Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде белгілі ғалым-лингвист, филология ғылымдарының докторы, профессор Валентина Ивановна Жұмағұлованың 70 жылдық мерейтойы аталып өтті, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткеріне арналған «Быть педагогом и ученым – искусство отдавать» атты салтанатты жиынға белгілі мемлекеттік қайраткерлер, ғалымдар мен академиялық қауым өкілдері қатысты.
«Валентина Ивановна Жұмағұловамен ғылыми жұмыс бабы бойынша жиі кездесеміз. Сонымен қатар біз – отбасылық достармыз. Ол кісі өте жарқын тұлға. Бір ғалым деген – бір мемлекет. Осындай жүз ғалым болса, жүз мемлекеттің мәселесі шешіледі. Валентина Иванованы бүгінгі 70 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, биік белестерді бағындыра беруін тілеймін», – деді Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің Президенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік Академиясының академигі Ақсерік Әйтімов.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанай Валентина Ивановнаны 70 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, университеттің дамуына қосқан үлесі үшін медаль табыс етті.
Салтанатты жиында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, филология ғылымдарының кандидаты, Валентина Жұмағұлованың шәкірті Бейбіткүл Кәрімова ұстазына алғыс айтып, ыстық лебізін жеткізді.
«Ұстазымның өмірімде алар орны ерекше. Валентина Ивановна менің ата-анамнан кейінгі ең жақын адамым десем, артық айтқаным емес. Себебі маған өмірлік жол көрсетіп, тұлға болып қалыптасуыма өз септігін тигізді. Өте сабырлы, адамгершілігі мол, білімді, сыпайы жан. Осы қасиеттері – баршамызға үлгі. Қазақтың келіні қандай болу керек десе, Валентина Жұмағұлованы көрсетер едім. Маған берген білімі мен тәрбиесі үшін ұстазыма айтар алғысым шексіз», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Салтанатты шара аясында профессор Валентина Ивановнаның ғылыми жұмыстарының көрмесі ұсынылады. Онда ғалымның оқу тәжірибесінде қолданылып, болашақ мұғалімдерді жаңа біліммен байытатын ғылыми-зерттеу идеялары баяндалған. Сондай-ақ ғалымның ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған кітаптың тұсаукесері өтті. Кітаптың лентасын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесі Төрағасының орынбасары Бірғаным Әйтімова, Жоғары оқу орындары қауымдастығының Президенті, академик Алшанов Рахман Алшанұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Уәлихан Қалижанов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Динар Нөкетаева қиды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ғалым-лингвист, филология ғылымдарының докторы, профессор Валентина Ивановна жиын соңында ұстаздық мамандықтың маңыздылығы туралы айтып, келген қонақтарға өзінің шексіз алғысын айтты.
«Ұстаз болу – ең жауапкершілігі мол мамандық. Шәкірттерімізге дұрыс тәлім-тәрбие беру – біздің басты міндетіміз. Білімді елдің болашағы қашан да жарқын. Еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосар Университетіміздің білімді де білікті түлектері биіктерден көріне берсін. Бүгін жиынға келген барша қонақтарға айтар алғысым шексіз», – деді Валентина Ивановна.
Ұстаздың білім саласына қосқан қызметін бағалап, жас педагогтарға үлгі ретінде көрсету үшін өткен салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты.