балаларды шетелде ғана қолданылып келген әдіспен емдеу қолға алынды. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында алғашқы сегіз балаға ота жасалды. Енді орталық жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ге дейін баланы қабылдай алады.
«Өмірге дем берейік» жобасы 2025–2026 жылдары Almaty Marathon қайырымдылық бастамаларының бірі болды. Жобаны «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры мен AYALA қайырымдылық қоры Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырды.

Қазақстанда жыл сайын 40-тан астам бала тамыр мальформациясымен – қан тамырлары дамуының туа біткен ақауымен дүниеге келеді. Бұл ауру созылмалы ауырсыну мен қан кетуге себеп болады, ал ауыр жағдайларда баланың қозғалу мүмкіндігін шектейді. Бұған дейін аурудың күрделі түрлері бар балаларды емделу үшін шетелге жіберуге тура келетін. 2021–2024 жылдар аралығында мемлекет мұндай емге 437 млн теңгеден астам қаражат жұмсағанымен, жыл сайын небәрі 10–20 пациент қана көмек алатын. Енді отбасыларға шетелге баруды ұйымдастырып, жақындарынан ұзақ уақытқа ажыраудың қажеті жоқ.
Жаңа әдіс – электропорациямен склеротерапия – дәрілік препаратты қысқа электр импульстерімен ұштастырады. Импульстер дәрінің зақымдалған тіндерге енуіне көмектеседі. Соның арқасында препараттың мөлшерін азайтуға және баланың ағзасына түсетін жүктемені төмендетуге болады.

Жоғары технологиялық көмекті өз елімізде қолжетімді ету мақсатында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына италиялық Cliniporator Vitae жүйесі сатып алынды. Педиатрия орталығының төрт дәрігері Халле университеттік клиникасының (Германия) профессоры Вальтер А. Вольгемуттан (Walter A. Wohlgemuth) оқудан өтіп, тәжірибе жинады. 23–24 қараша күндері профессордың жетекшілігімен қазақстандық дәрігерлер жаңа заманауи операция түрін қолдана отырып, еліміздегі алғашқы сегіз отаны жасады.
-Қазір орталық қажетті жабдықпен қамтамасыз етіліп, мамандарымыз арнайы дайындықтан өткендіктен, күрделі тамыр мальформациясы бар балаларға диагностикадан бастап сауығу кезеңіне дейінгі барлық кезеңде өз күшімізбен медициналық көмек көрсете аламыз. Алдағы уақытта біздің орталық жыл сайын шамамен 50 балаға мамандандырылған көмек көрсетіп, 80–100 процедура жүргізе алады. Бұл – балаларды шетелге жібермей-ақ, елімізде халықаралық деңгейде емдеуге жол ашатын үлкен қадам. Осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, демеушілік көрсеткен «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры мен AYALA қайырымдылық қорларына зор алғысымды білдіремін! – деді «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Абай Құсайынов.

Келесі қадам – жаңа әдісті тұрақты медициналық тәжірибеге енгізу үшін клиникалық хаттама мен тарифтерді бекіту.
-Балалардың денсаулығын қорғау – мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі әрі елдің адами капиталын қалыптастырудың маңызды шарты. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі аталған технологияны отандық денсаулық сақтау тәжірибесіне енгізу бойынша кешенді жұмыс жүргізуде. Бұл ретте оны қолдану үшін қажетті клиникалық, нормативтік және ұйымдастырушылық жағдайларды қамтамасыз ету көзделген. Біздің стратегиялық міндетіміз – отандық медицинаның мүмкіндіктерін жүйелі түрде дамыту және күрделі әрі жоғары технологиялық емдеуді қажет ететін балаларға Қазақстанда уақтылы әрі сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету. Халықаралық сарапшылардың, медициналық ұйымдардың және қайырымдылық қорларының бірлескен жұмысы еліміздің балалар денсаулығын қорғау жүйесін одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенімдімін, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті директорының орынбасары Майра Бейсен.
Оның айтуынша, бұған дейін 2021–2026 жылдар аралығында шетелге 45 бала жіберіліп, оларға емдеудің 90 кезеңі жүргізілген.

«Өмірге дем берейік» жобасының жалпы құны 117,6 млн теңгені құрайды.
- Біз балалардың отбасынан ажырамай-ақ, заманауи емді Қазақстанда алғанын қалаймыз. Сондықтан дәрігерлермен бірлесіп, қажетті жабдықты таңдап, мамандарды оқытуды ұйымдастырамыз. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бағалауынша, жаңа жүйе кемінде 10–15 жыл қызмет етеді және алғашқы он жылда шамамен мың емшара жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл – біздің қайырымдылық жобамыздың басты нәтижесі. Алматы марафонына қатысқан әрбір жүгіруші осы үлкен игілікті іске өз үлесін қосуда, – деп атап өтті «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.
«Өмірге дем берейік» – қорлардың балалар денсаулығын сақтау саласындағы төртінші бірлескен жобасы. 2024 жылдан бері мұндай жобаларға 248,3 млн теңге бағытталды. Бұған дейін Түркістан облысында жүкті әйелдерді ерте скринингтен өткізуге арналған «Бір күндік клиника» жұмысын бастады. Ал «Әлемді көремін» атты екі жоба аясында Шымкент пен Түркістан қалаларындағы перинаталдық орталықтар шала туған нәрестелердің ретинопатиясын анықтауға және емдеуге арналған жабдықтармен жабдықталды. 2026 жылғы наурыздан бастап Түркістандық нәрестелерді лазерлік ем алу үшін Шымкентке немесе Алматыға апарудың қажеті жоқ.
- Балалар медицинасында көп айтыла бермейтін, алайда осындай қиындыққа тап болған отбасылар үшін үлкен сынаққа айналатын мәселелер бар. Мұндай жобаларға қомақты қаражат қажет, дегенмен көмек салыстырмалы түрде аз ғана балаға керек болуы мүмкін. Біз «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының қолдауын ерекше бағалаймыз. Қор біздің ортақ ұстанымымызды қолдайды: аурудың сирек кездесуі баланың қажетті ем алу мүмкіндігін шектемеуі керек. Біз дәл осындай өзгерістер үшін жұмыс істейміз, – деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сулейменова.
«Бірінші болу – батылдық» қоры мұндай жобаларды Almaty Marathon қатысушыларының арқасында жүзеге асыра алды: марафонға қатысушылар жарналарының бір бөлігі қайырымдылыққа бағытталады. 2026 жылғы 27 қыркүйекте өткен мерейтойлық жарыста 66 елден келген 16 000 жүгіруші марафонға қатысты. 2012 жылдан бері қор спорт алаңдарын салудан бастап, медициналық мекемелерді заманауи медициналық және оңалту жабдықтарымен қамтамасыз етуге дейінгі 30-дан астам қайырымдылық жобасын жүзеге асырды.
2026–2027 жылдары қорлар құны 160 млн теңге болатын бесінші бірлескен жобаны – «Әлемді көремін» бастамасының жаңа кезеңін іске асыруды жоспарлап отыр. Одан түскен қаражатқа, Алматыдағы перинаталдық орталықтардың біріне Қазақстанда алғаш рет қолданылатын инфант-томограф орнатылады. Бұл аппарат шала туған нәрестенің торлы қабығын жансыздандырусыз әрі көзге жанастырмай, қабат-қабатымен зерттеп, ауруды ең ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Жыл сайын 700-ге жуық бала тексеруден өте алады.