Алматыдағы №215 мектепте Ахмет Байтұрсынұлының әдеби мұрасын жаратылыстану бағытындағы пәндермен байланыстыра оқытуға арналған қалалық семинар ұйымдастырылды. Іс-шарада ұстаздар ұлттық әдебиетті география, физика, химия және биология сабақтарына кіріктірудің тың әдістерін ұсынып, өзара тәжірибе алмасты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
29 қазанда Алматы қаласындағы №215 мектепте «Оқу мәдениеті» және «Зерделі ұлт» жалпыұлттық бастамалары негізінде жүзеге асырылып жатқан «12 ай – 12 кітап» республикалық жобасы аясында қалалық семинар өтті. «Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» жинағындағы ұлттық мұраны жаратылыстану бағытындағы пәндер мазмұнына кіріктіру әдістемесі» тақырыбындағы басқосу білім беру ісіндегі пәнаралық байланысты нығайтуға және оқушылардың ұлттық әдебиетке қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Тағылымды шараға РҒПК Әдебиеттерді жинақтау бөлімінің басшысы Акимахан Баисова, аталған бөлімнің ғылыми қызметкері Қарақат Калиева, Бостандық ауданы білім бөлімінің әдіскері Сәуле Айбековна, сондай-ақ Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскерлері Гульмира Нукеева мен Әсел Қазыбекқызы қатысты.
Семинардың негізгі ерекшелігі – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын жаратылыстану ғылымдарымен сабақтастыра отырып, оқытудың тәжірибелік үлгілерін көрсету болды. Ұстаздар көркем шығармалардағы оқиғалар мен кейіпкерлер әрекеті арқылы табиғат заңдылықтарын, ғылыми ұғымдар мен құбылыстарды түсіндірудің тиімді жолдарын таныстырды.

Іс-шара барысында мектептің кітапхана меңгерушісі Толқын Кипшакбаева «12 ай – 12 кітап» жобасы аясында пәнаралық интеграцияны ұйымдастыру әдістемесіне тоқталды. Ол кітап оқуды тек әдебиет сабағымен шектемей, өзге пәндердің мазмұнымен байланыстыру оқушылардың таным көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Семинардың практикалық бөлімінде педагогтер панорамалық сабақтар өткізіп, өздерінің әдістемелік ізденістерімен бөлісті.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанболат Абайхан «Алаш идеясы – ұлттың шамшырағы» тақырыбында баяндама жасап, Алаш қайраткерлерінің ағартушылық мұрасы мен ұлттық құндылықтардың білім берудегі маңызын ашып көрсетті.
География пәнінің педагог-шебері Салтанат Алимбай Ахмет Байтұрсынұлының «Арыстан, киік һәм түлкі» мысалын география сабағымен байланыстыру тәжірибесін ұсынды. Ал физика пәнінің мұғалімі Әйгерім Өтеп «Аққу, Шортан һәм Шаян» мысалы арқылы күш, қозғалыс бағыты және тепе-теңдік ұғымдарын түсіндірудің ерекшеліктерін көрсетті.
Химия пәнінің мұғалімі Мерей Серік «Қырық мысал» шығармаларын химия сабағына кіріктіру жолдарын таныстырып, әдеби мәтін мен ғылыми танымды ұштастырудың мүмкіндіктеріне назар аударды.
Биология пәнінің мұғалімі Еркежан Шахмат «Қозы мен қасқыр аңдарға тиген індет» мысалы негізінде экожүйе мен қоректік тізбек тақырыптарын оқытудың тиімді тәсілдерін ұсынды. Бұл бағыттағы сабақтар оқушыларға табиғаттағы тіршілік иелерінің өзара байланысын әдеби шығарма мазмұны арқылы түсінуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бастауыш сынып мұғалімі Жазерина Толғанбай Ыбырай Алтынсариннің әңгімелерін бастауыш сынып сабақтарына кіріктіру тәжірибесімен бөлісті. Ал мектеп психологі Арайлым Қабылбек «Мәтін мен мән» атты сергіту тренингін ұйымдастырып, қатысушыларды белсенді жұмысқа жұмылдырды.
Семинар ұлттық мұраны заманауи білім мазмұнымен ұштастырудың жаңа мүмкіндіктерін көрсетті.

Әдеби шығармаларды жаратылыстану пәндерімен байланыстыра оқыту оқушылардың тек пәндік білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың сыни ойлау, салыстыру, талдау және қорытынды жасау дағдыларын дамытуға да ықпал етеді.
Шара соңында қатысушылар ұсынылған әдістемелерді талқылап, өзара пікір алмасты. Кері байланыс барысында пәнаралық сабақтастықты дамытуға қатысты ұсыныстар айтылып, тиісті ұсынымдар қабылданды.
Қалалық семинар педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына, оқытудың тың тәсілдерін ортаға салуына және ұлттық әдеби мұраны білім беру үдерісінде кеңінен пайдалануға бағытталған маңызды алаңға айналды.