«Бәйтерек» ҰИХ» АҚ басқарма төрағасы Рүстем Қарағойшин Үкімет отырысында отандық өндірісті қолдау шаралары туралы баяндады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, 2026 жылғы тоғыз айында холдингтің даму институттары экономиканы қолдауға 8,7 трлн теңге бағыттаған. Осылайша, жылдық жоспардың 90%-ы орындалды. Қаржыландыру отандық кәсіпорындар жобаларын жүзеге асыруды, қазақстандық техникалар сатып алуды және экспортты қолдауды қамтиды.
«Агроөнеркәсіп кешенінде холдинг жалпы құны 34,5 млрд теңгені құрайтын 44 жобаны қаржыландырып отыр»,— деді Рүстем Қарағойшин.
Жаңа өндіріс орындарын құру үшін жалпы құны 7,6 трлн теңге болатын 282 жобадан тұратын «Инвестицияға тапсырыс» жобалар пулы қалыптастырылды. Холдингтің еншілес ұйымдарында агроөнеркәсіп кешені, тау-кен металлургия өнеркәсібі және машина жасау сияқты салаларды қамтитын, жалпы инвестиция көлемі 777 млрд теңгені құрайтын 48 жоба қаржыландырылуда. Сонымен қатар жалпы көлемі 4,7 трлн теңгені құрайтын тағы 30 жоба Инвестициялық кеңестің қарауына дайындалуда.