Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде «Ұлттық ұлан – патриотизм мен батылдық мектебі» акциясы аясында жастарға арналған «Ашық есік күні» іс-шарасы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру, патриоттық рухты қалыптастыру, әскери мамандықтың маңызын түсіндіру және Ұлттық ұланның қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметімен таныстыру болды.
Ашық есік күніне Алматы қаласы Алатау ауданындағы М.Хамраев атындағы №150 және 156, 181, 205 жалпы білім беретін мектептердің, №201 мектеп-гимназиясы мен №210 мектеп-лицейінің оқушылары, сондай-ақ Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында орналасқан әл-Фараби атындағы №31 жалпы білім беретін мектептің оқушылары және «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысты.
Іс-шара барысында оқушыларға әскери бөлімнің тыныс-тіршілігі жан-жақты таныстырылды. Қонақтарға қару-жарақ пен әскери техникалардың көрмесі, сарбаздардың қарумен және қарусыз саптық дайындық элементтері көрсетілді. Сонымен қатар қатысушылар сарбаздар казармасын аралап, әскери қызметшілердің күнделікті тұрмысымен танысты.
Әскери қызметтің заманауи бағыттарына да ерекше назар аударылды. Оқушыларға цифрлық трансформацияның әскери саладағы рөлі түсіндіріліп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде қолданылатын планшет құрылғыларының мүмкіндіктері көрсетілді. Сондай-ақ радиостанциялар арқылы жедел байланыс орнату тәртібі таныстырылып, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс құралдарын кию бойынша тәжірибелік сайыс ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында әскери бөлімнің мәдени-демалыс орталығында кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізілді. Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясы туралы деректі фильм көрсетіліп, келісімшарт бойынша әскери қызметке орналасу және Отан алдындағы әскери борышты өтеудің маңызы түсіндірілді.
№210 мектеп-лиейінің «Жас сарбаз» сыныбының оқушысы Дінмұхаммед Мұрат іс-шарадан ерекше әсер алғанын айтты.
- Біз әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен жақын таныстық. Әсіресе сарбаздардың дайындығы мен тәртібі қатты ұнады. Осындай кездесулер жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттырады деп ойлаймын. Болашақта әскери мамандық таңдауға ынтам арта түсті, - деді ол.
Ал №156 мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі запастағы полковник Елдос Шалабаев мұндай шаралардың тәрбиелік маңызы жоғары екенін атап өтті.
- Ұлттық ұлан әскери бөлімі өкізіп отырған бұл шара - жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудегі маңызды жұмыстардың бірі. Оқушылар әскери қызметтің қыр-сырын көріп, сарбаздардың жауапкершілігін сезіне алады. Осындай игі іс ұйымдастырған әскери бөлім басшылығына алғысымды білдіремін, — деді запастағы полковник.
Ашық есік күні жасөспірімдердің әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етті. Ұлттық ұлан өкілдерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі