Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сәуле Жанпейісованың 60 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар «Түркі әлемінің дәстүрлі музыкалық мұрасы: вокалдық және аспаптық ерекшеліктері мен заманауи ұлттық құндылықтарды оқытудың және зерттеудің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды.
Алқалы жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Ресей және Өзбекстаннан келген ғалымдар, өнертанушылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, дәстүрлі музыка орындаушылары мен жас зерттеушілер қатысты. Конференция барысында түркі халықтарының вокалдық және аспаптық мұрасы, дәстүрлі орындаушылық мектептердің тарихи сабақтастығы, ұлттық музыкалық құндылықтарды сақтау, зерттеу, оқыту және насихаттау мәселелері талқыланды.
Пленарлық мәжілісті Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, PhD Айжан Бердібай жүргізді. Консерватория ректоры Гаухар Тасбергенованың құттықтау сөзін ғылыми-инновациялық, шығармашылық даму және халықаралық ынтымақтастық жұмыстары жөніндегі проректор Айзада Бултбаева жеткізді. Пленарлық мәжілісте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары, филология ғылымдарының докторлары Қансейіт Әбдезұлы мен Ислам Жеменей, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Жақып, өнертану ғылымдарының докторлары, профессорлар Саида Еламанова мен Сәуле Өтеғалиева, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Пернебай Дүйсенбин, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, профессорлар Біләл Ысқақов пен Карима Сахарбаева, Қырғыз Республикасының халық әртісі, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Роза Аманова және басқа да белгілі ғалымдар мен өнер қайраткерлері сөз сөйледі. Іс-шараға онлайн қосылған түркиялық әнші, композитор әрі этномузыкатанушы Ирфан Гөрдал мен тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдіуақап Қара да мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді.

Пленарлық мәжілісте қазақтың дәстүрлі ән өнерінің тарихы мен қазіргі даму бағыттары, ұлттық мәдениеттегі вокалдық-аспаптық дәстүрдің орны, ән мен күйдің халық болмысындағы маңызы сөз болды. Сонымен қатар Сәуле Жанпейісованың орындаушылық және композиторлық шығармашылығы, репертуарлық ізденістері, ғылыми-педагогикалық қызметі мен ұлттық өнерді дамытуға қосқан үлесі жан-жақты сараланды.
Жиында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Кенжехан Матыжановтың құттықтауын «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Қазтуғанова жеткізіп, мерейтой иесіне ықылас гүлін табыстады. Құттықтауда Сәуле Жанпейісованың М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен шығармашылық байланысы, Институт жүзеге асырған ғылыми жобалар мен халықаралық конференцияларға белсенді қатысуы, сондай-ақ дәстүрлі ән мұрасын зерттеу және насихаттау ісіне қосқан үлесі атап өтілді.

Конференцияның ғылыми жұмысы үш секция бойынша жалғасты. Бірінші секцияда түркі халықтарының вокалдық және аспаптық өнері, орындаушылық мектептердің тарихи сабақтастығы мен теориялық мәселелері қарастырылды. Екінші секция профессор Сәуле Жанпейісованың шығармашылық және ғылыми мұрасына арналды. Онда әншінің репертуары, орындаушылық ерекшелігі, сахналық болмысы, шетелдердегі концерттік қызметі, ғылыми-педагогикалық еңбегі және дәстүрлі әнді оқыту әдістемесі талқыланды. Үшінші секцияда жаһандану дәуіріндегі ұлттық музыкалық мұраны сақтау, дамыту және кәсіби білім беру жүйесінің өзекті мәселелері сөз болды.
Конференция аясында Сәуле Жанпейісованың «Айнамкөз» атты авторлық әндер жинағының тұсаукесері өтті. Жинаққа автордың әр жылдары дүниеге келген туындылары еніп, олардың көркемдік ерекшелігі мен ұлттық ән өнерін дамытудағы маңызы таныстырылды.

Мерейтойлық бағдарлама Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында өткен «Сәуленің сәйгүліктері» атты концертпен жалғасты. Концертке Қазақстанның халық әртісі Айгүл Қосанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Эльмира Жаңаберген, «Құрмет» орденінің иегері Елдос Еміл, еліміздің әр өңірінен келген дәстүрлі әншілер, Сәуле Жанпейісованың шәкірттері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары қатысты.
Мерейтойлық іс-шаралар аясында 26 қарашада шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Эльмира Жаңаберген «Ақын Нұртуған Кенжеғұлұлының жыр мектебі», түркиялық әнші, композитор әрі этномузыкатанушы Ирфан Гөрдал «Түріктің бағлама аспабына арналған шығармаларда қолданылатын бұраулар», «Құрмет» орденінің иегері, жыршы Елдос Еміл «Маңғыстау жырларын үйрену машығы» тақырыптарында шеберлік сабақтарын өткізеді.
Мерейтойлық іс-шаралар 27 қараша күні сағат 19:00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтетін Сәуле Жанпейісованың «Бір тойым бар!..» атты ән кешімен қорытындыланады. Кеште әншінің шәкірттерімен бірге Түркия мен Қырғыз Республикасынан келген өнерпаздар, Қазақстанның халық және еңбек сіңірген артистері, мәдениет саласының үздіктері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетеді. Сондай-ақ көрермен назарына «Ән – аңыз» концерт-спектаклінен үзінді ұсынылады.

Дәстүрлі ән мұрасын дәріптеп, ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Сәуле Жанпейісова – ұлттық өнердің шын мәніндегі Сәулесі.
Айнұр Қазтуғанова, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор