Freedom Референдум
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
  • Референдум
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
  • Референдум
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Саясат / Үш министр, бір агенттік басшысы және Конституциял...

Үш министр, бір агенттік басшысы және Конституциялық сот төрағасы: Қазақстандағы ықпалды әйелдер кімдер?

Саясат Бүгін 16:43 25
Үш министр, бір агенттік басшысы және Конституциялық сот төрағасы: Қазақстандағы ықпалды әйелдер кімдер?
Сурет: коллаж, Aqshamnews.kz

Қазақстан саясатында әйелдердің үлесі әлі де төмен. Сенаттағы әйелдердің үлесі шамамен 20%, ал Мәжілістегі 98 депутаттың тек 17-сі – әйел, яғни 17,3%. Үкімет құрамында үш министр әйел болса, тағы бір мемлекеттік агенттікті әйел басқарады. Ал облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері арасында әзірге бірде-бір әйел жоқ.

Соған қарамастан, елімізде мемлекеттік басқарудың маңызды салаларында әйелдер де жауапты қызметтер атқарып келеді. Олар мәдениет, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат, құқық және қаржы жүйесі сияқты стратегиялық бағыттарды басқарып, елдің қоғамдық және саяси өміріне ықпал етіп келеді.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Aqshamnews.kz тілшісі мемлекеттік қызметтің жоғары сатыларында еңбек етіп жүрген бірқатар әйел басшыларға шолу жасап көрді.

Аида Балаева - мәдени саясаттың тізгінін ұстаған министр

1974 жылы Алматы облысында дүниеге келген Аида Ғалымқызы Балаева – Мәдениет және ақпарат министрі. Ол Қазақстанның ақпараттық және мәдени саясатындағы негізгі бағыттарды айқындап отырған басшылардың бірі. Мемлекеттік қызмет саласындағы оның жұмыс өтілі 25 жылдан асады.

Сурет: facebook.com/aqparatqogam/

Балаева еңбек жолын ақпарат саласынан бастап, кейін Алматы және Астана қалаларындағы ішкі саясат құрылымдарында, Президент Әкімшілігінде түрлі жауапты қызметтер атқарды. 2023 жылы қайта құрылған Мәдениет және ақпарат министрлігін басқаруға тағайындалды.

Қазіргі таңда оның қызметі ақпараттық саясатты үйлестіру, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы, қоғамдық идеология және әлеуметтік маңызы бар мәселелерге қатысты мемлекеттік саясатты жүзеге асырумен байланысты. Ол қоғамда резонанс тудырған оқиғаларға байланысты жиі ресми пікір білдіріп, мемлекеттік позицияны түсіндіретін саясаткерлердің бірі ретінде танымал.

Мысалы, бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот ісі бойынша ол бұл процестің қоғам үшін маңызды екенін айтып, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне назар аудартқанын атап өтті. Оның пікірінше, сот процесінің ашық өтуі қоғамдағы осындай мәселелердің алдын алуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, Балаева медиа саласына қатысты да бірқатар пікір білдірді. 2025 жылы Orda.kz және КазТАГ басылымдарына қатысты қозғалған істер туралы түсініктеме беріп, Қазақстанда журналистерді кәсібі үшін қудалау жоқ екенін айтты.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы ретінде ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманы күшейту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелерін де қадағалайды.

Сонымен бірге, мектептердегі хиджаб мәселесіне қатысты зайырлы білім беру қағидатын сақтау қажеттігін бірнеше рет атап өткен.

Ақмарал Әлназарова - елдің бас дәрігері

1971 жылы Қызылорда қаласында туған Ақмарал Әлназарова – медицина ғылымдарының докторы, тәжірибелі дәрігер әрі мемлекеттік басқару саласында ұзақ жыл еңбек еткен маман. Ол 2024 жылдан бастап Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарып келеді.

Еңбек жолын қарапайым дәрігер ретінде бастаған Әлназарова кейін облыстық денсаулық сақтау жүйесінде, мемлекеттік басқару құрылымдарында және Парламент Сенатында қызмет атқарды. Денсаулық сақтау жүйесін ішінен жақсы білетін маман ретінде ол министрлікке келгеннен кейін бірқатар реформаларды қолға алды.

Сурет: parlam.kz

Министрдің басты бағыттарының бірі – медицина жүйесіндегі қаржылық тәртіпті күшейту. Ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне аудит жүргізіп, қаржының тиімді пайдаланылуын бақылауды күшейтті.

Сонымен қатар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін реформалау мәселесіне ерекше назар аударды. СК-Фармация компаниясындағы басқару жүйесіне өзгерістер енгізіліп, дәрі-дәрмектерді өндірушілерден тікелей сатып алу тәжірибесі қарастырыла бастады.

Әлназарова ауылдық денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға да көңіл бөліп келеді. Елді мекендерде салынатын медициналық нысандардың құрылысы мен медициналық жабдықтардың пайдаланылуына қатаң бақылау енгізілді.

Министрдің тағы бір бастамасы - дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу. Бұл жүйе медициналық қателік болған жағдайда пациенттерге өтемақы төлеуге мүмкіндік береді.

Жұлдыз Сүлейменова - білім саласындағы жаңа буын басшысы

1983 жылы Ақтөбе облысында туған Жұлдыз Сүлейменова – тарихшы, PhD докторы. Ол ұзақ жылдар білім беру жүйесінде еңбек етіп, кейін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» құрылымында және Парламент Мәжілісінде қызмет атқарды.

2025 жылдың қыркүйегінен бастап Оқу-ағарту министрі қызметіне тағайындалды.

Сурет: wikimedia

Сүлейменова білім беру жүйесінде ашықтықты арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Оның бастамасымен өңірлердегі білім басқармалары мен мектептерге бірқатар тексерістер жүргізілді.

Тексерістер барысында кейбір аймақтарда «өлі жандар» арқылы қаржы жымқыру, мектептердегі тамақтандыруға бөлінген қаражаттың заңсыз жұмсалуы сияқты заңбұзушылықтар анықталған.

Министр сонымен қатар білім беру саласын цифрландыруға бағытталған жобаларды қолдайды. Соның бірі – оқушылардың қосымша білім алуына немесе тамақтануына бөлінетін қаражатты нақты баланың жеке ID-на байланыстыратын «цифрлық әмиян» жүйесі.

Сүлейменова мұғалімдердің құқықтарын қорғау мәселесін де жиі көтереді. Ол педагогтарды оқу процесіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға қарсы екенін айтып, «Педагог мәртебесі туралы» заңның толық сақталуын талап етеді.

Тамара Дүйсенова – әлеуметтік саясаттағы тәжірибелі басқарушы

1965 жылы дүниеге келген Тамара Дүйсенова – Қазақстандағы әлеуметтік саясат саласында ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі мемлекеттік қызметкер. Ол бірнеше рет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарып, премьер-министрдің орынбасары болған.

Сурет: Ақорда

Осы күні саясат сахнасынан көрінбей кетсе де, мемлекеттік қызметте 30 жылдан астам тәжірибесі бар білікті мемлекеттік қайраткер ретінде шолуға қосуды жөн көрдік. Әр жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін үш рет атқарып, премьер-министрдің орынбасары және Президенттің көмекшісі лауазымдарын да иеленген.

Әлеуметтік саясат саласындағы мықты басқарушы ретінде танылған Дүйсенова ең ықпалды әйелдер рейтингінде 3-орынға ие болған.

Дүйсенова әлеуметтік көмек жүйесін реформалау және оны нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау мәселесіне ерекше назар аударған басшы Оның бастамаларының бірі – Отбасының цифрлық картасы жүйесі. Бұл жүйе мемлекеттік деректер базасын пайдалана отырып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік берді. Соның арқасында азаматтарға жәрдемақы алу үшін көптеген анықтама жинаудың немесе ұзақ кезекте тұрудың қажеті азайды.

Сонымен қатар, Дүйсенова еңбек нарығындағы көлеңкелі жұмыспен күрес мәселесіне де көңіл бөлді. Осы бағытта Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жүйесі енгізіліп, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға әлеуметтік жүйеге ресми түрде қатысуға мүмкіндік берілді.

Дүйсенова басшылық еткен тұста оның әлеуметтік саясаттағы кейбір шешімдері қоғамда қызу талқылау тудырды. Соның бірі – әйелдердің зейнет жасын көтеру мәселесі. Дүйсенова бұл шешімді зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын сақтау қажеттілігімен түсіндірген еді.

Дүйсенова былтырдан бері саясат сахнасынан көрінбей кетті. Әзірге оның жаңа қызметке тағайындалуы туралы ақпарат жоқ.

Светлана Жақыпова – әлеуметтік қорғау жүйесін цифрландырған министр

Светлана Жақыпова – әлеуметтік қорғау жүйесінде ұзақ жылдар еңбек еткен маман. Ол 2023–2026 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарды.

Министр ретінде Жақыпова әлеуметтік төлемдерді цифрландыруға және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға басымдық берді. Оның бастамаларының бірі – жасанды интеллект көмегімен кедейлік қаупін алдын ала анықтауға арналған жүйе.

