Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Замандастар жырлайды» және «Даналық бейсенбі» жобалары аясында оқушыларды қазіргі ақын-жазушылардың шығармаларымен таныстыру, сөз өнеріне баулу, көркем әдебиетке деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында ҚР Жазушылар Одағының мүшелері, ақын, «Балдырған» журналының бас редакторы Ерғали Бақаш және жазушы, журналист Мақсат Мәлікпен кездесу өтті, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Кездесу шымылдығын Зияткерлік мектебінің «Нұр-сазы» халық аспаптар оркестрінің добырашылары «Ерке сылқым» күйімен ашты.
Оқушылар кездесу қонақтарының шығармашылығына арналған таныстыру бейнебаян жасап, өлеңдерін оқып, әңгімелері бойынша пікір алмасты. Алдын ала қаламгерлердің шығармаларын оқыған оқушылар өз ойларын ашық айтып, шығарма төңірегінде өзіндік көзқарастарын жеткізді.
-Бүгін біз оқушылармен кездестік, әңгіме құрдық, өте керемет! Оқушылардың ой-өрістері кең екенін аңғардық, ойлау ерекшелігі де мүлдем басқа, еркін жеткізеді. Химия-биология бағытындағы мектепте оқып бір салалы болып қалмай, ғылым мен әдебиетті қоса алып жүргендері, қазақ әдебиетінен хабарлары бар екендігі қуанарлық жағдай,- деді Мақсат Мәлік.
Кездесу қонақтары оқушыларға мағыналы да мәнді әңгіме айта отырып, оқушыларға шығармашылықпен айналысуға, көрген-түйгенін жазуға ынталандырды. Кездесу соңында қаламгерлер мектеп кітапханасына, оқушыларға «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен» басылымдарын және өз туындылар жинағын тарту етті.
- Бүгінгі кездесуге қатысқан оқушылардың, жас талапкерлердің өздерін ұстауы, сөйлеу мәдениеті, білім деңгейлері жоғары екен деген баға беруімізге болады. Қазіргі заманда балалардың ойын жеткізу деген үлкен проблема,- деп Ерғали Бақаш зияткерлерді «Балдырған» журналына шығармалар жазып, тығыз қарым-қатынас орнатуға шақырды.
Тағылымды кездесу соңында оқушылар арнайы уақыт бөліп келген ақын-жазушыға алғысын білдірді.
- Зияткерлік мектепте қазақтың көрнекті өкілдері – қазіргі заманның ақын-жазушыларымен кездесу ұйымдастыру дұрыс жолға қойылған. Әр кездесу оқушыларға ой түйдіріп, қазақ әдебиетіне қызығушылықты арттырады. Бүгінгі кездесу рухани әлемге саяхат болып, зияткерлердің жан-дүниесін байытуға үлкен септігін тигізді деп ойлаймын,- деді ұйымдастырушы, педагог-куратор Жанаргүл Исламқызы.