Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы №11 жалпы білім беретін мектепте «Құндылыққа бағдарланған сабақ: мазмұн, тапсырма, нәтиже» тақырыбында қалалық семинар өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Білім беру мазмұнына ұлттық құндылықтарды кіріктіру, жас ұрпақтың бойына рухани-адамгершілік қасиеттерді сіңіру және заманауи педагогикалық әдістерді тиімді қолдану мәселелеріне арналған тағылымды кездесу мұғалімдер үшін тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды.
Семинардың басты мақсаты – педагогтердің ұлттық құндылықтарды оқу пәндерінің мазмұнына кіріктіру, оқу мақсаттарына сәйкес құндылыққа бағдарланған тапсырмалар әзірлеу және оқушылардың алған білімдерін өмірлік жағдаяттарда қолдануына бағытталған оқу әрекеттерін ұйымдастыру бойынша кәсіби құзыреттілігін дамыту.
Семинарды мектеп директоры Ағыбаева Салтанат Ақылбекқызы ашып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, білім мен тәрбиені ұштастырудың және өскелең ұрпақтың бойына елжандылық қасиеттерді қалыптастырудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар «Мұғалім мәдениеті – қоғамға үлгі» тақырыбында баяндама жасап, Сингапурдың білім беру жүйесіндегі озық тәжірибелер мен жаңашыл әдістерді отандық білім беру үдерісіне енгізу мүмкіндіктеріне тоқталды. Ұстаздың кәсіби мәдениеті мен тұлғалық үлгісі оқушы тәрбиесінде айрықша орын алатынын жеткізді.
Семинардың мазмұны ұлттық өнер мен әдебиетті ұлықтаған шығармашылық бағдарламамен жалғасын тапты. «Өшпес мұра, өлмес есімдер» тақырыбында қазақ ақындарының өлеңдерін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері және 8, 11-сынып оқушылары мәнерлеп оқып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ал 9 «А» сынып оқушысы Коваленко Александр белгілі «Ерке сылқым» күйін орындап, ұлттық музыканың көркемдігі мен рухани қуатын танытты.
Абай Құнанбайұлының «Сағаттың шықылдағы емес ермек» өлеңі негізінде дайындалған сахналық қойылым да көпшілік назарын аударды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Исағалиева Гүлмира Қанатқызы жетекшілік еткен 7-сынып оқушылары ұлы ақынның уақыт, өмір және адамдық қасиеттер туралы терең ойларын сахна тілімен жеткізді. Бұл көрініс Абай мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін де тәрбиелік мәні зор екенін айқын көрсетті.
Әдістемелік бөлімде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Алматы қаласы бойынша Кәсіби даму институтының «Қоғамдық-гуманитарлық бағыт» кафедрасының меңгерушісі Арзымбетова Салтанат Жақсылыққызы «Ұлттық құндылықтарды оқу тапсырмаларының мазмұнына кіріктіру: практикалық тәсілдер» тақырыбында баяндама жасады. Ол ұлттық құндылықтарды оқу тапсырмаларының мазмұнына енгізудің тиімді жолдарын ұсынып, мұғалімдердің күнделікті тәжірибесінде қолдануға болатын әдіс-тәсілдерін бөлісті.
Сондай-ақ аталған институттың «Қоғамдық-гуманитарлық бағыт» кафедрасының аға оқытушысы, докторант Ибраева Жанар Мұхаметәліевна «Блум таксономиясы: ұлттық құндылықтарды танудан саналы шешім қабылдауға дейін» тақырыбында мазмұнды баяндама ұсынды. Баяндамашы Блум таксономиясын қолдану арқылы оқушылардың білімді меңгеру, түсіну, талдау, бағалау және саналы шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыру жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды оқыту үдерісіне жүйелі енгізудің оқушының ойлау қабілетін дамытудағы маңызын атап өтті.
Практикалық бөлім аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Кайргалиева Е.Н. 9 «А» сынып оқушыларымен бірлесе «Жалғызаяқ жол» тақырыбында панорамалық сабақ көрсетті. Сабақ барысында білім мазмұны мен тәрбиелік бағытты ұштастыруға, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға және ұлттық дүниетанымын қалыптастыруға басымдық берілді.
Оқушылардың өнері мен сахналық қойылымдары семинардың мазмұнын байыта түсті. Әдеби шығармаларды мәнерлеп оқу, күй орындау және Абай өлеңін сахналау арқылы ұлттық мұраның тәрбиелік әлеуеті ашылып, жас ұрпақтың рухани әлемін байытудағы әдебиет пен өнердің орны айқындалды.
Семинар соңында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, заманауи оқыту әдістерін талқылады. Кездесу барысында ұлттық құндылықтарды білім мазмұнына кіріктіру, Абай мұрасын тәрбие құралы ретінде тиімді пайдалану және оқушылардың алған білімін өмірде қолдануына жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Түйіндей келе, ұлттық құндылыққа негізделген білім – ұлт болашағына салынған инвестиция. Білім мен тәрбиені қатар ұстанған ұстаз ғана саналы, рухани бай, елін сүйетін ұрпақ қалыптастыра алады. №11 жалпы білім беретін мектепте өткен қалалық семинар педагогтердің кәсіби ынтымақтастығын нығайтып, ұлттық тәрбие мен сапалы білімді сабақтастырудың маңызын тағы бір мәрте айқындады.