Сурет: Үкімет

Бұл жүйе мемлекеттік деректер базасын талдау арқылы әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Жақыпова ауыр және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін азаматтарға арналған арнайы әлеуметтік төлем енгізу бастамасын көтерді. Бұл төлем еңбек жағдайы ауыр салаларда жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қолдауға бағытталған.

Эльвира Азимова – Конституцияны қорғап отырған заңгер

Министрлік деңгейіндегі басқарушылардан бөлек, елдегі құқық жүйесінде де ықпалды әйелдер бар. Солардың бірі – Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Азимова.

Эльвира Азимова – Қазақстан Конституциялық Сотының төрайымы. Ол құқық қорғау және заң саласында үлкен тәжірибесі бар маман. Бұған дейін Әділет министрлігінде және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінде жұмыс істеген.

Азимованың басшылығымен Конституциялық Сот азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды институтына айналып келеді. Бүгінде кез келген Қазақстан азаматы заң өзінің конституциялық құқықтарын бұзады деп есептесе, осы сотқа жүгіну мүмкіндігіне ие.

Сурет: GOV.kz

Конституциялық Сот кейбір заң нормаларын қайта қарап, олардың Конституцияға сәйкестігін тексеріп отырады. Мұндай шешімдер мемлекеттік органдардың қабылдаған актілерінен жоғары тұрады.

Азимова әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударады. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманы күшейту қажеттігін бірнеше рет көтерген.

Сонымен қатар Қазақстанда өлім жазасын жою процесінің толық заңдық бекітілуіне үлес қосқан құқық саласының мамандарының бірі саналады.

Мадина Әбілқасымова – қаржы нарығын реттеп отырған экономист

Ал қаржы саласында елдің экономикалық тұрақтылығын бақылап отырған әйел басшылардың бірі - Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова. 1978 жылы туған Мадина Әбілқасымова – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы. Бұл агенттік Қазақстандағы банктердің, сақтандыру компанияларының және микроқаржы ұйымдарының жұмысын қадағалайтын негізгі мемлекеттік орган болып саналады.

Әбілқасымова – Президентке тікелей бағынатын мемлекеттік агенттікті басқарып отырған Қазақстандағы жалғыз әйел басшы.

Сурет: Almaty.tv

Ол қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау және азаматтарды шамадан тыс қарызға батып кетуден қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Оның бастамасымен микрокредит беру саласына бірқатар шектеулер енгізіліп, пайыздық мөлшерлемелер төмендетілді.

Сонымен қатар, қарызын уақытында өтемеген азаматтарға жаңа несие беруді шектеу сияқты талаптар енгізілді. Нәтижесінде тұтынушылардың құқықтарын бұзған бірқатар микроқаржы ұйымдары лицензиясынан айырылды.

Әбілқасымова банктердің қаржылық тұрақтылығын бақылауға да ерекше назар аударады. Оның бастамасымен AQR – активтердің сапасын бағалау жүйесі енгізіліп, банктердің нақты қаржылық жағдайын ашық көрсету талабы күшейтілді.

Қаржы саласы дәстүрлі түрде ерлер басым орта саналса да, Мәдина Әбілқасымова осы саладағы негізгі реттеуші органды басқарып, банктердің жауапкершілігін күшейтуге және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қорғауға бағытталған саясат жүргізіп келеді.

Қазақстанда жоғары лауазымдағы әйелдер саны көп емес. Дегенмен олар мәдениет, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат, құқық және қаржы сияқты маңызды салаларды басқарып отыр.

Бұл әйелдер түрлі бағыттағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырып, қоғам өміріне ықпал ететін шешімдер қабылдайды. Сондықтан олардың қызметі елдің дамуы мен мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне тікелей әсер етеді.

Телеграм арнаға жазылыңыз
#мемлекеттік қызмет #әйелдер #басшылық
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында жасөспірімге қатысты зорлық дерегі бойынша 25 жастағы күдікті қолға түсті

Бүгін 17:46

Тағы 167 қазақстандық аман-есен Алматыға оралды

Бүгін 17:19

Алматылық спортшы қыздар U20 және U17 жас санаттары бойынша әйелдер күресінен Қазақстан чемпионатында табысты өнер көрсетті

Бүгін 17:03

Су тасқынына дайындық: Олжас Бектенов Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді

Бүгін 16:28

Алматылық актерлер 15 наурыздағы референдумға қатысады

Бүгін 16:12
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі