Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алаңында Қала күніне арналған «Ән Алматы» мерекелік концерті өтті.
Бағдарлама Алматы қаласына, оның тарихына, мәдени мұрасына және қазіргі тыныс-тіршілігіне арналды. Музыкалық нөмірлер мен театрландырылған қойылымдар арқылы көрермендерге қаланың әр кезеңдегі даму жолы мен шығармашылық келбеті таныстырылды.
Бір сахнада қазақстандық эстрада артистері мен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының шығармашылық ұжымы өнер көрсетті. Бағдарламаға Алтынбек Қоразбаев, Мөлдір Әуелбекова, «Меломен» тобы, Ғаділбек Жанай, Abik Jeksen, «Бақай» тобы, Issatai, Айбек Жағыпар, «Sardar» тобы, Әзімбек Байлин, Әлихан Байсұлтан, Інжу Әнуарбек, Зүлфия Омарова, Нұрдәулет Карлов, ARUYESS, Дана Максим, Диана Майер, Әлем Құсайынова, Назигүл Әлікұлова және басқа да орындаушылар қатысты.
«Ән Алматы» концерті Қала күніне арналған мерекелік бағдарламаның алғашқы іс-шараларының бірі болды.
Негізгі іс-шаралар 19–20 қыркүйекте бірнеше қоғамдық кеңістікте өтеді. Концерттер мен мәдени бағдарламалар Абай және «Астана» алаңдарында, Панфилов және Жібек жолы жүргінші көшелері аумағында, сондай-ақ «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алаңында жоспарланған.
Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін концерттер, мәдени жобалар және басқа да мерекелік іс-шаралар дайындалды.