AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
    • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
    • • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Әлеумет / Заман өзгерсе, кәсіп те өзгереді: 2030 жылға қарай...

Заман өзгерсе, кәсіп те өзгереді: 2030 жылға қарай 2 млрд жұмыс орны жойылады

Әлеумет Бүгін 12:06 98
Заман өзгерсе, кәсіп те өзгереді: 2030 жылға қарай 2 млрд жұмыс орны жойылады
Ашық дереккөзден

Адамның орнын жасанды интеллект басты, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Адамзат тарихын еңбек құралдары мен кәсіптердің ауысу тарихы деп те атауға болады. XVIII ғасырда бу машинасының ойлап табылуымен басталған өнеркәсіптік революция қолөнер шеберханаларын фабрикалармен алмастырды. XX ғасырда электр қуаты мен конвейер миллиондаған адамның тұрмысы мен еңбегін өзгертті, ал ғасыр соңында компьютер мен ғаламтор кеңсе жұмысының табиғатын түбегейлі жаңартты. Әр бетбұрыс сайын бір кәсіптер жоғалып, орнына жаңасы пайда болып отырды.

Бүгінде біз тағы бір үлкен өзгерістің куәсі болып отырмыз: жасанды интеллект бұрын тек адамға тән деп саналған ақыл-ой еңбегін атқаруды үйренді. Осындай кезеңде әр адамның, әр отбасының алдында бір сұрақ тұр: ертең қай кәсіп өзекті, өзгерістен қалай қалыс қалмауға болады? Ғалымдар әлем қазір аса зор ғылыми-техникалық революция табалдырығында тұрғанын айтып та, жазып та жатыр. Талай жыл бұрын қолөнер шеберлерін ірі зауыт, фабрикалар алмастырып, олар істеген жұмысты заманауи тәсілмен, озық технологиямен атқаруға көшкені сияқты, енді тіпті ақыл-ой еңбегімен шұғылданатын адамдардың орнын да жасанды интеллект баса бастады. Мәтін жазу, аудару, есеп жүргізу, құжат дайындау, тіпті бағдарлама құру секілді жұмыстардың бір бөлігін бүгін машина бірнеше секундта орындайды.

Мамандар пікіріне жүгінсек, 2030 жылға қарай 2 млрд жұмыс орны жойылатын көрінеді. Бұл – америкалық футуролог Томас Фрейдің бір кездері айтқан батыл болжамы. Бұдан бөлек, алдағы 20 жылға жетер-жетпес уақытта бүгінгі мамандықтардың 50 пайызына сұраныс жоғалады, есесіне жаңа сападағы көптеген вакансиялар пайда болады деген болжам бар.

Дегенмен халықаралық ұйымдардың есебі бұл жағдайды сәл басқаша сипаттайды. Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жұмыс орындарының болашағы – 2025» баяндамасына сәйкес, 2030 жылға дейін әлемдегі жұмыс орындарының 22 пайызы өзгеріске ұшырайды: 92 миллион жұмыс орны жойылып, есесіне 170 миллион жаңасы ашылады. Яғни таза өсім – 78 миллион жұмыс орны. Баяндама бойынша, болашақ жұмысқа қажет дағдылардың 40 пайызға жуығы бүгінгіден өзгеше болады, ал жұмыс берушілердің 63 пайызы мамандардың біліктілігінің жетіспеуін дамудың басты кедергісі деп санайды. Қызығы, саны жағынан ең көп өсетін кәсіптер тізімінің басында IT мамандарымен қатар фермер жұмысшылары, жеткізу мамандары, құрылысшылар тұр.

Демек, мәселе жұмыстың жоқтығында емес, адамның жаңа талапқа дайындығында. Қалай болғанда да, дүние қатты өзгеріс үстінде және өмір бізден кез келген жаңаруға, жаңғыруға дайын болуды талап етеді.

Диплом мен кәсіптің арасы

Негізі, жұрттың көбі мұны түсініп те үлгерді. Кезінде «балам сот немесе прокурор болса», «банкир болса» деп армандап, бар-жиған-тергенін соның жолына жұмсайтын, ақылы түрде болса да институтта, университетте оқытуға тырысатын. «Майда» мамандықтарды олқысынып, колледждерге мүлде жоламайтын. Өкінішке қарай, үміт ақтала бермейтін. 4-5 жыл табан аудармай оқып, табақтай диплом алғандардың барлығына бірдей қызмет дайын тұрмайды. Бір мамандық бойынша жыл сайын мыңдаған түлек шығып жатқанда, еңбек нарығы оның бәрін сіңіре алмайды. Жұмысқа кірген күнде де шайлығына жетпейтін айлығын қомсынып, жастардың өзі-ақ қызметте көп тұрақтамайтын. Нәтижесінде дипломы бар, бірақ мамандығы бойынша жұмыс істемейтін адамдар қатары көбейді.

Қарап тұрсақ, қазір нағыз сұраныстағысы да – сол электрик, сантехник, механик, дәнекерлеуші, тұрмыстық техника, көлік жөндеуші секілді басқа да көптеген «майда» кәсіпті игергендер болып тұр. Тәжірибелі шебердің бір күндік табысы кейде кеңсе қызметкерінің бір апталық жалақысынан кем түспейді, ал жақсы маманға кезек күтіп жазылатындар да бар. Соны түсінгендер осы бағытта бизнес ашып, кәсіпті табыс көзіне айналдыруда.

Бұл үрдісті мемлекет те назардан тыс қалдырған жоқ. Қазақстанда 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Елімізде 772 колледж жұмыс істейді, оларда 565 мыңдай студент білім алады. 2025 жылдан бастап кәсіптік-техникалық колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқыту жолға қойылды: мемлекеттік тапсырыс 153 мың орынға жетіп, оның 70 пайызы машина жасау, көлік, энергетика, құрылыс, IT сияқты техникалық салаларға бөлінді. Колледждерге 518 кәсіпорын қамқорлық жасайды, бұл санды 4 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Студент оқу орнында теория меңгеріп, кәсіпорында тәжірибе жинайтын дуальді оқыту жүйесі де дамып келеді.

Шағын кәсіпкерлікке де қолдау жоқ емес. Соңғы жылдары жер-жерде жұмыспен қамту орталықтары арқылы 3-4-6 айлық тегін курстар ұйымдастырылып жүр, онда жоғарыда аталғандарға қоса, аспаз, шаштараз, тігінші мамандықтарын оқытып-үйрету жолға қойылған. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқығандар өз ісін ашу үшін мемлекеттік грантқа өтінім бере алады. Жобаның алғашқы үш жылында (2017–2019) 118 мың адам оқып, оның 30 мыңға жуығы өз кәсібін ашқан, ал бес жылда жобадан 185 мыңға жуық адам өткен.

Қызмет көрсетудің жаңа түрлері

Осыдан 5-10 жыл бұрын «Киімді химиялық тазалау» дегенді ғана білетін болсақ, қазір клинингтік қызметтің өрісі айтарлықтай кеңіді. Кілем жуатын, үй тазалайтын, жөндеуден кейін тазалық жасайтын, жиһазды химиялық тазалайтын арнайы компаниялар бар. Саны артқан сайын бәсекеге орай қызмет көрсету сапасы да айтарлықтай жақсарып келеді. Тапсырысты бүгін әлеуметтік желі мен мобильді қосымша арқылы бірнеше минутта беруге болады, яғни цифрлық технология «майда» кәсіпті жоймай, керісінше оның тұтынушыға жолын қысқартты.

Мұның сыртында он саусағынан өнер тамған қыз-келіншектер өзара бірлесіп тапсырыс қабылдап, келісімді бағаға кез келген жиын-тойдың дастарханын жасап, ас-ауқатын дайындап бере қоятын да болыпты. Араларында технолог маманнан бастап, аспаздар мен олардың көмекшілері және даяшылар да бар. Үйде торт пісіріп сату, қолдан киім тігу, ұлттық бұйымдар жасау секілді кәсіптер де Instagram сияқты желілердің арқасында тұрақты табыс көзіне айналып отыр.

«Әрекетке – берекет» деген осы. Қымбатшылық жайлаған заманда қарап жатпай, істің көзін тауып, өзіне де, өзгеге де пайда келтіріп жүрген мұндай жандардың еңбекқорлығына, тапқырлығына қалай сүйсінбессің!

Қанша жерден бәрін техника, технология алмастырып жатыр дегенімізбен, адам қолын қажет ететін жағдайлар бәрібір болады. Кезінде «театр деген қалады, оның орнын жаппай телевизия басады» деген түсінік болды, қазір тіпті телевизиядан да өтімді, жедел, қуатты ғаламтор шықты. Бірақ шындығында телевизия да, ғаламтор да театрды алмастыра алған жоқ. Сол сияқты, қай заманда, қандай жағдайда да адам еңбегі, оның махаббатпен, шеберлікпен атқарған жұмысы құнын жоймайды, сұраныста болады деп ойлаймыз. Мәселе – тек бейімделуде.

Үйренуге ешқашан кеш емес

Қарап тұрсақ, «өтпелі кезең» бүгінде жасөспірімдерге ғана емес, орта жастағылар мен егде адамдарға да тән. Ол көбіне мамандық ауыстырумен байланысты. Яғни 20-30 жыл бойы күн құрғатпай таңертең барып, кешке қайтып жүріп атқарған кәсібі не жалықтырып, не әлдебір себеппен жұмыстан қысқарып кеткен адам мүлде басқа салаға бет бұрып, аяқ астынан «майда» кәсіпті меңгеруге бет бұрса, ол – өте құптарлық жайт.

Бүгінгі әлемде «өмір бойы білім алу» қағидасы қалыпты нормаға айналды. Бір рет алған диплом адамды өмір бойы асырайды деген түсінік ескірді. Енді тегін онлайн курстар, қысқа мерзімді оқу бағдарламалары, шеберден тікелей үйрену мүмкіндіктері кез келген жастағы адамға ашық. Дамуда дағдарып қалуға болмайды. Мына заман, бүгінгі уақыт ұдайы ізденісті, еңбекті талап етеді.

Сонымен, технологияның дамуы кәсіптердің бір бөлігін жоятыны рас, бірақ ол адам еңбегін мүлде қажетсіз етпейді. Халықаралық болжамдар да жаңа жұмыс орындарының жойылатындарынан көп болатынын көрсетіп отыр. Ұтылатын – өзгеріске қарсы тұрып, бір орнында қатып қалғандар; ұтатын – жаңа білімге ашық, қолынан іс келетін, өзгеріске тез бейімделетіндер.

Жастарға мамандық таңдағанда беделге емес, сұранысқа, өз қабілеті мен қызығушылығына қарау керек. Ата-аналар «майда» кәсіпті кемсітпей, баланың қолынан келетін іске қолдау көрсеткені жөн. Ал орта жастағылар мен егде адамдар үшін жаңа кәсіп үйрену – ұят емес, керісінше, өмірге деген белсенділіктің белгісі.

Абай атамыз «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп айтқандай, кез келген адал еңбек – абырой. Қандай заман келсе де, ізденген адам жолын табады. Жалпы, жерге басың тигенше әрекеттен, қарекеттен қалмағанға не жетсін!

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

Телеграм арнаға жазылыңыз
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Алматы мен Қытай жастарды жұмыспен қамту және кәсіби дамыту бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтіп келеді

Бүгін 14:13

«Бәйтерек» ҰИХ экономиканы қолдауға 8,7 трлн теңге бөлді

Бүгін 14:06

Қазақстанда сапалы жоғары білім алу мүмкіндіктері кеңейіп келеді

Бүгін 13:43

Олжас Бектенов отандық кәсіпорындарды қолдауды күшейтуді тапсырды

Бүгін 13:35

Азаматтық құқықтарды қорғау жаңа Азаматтық кодексте одан әрі дамытуды қажет етеді – Елеужан Серімов

Бүгін 13:31
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);