Almaty-akshamy.kz сайтында жарық көрген жаңалықтарға шолу – күн керуені
«Ұлы даладан» базарлық
Елімізде тұңғыш рет «Ұлы дала дәмі» ұлттық жобасы өткізілді.
«ҰЛЫ ДАЛА ДӘМІ» жобасы аясында арнайы дайындалған «Наурыз қоржындары» – «Сыбаға» және «Тарту» қоржындары болып бөлінеді. Мерекелік кәде ел ағасы ақсақалдарға, әз әжелерге, көпбалалы және ерекше баласы бар аналарға, сондай-ақ, балалар үйіне тарту етілді.
Жобаның бастамашысы – «Alatau-Aqparat» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы: «Негізгі мақсатымыз — Әз Наурызды әсіресе, балалар асыға күтетін басты мерекеге айналдыру. Ұлыстың ұлы күнін айрықша атап өтуде жаңа құндылықтар мен дәстүр қалыптастыруға өз үлесімізді қосқымыз келеді», дейді.
Алматылық алғырлар
7-11 наурыз аралығында Алматы қаласының оқушылары Кипрдің Никосия қаласында өткен «FIRST Tech Challenge Cyprus 2024» халықаралық робототехника чемпионатына қатысып, жеңімпаз атанды. Турнирге 18 жергілікті және әлемнің түкпір-түкпірінен 7 команда қатысты. Алматылық «Sana team» командасы «THINK AWARD» және «Winning Alliance AWARD» номинацияларын жеңіп, бірінші орыннан көрінді.
14 наурыз - халықаралық өзендер күні
Халықаралық өзендер күні үлкен және кіші өзендерді қорғау ойынан туындаған. Әлемде «Халықаралық бөгеттерге қарсы іс-қимыл күні» ретінде белгілі, ол американдық «Халықаралық өзендер желісі» қоғамдық ұйымының бастамасымен экологиялық күндер күнтізбесінде пайда болды.
Тоқаевтың тазысы – Наурыз
Бұл тазыны былтыр Мемлекет басшысына ит асыраушы Анна Захарова сыйға тартқан болатын. Қазір Наурыз 1 жас 4 айға толды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бос уақытында тазымен серуендегенді ұнатады.
Көліктерді тіркеу жүйесі жаңартылады
Бүгінде жүк көліктері мен автобустарды заңсыз есепке қою фактілері жиілеп кетті. Қазақстандағы мамандандырылған ХҚКО-ларда жүк көліктерін, автобустарды және басқа да көліктерді есепке қоюдың заңдылығын тексеру шаралары басталды.
Ресми мәліметке сәйкес, 2023 жылдың тамыз айынан бері 23 қылмыстық іс тіркелді. Осы істер бойынша 3 мыңға жуық автокөлік заңсыз тіркелген. Ал мемлекетке келген залалдың көлемі 14 млрд теңгеден асты.
Бітімгершілерді шығарып салды
Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта ҚР Қарулы күштерінің бітімгерлік контингентін «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясына салтанатты түрде шығарып салуға арналған іс-шара өтті. Алаңға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, әскери қызметшілердің туған-туыстары мен әріптестері, Парламент депутаттары, атқарушы билік органдары мен ардагерлер ұйымдарының, «Жас-сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері жиналды.
Яссауи кесенесі – адамзаттың асыл мұрасы
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қожа Ахмет Яссауи кесенесін сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – Түркістанның сәулет-тарихи кешенінің бірі, оған жыл сайын 1 млн-нан астам адам келіп, зиярат етеді.Кесененің тиісті жай-күйін сақтау жөніндегі жұмыстар табиғи жағдайлардың әсеріне байланысты және бірегей сәулет ескерткіші мен ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра нысанының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қорқордың қорлығы
Қазақстанда кальян шегуге рұқсат еткен мейрамханалар мен барлардың иелеріне салынатын айыппұл сомасы ұлғаяды.
"Мейрамханалар мен барларда кальян шегетінін бәріңіз де білесіздер. Бүгінгі заңнама тұтынушының өзіне ғана шара қолдану мәселесін реттейді, бірақ рестораторлар мен кәсіпкерлерге қатысты норма жоқ. Осыған байланысты біз жауапкершілікті күшейтуді көздеп отырмыз. Яғни айыппұл мөлшерін ұлғайту және рестораторлар мен кәсіпкерлерге қатысты норма қабылдау туралы ұсыныс енгіздік", - деді Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева.