ffin.kz

ҰҚШҰ мүше мемлекеттердің министрлері Душанбеде кездесті

ҰҚШҰ мүше мемлекеттердің министрлері Душанбеде кездесті Сурет: Gov.kz

Тәжікстан астанасында ҰҚШҰ Сыртқы істер, қорғаныс министрлері кеңесі мен Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы өтті.


Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев және Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов құрамына кірген Қазақстан Республикасының делегациясы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жарғылық органдарының бірлескен отырысына қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.



«Іс-шара барысында ҰҚШҰ-ның ағымдағы қызметі және оны дамыту перспективалары туралы кең ауқымды мәселелер талқыланды. Қатысушылар өзекті халықаралық проблемалар бойынша пікір алмасты. Ауғанстандағы жағдайды дамытуға және ҰҚШҰ мүше мемлекеттердің осы бағыттағы бірлескен іс-қимылдарына ерекше назар аударылды», – делінген Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.



Душанбедегі кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҰҚШҰ аясында жаңа институт – ҰҚШҰ Бас хатшысының бітімгершілік мәселелері жөніндегі арнайы өкілін құру туралы бастамасы қолдау тапты. Қатысушылар ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының тиісті шешімінің жобасын келісті.


Іс-шара қорытындысы бойынша, 2021 жылғы 16 қыркүйекте Душанбеде ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің сессиясына шығарылатын жобалар мен басқа да құжаттар мақұлданды. Олардың ішінде Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің декларациясы, Ұйымның қорғалған мультисервистік байланыс желісінің схемасы туралы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі шешімдерінің жобалары, ҰҚШҰ әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының төрағасы, сондай-ақ әскери және әскери-техникалық сипаттағы мәселелер бойынша басқа да құжаттар бар.



Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары бірқатар саяси мәлімдемелер қабылдады, соның ішінде Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы дағдарыстық жағдайларды реттеу жөніндегі ұжымдық күш-жігер, Ауғанстандағы жағдай туралы, БҰҰ Жарғысының қағидаттарына адалдықты растау туралы, Қазақстан бастамашылық еткен ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бірлескен күш-жігер туралы.



ҰҚШҰ форматындағы биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі құжаттар қаралып, келісілді. Атап айтқанда, 2002 жылғы 7 қазандағы ҰҚШҰ Жарғысына өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманың және «ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының комитеті туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы» ҰҚШҰ ҰҚК шешімінің жобалары мақұлданды, ҰҚШҰ мүше мемлекеттердің биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органдарының Үйлестіру кеңесін құру туралы ҰҚШҰ ҚКХК шешіміне қол қойылды.


ҰҚШҰ мүше мемлекеттердің қорғаныс ведомстволарының басшылары әскери комитет туралы ережеге өзгерістер енгізуге, медициналық қамтамасыз ету және ұйым елдері үшін медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша әскери кадрлар даярлау проблемаларын зерттеу саласындағы базалық ғылыми-зерттеу ұйымдарын бекітуге, әскери кадрларды бірлескен даярлау жүйесіндегі әскери оқу орындарының өзара іс-қимыл тәртібі жөніндегі ұсынымдарды, ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері Кеңесінің жанындағы әскери кадрларды бірлескен даярлауды үйлестіру жөніндегі жұмыс тобы құрамын бекітуге байланысты бірқатар құжаттарды мақұлдады.


ҰҚШҰ 2002 жылы құрылған халықаралық өңірлік ұйым. Құрамына Қазақстанмен қатар Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіреді.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14