Ыстық ықылас, сәулелі сөз, 70 жылдық мерейтой: журналист, жазушы Бигелді Ғабдуллиннің шығармашылық кеші өтті 

Ыстық ықылас, сәулелі сөз, 70 жылдық мерейтой: журналист, жазушы Бигелді Ғабдуллиннің шығармашылық кеші өтті  Самат Құсайынов

16 тамызда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жазушы, журналист, аудармашы Бигелді Ғабдуллиннің 70 жылдық мерейтойына орай шығармашылық кеш өтті. 

Бигелді Қайырдосұлы Ғабдуллин – 40 жылдан астам еңбек жолында бірқатар маңызды редакторлық және қоғамдық қызметтерді атқарып, қазақ әдебиетін ел ішінде де, шетелде де кеңінен насихаттауға белсене атсалысқан қоғам қайраткері. Оның еңбегі ұлттық және халықаралық деңгейде жоғары бағаланды.

Былтыр ол 2022 жылғы қаңтар оқиғаларына арналған «Қаңтар-22: Сәтсіз мемлекеттік төңкеріс және ұлттың оянуы» атты кітабын көпшілікке таныстырды. Биыл көктемде Мәскеуде «Марал» және «СИЗО» атты кітаптарының тұсаукесері өтті. Бұл еңбектер әдеби ортада кеңінен талқыланып, қоғамда пікірталас тудырғаны белгілі.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, жазушы Мереке Құлкеновтың модераторлығымен өткен шарада Бигелді Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығы жөнінде бірқатар естеліктер айтылды. 

– 1955 жылы 31 шілдеде қазақтың қара баласы дүниеге келді. Сол бұйрабас бозбала осыдан 44 жыл бұрын ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, үлкен өмірге бағыт алды. Бұл жылдардан бері қарай қазақтың белгілі публицисі, жазушысы, аудармашысы, қоғам қайраткері Бигелді Қайырдосұлы Ғабдуллин деген үлкен тұлғаны көз алдымызда қалыптастырды. Бүгін сол азаматтың туған күнін тойлағалы отырмыз. «Казахстанская правдада», Қазақстан Жазушылар одағында үлкен жұмыс атқарды. Сол кездің өзінде проблемалық мақалаларды жазуға қалыптасқан ерекше журналист болатын. Олжас Сүлейменовтың тұсында Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшісі болды. Мәскеуден оқып келсе де, қазақ журналистикасы мен әдебиетінен алысқа кеткен жоқ.  Қазақтың бар мәселесіне араласқан бір публицист болса, ол – Бигелді Ғабдуллин, – деді Мереке Құлкенов. 

Шара барысында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау хатын оқыды: 

«Құрметті Бигелді Қайырдосұлы, сіздің өміріңіздің елеулі белесі – 70 жасқа толу мерейтойыңызбен құттықтаймын! Осынау мерейлі белеске сіз жұртқа кеңінен танымал қарымды қаламгер, майталман журналист, көрнекті қоғам қайраткері ретінде үлкен рухани қазынамен, зор абыроймен жетіп отырсыз. Бозбала шақтан қаламды серік етіп, шығармашылықпен үздіксіз айналысып келесіз. Бұл – ең жемісті жылдардың нәтижесі. Көптеген көркем туындылар, мазмұнды аударма еңбектер, қоғамдық көкейкесті мәселелерді көтерген өткір көсемсөздер, жаңа форматты заманауи сипаттағы бірнеше баспа жобалар, газеттер мен сайттар. Олар арқылы ұлттық мүдде, адамгершілік, асыл құндылықтардың дамуы мен өркендеуіне, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға өзіндік үлес қостыңыз. Әсіресе, заманауи қазақ журналистикасын қалыптастыруға қосқан үлесіңіз орасан зор. Сіз жетекшілік етіп, негізін қалаған «Новое поколение», «ХХІ век», «Central Asia Monitor» басылымдарының ақпараттық кеңістікте өзгеше құбылыс болып, қоғамдық ой мен сананы қозғауға үлкен күш-жігер жұмсағаны елге аян. Қазіргі таңда халықаралық ПЕН-клубқа жетекшілік етіп, қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейдегі өрісін кеңейтуге аянбай атсалысып жүрсіз. Қаламыңызбен де, қайраткерлігіңізбен де халыққа қалтқысыз қызмет етіп, әрдайым абырой төрінен көріне беріңіз. Мерейлі белесіңізбен тағы да құттықтай отырып, деніңізге саулық, ұзақ ғұмыр, ісіңізге береке тілеймін»,–делінген хатта. 

Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қансейіт Әбдезұлы қайраткердің болмысына қысқаша тоқталып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Қансейітұлының құттықтауын оқығаннан кейін, арнайы сыйлықты табыстады. 

Шығармашылық кеш барысында жиналған жұрт жұлдызды сәттің куәсі болды. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, журналист, қоғам қайраткері Ұлықбек Есдәулет Бигелді Ғабдуллиннің Түрксой Жазушылар одағына мүшелікке қабылданғанын айтты. Бір қызығы, кеш модераторы, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов те аталған одақтың құрылтай мүшесі атанды. 

«…Заман басқа болса да, 
Адам басқа болса да
Жарқын өмір сүруге,
Құштар болған соншама.
Түйсігінің әр сәтін,
Ұстар болған соншама.
…Ояу болсаң, тынбадың, 
Қырып салдың қызметті.
Ұйқыда да бос жатпай, 
Ой сапырдың түсіңде…», – деген өлең жолдары оқылған соң, Бигелді Ғабдуллин өзінен жылы лебізін аямаған, қолдан келгенше қолдау білдіріп, қуанышында жанынан табылған қауымға ерекше ықыласын білдірді. 

– Менің жүрегімнің ең тереңінде – сіздерсіздер. Жас кезімде адамның өз-өзін «адам» қылу үшін жақсы оқу керегін түсіндім. Олимпиада чемпионы бола алмайтынымды түсінген соң, журналистиканы қолға алдым. Шынайы жас жүректе болады. Жастарға қарап, қаламымның әлі ұшталатынына сенемін, – деді Бигелді Ғабдуллин.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:17

11:29

10:53

09:29

19:58

16:13

15:38

15:35

14:22

13:33

12:27

11:18

10:41

09:33

17:53

17:38

17:26

17:20

17:19

16:28

16:12

15:42

15:30

15:09

15:06