Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Егемендік Декларациясы – ел Тәуелсіздігіне негіз қалаған және жол ашқан тарихи маңызды құжат
- Еліміздегі әрбір мерекенің, әрбір айтулы датаның пайда болуының өзіндік тарихы бар. Егер де ол мереке елдің, мемлекеттің, халықтың тарихы мен тағдырына тигізер ықпалы мен әсері қаншалықты күшті болса, мерекенің де халық үшін маңызы зор болып келеді. Ел тарихының Тәуелсіздік кезеңіне жол салып берген, Тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамға құқықтық негіз болған Егемендік туралы Декларацияның қабылданған күні – 25 қазан маңызы зор, ерекше тарихи күн болып есептеледі.
Ұлық мерекенің мазмұны мен маңызы
Алғаш рет бұл айтулы күн 1992 жылы Республика күні ретінде ресми атап өтіле бастады да, 2001 жылдан бастап мемлекеттік мерекелік күндер қатарына енгізілді. Ал 2009 жылғы «Мерекелер туралы» заңда ол күн ешбір себепсіз алынып тасталды. Осыған байланысты 2022 жылдың 16 маусымында Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген еді: «...Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек». Сөйтіп, Құрылтай шешімін жүзеге асыру мақсатында Ел Президенті 2022 жылдың 29 қыркүйегінде қол қойған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңның 2-ші бабында «Қазақстан Республикасындағы Ұлттық мереке – 25 қазанда атап өтілетін Республика күні болып табылады» деп айрықша атап көрсетілді.
1990 жылдың дәл осы күні Алматы қаласында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің 12 шақырылған күзгі мәжілісінде «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендегі туралы Декларация» деп аталатын аса маңызды тарихи құжат қабылданған еді.
Бұл құжат – біріншіден, сол тұстағы Кеңестер Одағындағы қалыптасқан ішкі қоғамдық-саяси өмірдің айнасы болса, екіншіден, Қазақ КСР-нің болашағын айқындап көрсеткен құжат болып саналды.
Ел болашағын айқындаған құжат қалай қабылданды?
1985 жылы наурыз айында КСРО атты алып империяның КОКП-ның Бас хатшысы боп сайланған М.С.Горбачев сол жылғы сәуір айында экономиканы қарқынды түрде дамыту үшін «жеделдету» ұранын жария етті. Ал бір жылдан соң «қайта құру» деген атауға ие болған саясатты жүргізуге кірісті. Ол үшін қоғамдық өмірді «демократияландыру», «жариялылық» деп аталатын бағыттарды өмірге енгізе бастады. Бірақ нақты істен гөрі құр жалаң сөзі көп бұл бағыттардың нәтижелері онша болмады. Алып империяның экономикалық даму үдерісі тежеле бастап, көп ұзамай жалпы дағдарысқа түсе бастады. Ал бұл жағдай өз кезегінде әлеуметтік теңсіздіктер мен қайшылықтарды туғызса, ол үдеріс одан әрі жалғасып, ұлтаралық дүрдараздыққа ұласты. Кеңес қоғамы өзінің 1920–1950 жылдардағы тарихының ақтаңдақтарын жариялылық арқылы біліп, мұның себептерін Коммунистік партияның үстемдігінен, оның Сталин секілді басшылығының қанқұйлы саясатынан деп қабылдады. Сөйтіп, барлығына партия мен орталықтандырылған биліктің жетекшілері кінәлі делінген пікірлер үстемдік құра бастады.
«Қайта құру» саясаты жарияланғаннан кейінгі 3-4 жыл ішінде КСРО көлемінде қордаланған барлық мәселелер 1989 жылдың мамыр-маусым айларында өткен КСРО Халық депутаттарының 1 сьезінде аузы ашылған жарадай толығымен көрініс берді. Съездің ашылған алғашқы сәтінен бастап-ақ оның жұмыс бағыты Кремль басшылығы ойлағандай болмады. Грузиядан сайланған бір депутат 1989 жылы сәуір айында Тбилиси қаласында болған қырғынның құрбандарын еске алу үшін үнсіз орындарынан тұруды және сол оқиғаға қатысты сьездің шешімімен комиссия құруды ұсынғаны есімізде. Одан кейін сөз алған барлық депутаттар өз аймақтарындағы әртүрлі проблемаларды айтып жатты. Міне, осыдан кейін сьезд жұмысы басқа арнамен жүрді десе болады. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы осы съезде қазақстандық депутат, белгілі ақын Мұхтар Шахановтың сөйлеген сөзі әлі есімізде. Жалпы алғанда, бұл сьезд Кеңес Одағының тұралап қалғандығын, құлаудың алдында тұрғандығын көрсетті. Сонымен бірге, коммунистік идеологияның өміршең еместігін, КОКП рөлінің төмендегенін, Мәскеудегі Орталық биліктің қауқары әлсірегенін және одақтас республикалардағы басшылықтың рөлі мен беделінің арта бастағанын көрсетті.
Съезден кейін әлеуметтік-экономикалық ахуал одан әрі тереңдей түсті де, ол ішкі-сыртқы саяси жағдайға әсер етіп жатты. Ал оны тоқтатудың, дағдарыстан шығудың жолын Мәскеудегі Орталық билік таба алмады. Дәл осы кездегі КСРО жағдайын толқынды күні теңізде ескегінен айырылған қайықшыға теңесе болар еді. Алғаш рет осы тұста Балтық жағалауындағы республикаларда «тәуелсіздік», «егемендік» туралы ойлар ашық айтыла бастады. Қызыл империяны сақтап қалу үшін Орталық билік 1990 жылдың бірінші жартысында федерация, конфедерация негізінде жаңа келісімдер жасау, тіпті Жаңа Одақтық шарт жасау туралы идеяларды алға тарта бастады. Сөйтіп, оның жұмысы басталып та кетті.
Бірақта оған қарамай Балтық жағалауындағы үш ел – Литва, Латвия және Эстония өз егемендіктерін жариялап, өзге республикаларға үлгі көрсетіп, батыл қадамдар жасады.
Елдегі саяси өмірдің жандануы: демократиялық үдерістер
Осы тұста Қазақстанда да дәл Орталықтағыдай, Батыс жағалауындағы елдердегідей, Украина мен Грузиядағыдай болмаса да, саяси өмір жандана бастаған еді. Ол қоғамдық өмірді айқындайтын күшке айналмаса да, оның айқын көрінісі бола білді. Демократиялық күштер мен жариялылықтың ықпалымен 1988 жылы қараша айында алаш арыстары ақталып, одан кейін Желтоқсан оқиғасына қатысып, сотталғандарға кешірім жасала бастады. 1990 жылы шілдеде еліміздегі барлық ұлттық-демократиялық бағыттағы саяси күштердің бірігуімен «Азат» республикалық азаматтық қозғалысы дүниеге келіп, өз жұмысын белсене жүргізе бастады. Қозғалыстың атынан көрініп тұрғандай, оның мақсаты – елдің азаттығы, егемендігі, тәуелсіздігі болды.
Елдегі мұндай саяси демократиялық үдерістер мемлекеттік билікке де әсер ете бастады. 1990 жылғы 25 наурызда республика Жоғары Кеңесінің кезекті XII шақырылымына сайлау болып, ол сәуір айында өз жұмысына кірісті. Бұған дейінгі Жоғары Кеңеске сайлаулар шексіз билікті иеленіп отырған Коммунистік партияның басқаруымен, қатаң бақылауымен жүргізіліп, әрбір депутаттыққа үміткер қатаң тексерістерден өткізілетін. Бұл жолғы сайлауда қоғамда болып жатқан демократиялық үдерістер ескеріліп, территориялық принципке сай сайлау округтерімен қатар қоғамдық ұйымдар мен шығармашылық одақтар атынан 90 депутаттық мандатқа рұқсат берілді. Соның нәтижесінде халық қалаулыларының 90 депутаттық мандатын елімізге белгілі, бірнеше ондаған алдыңғы қатарлы заңгерлер, экономистер, қоғамтанушы ғалымдар, жоғары оқу орындарының ректорлары, шығармашылық одақтың жетекшілері, мүшелері иеленді. Барлық 360 депутаттың 7-еуі Қаз КСР Ғылым академиясының академиктері, 48-і ғылым докторлары мен кандидаттары, 23 адам КСРО мен ҚазКСР мемлекеттік сыйлығының иегерлері, 11 адам Кеңестер Одағының Батыры мен Социалистік Еңбек Ері атағын иеленгендер еді. Сайланған 7 академик сол тұстағы Қазақ елінің ұлы ғұламалары – Жабайхан Әбділдин, Өмірбек Жолдасбеков, Мұхтар Әлиев, Манаш Қозыбаев, Шахмардан Есенов, Айтмұхамед Абдуллин, Салық Зиманов болатын.
Егемендік Декларациясын қабылдауда қоғамдық ұйымдар, ғылыми мекемелерден және шығармашылық одақтардан сайланған депутат-тұлғалар ерекше рөл атқарды. Ұлттық құрам жағынан алғанда барлық 360 депутаттың 181-і қазақ, 100-і орыс, қалғандары басқа ұлт өкілдері болды. 12 шақырылған Жоғары Кеңес Төралқасының төрағасы болып мамандығы экономист Ерік Мағзұмұлы Асанбаев сайланды.
Бұл Жоғары Кеңес ел тарихында екі тарихи заңды қабылдауымен ерекшеленді. Алғашқы құжат – «Президент туралы» заң, осы заңға сәйкес Жоғары Кеңес 1990 жылы 24 сәуірде Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Н.Назарбаевты Қазақ КСР-ның Президенті етіп сайлады.
Екінші заң – «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы» декларация еді. 1990 жылдың көктемі мен күз айлары аралығында КСРО-ның саяси өмірінде ыдырау үдерісі өте жоғары қарқынмен жүре бастады. Балтық елдерінің егемендігін басқа республикалар жалғастырып, егемендіктері туралы декларацияларын барлық республикалар жарыса жариялап жатты. 1990 жылдың қазан айына дейін тек Қазақстан мен Қырғызстан ғана әлі жариялай қойған жоқ еді.
Егемендік туралы Декларацияның үш жобасы
Айтуға оңай болғанымен, бұл маңызды құжатты қабылдау депутаттар арасында үлкен идеялық, саяси күрес арқылы жүрді. Негізінен, Егемендік туралы Декларацияның үш жобасы дайындалады. Біріншісін Жоғары Кеңестегі «Демократиялық Қазақстан» деп аталатын қазағы бар, орысы бар, басқалары бар, орыс тілді 30-дан астам мүшеден тұратын депутаттар тобы даярлайды. Олар Декларация жобасын қазан айының басында мерзімді баспасөз беттерінде жариялап жібереді. Бұл жоба бойынша Қазақстанда көпұлтты этностар өмір сүріп жатқандықтан, жаңа қоғамды құру ұлттық мемлекеттілік тұжырым негізінде емес, азаматтық қоғам ұстанымы негізінде болуы қажеттігі тұжырымдалды, өйтпеген жағдайда, болашақта бұл қоғамда келеңсіз жағдайларды көп туғызады делінеді. 1989 жылы қыркүйекте қабылданған Қазақ тілі туралы заңның болуына қарамастан олар жасаған Декларация жобасында орыс тілі ресми мемлекеттік тіл болады деп жазды. Бұл жоба, әрине қазақ азаматтарының қатты қарсылығын туғызды.
Жоғары Кеңестің жұмыс тобы Декларацияның негізгі жобасын дайындап, талқылауға ұсынды. Қазан айының бірінші жартысы Декларация жобаларын талқылауға кетті десе болады. Сондай-ақ, халық қалаулыларынан, қоғамдық ұйымдар мен еңбек ұжымдарынан, жекелеген азаматтардан көптеген ұсыныстар, толықтырулар, өзгерістер туралы пікірлер Жоғары Кеңеске түсіп жатты. Осылардың бәрін ескере келе, Жоғары Кеңес заңгер – академик, алдыңғы ойлы ұлтжанды азамат, депутат Салық Зиманов бастаған арнайы комиссия құрып, оған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отыра Декларацияның жаңа, толықтай нұсқасын, басқаша айтқанда үшінші нұсқасын жасауды тапсырады. Салық Зиманов бұған дейін академик Ж.Әбділдиннің басқаруымен алаш арыстарын ақтаған комиссия құрамында жұмыс істеген еді. Бір аптадан астам уақыт бойы жұмыс істеген С.Зиманов комиссиясы Декларацияның соңғы жобасын Жоғары Кеңеске 15 қазанда ұсынды.
Жобаны талқылау өте қызу және қарқынды жүрді. Ондағы әрбір бапқа, әрбір сөйлемге, оның мәніне дейін талқылаудан өтіп, бірден дауысқа салынып отырды. Талқылау барысында арнайы жұмыс тобының мүшесі, белгілі заңгер-академик, тағы бір ұлтжанды азамат, депутат Сұлтан Сартаев өте белсенділік танытып, қойылған сұрақтарға жауап бере отыра, «Егемендік туралы Декларацияның» басты ұстанымы мен баптарын қорғауда белсенділік көрсетеді. Сондай-ақ, ұлтжанды депутаттар – зиялы қауым өкілдері, әсіресе, қоғамдағы беделі өте зор академиктер басқа депутаттар арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізді. Осылайша ел тағдыры үшін аса маңызды құжаттың қабылдануы күрделі жағдайда өтеді.
Азаттықтың ақ таңы
1990 жылдың 25 қазаны күні 18 сағат 55 минутта ҚазКСР-нің 12-ші шақырылған Жоғары Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны көпшілік дауыспен қабылдады. Дауыс беру қорытындысы бойынша Декларацияны 261 депутат қолдап, 18 депутат қарсы дауыс береді, 2 адам қалыс қалса, 1 адам мүлде дауыс бермейді. Осылайша Қазақ КСР-і Одақ құрамындағы республикалар арасында 14-ші болып Егемендік туралы Декларациясын жария етті. «Әлемді сұлулық сақтайды» деген қанатты сөздің жалғасы іспетті «Қоғамды зиялылық бастайды» деген сөздің ақиқатын осы жерде көруге болады. Көп ұзамай Қырғыз елі де осындай заңын қабылдайды.
Қабылданған Егемендік туралы Декларация 17 тармақтан тұрды. Онда Қазақ мемлекеттілігін құруда, қоғамды қалыптастыруда жалпы адамзаттық құндылықтар мен принциптер басшылыққа алынатындығы айтылды. Қазақ КСР одақтағы басқа мүшелермен ерікті түрде бірігетін және олармен келісім-шарттар негізінде қатынастар жасайтын егемен ел деп жарияланды. Сондай-ақ, Декларацияда Қазақстандағы биліктің қайнар бастауы және иесі Қазақстан халқы деп жарияланды. Сонымен бірге, бұл маңызды құжатта Қазақ КСР-нің территориясы тұтас, оған қол сұғылмайды және елдің келісімінсіз оны ешкім пайдалана алмайды делінді.
Декларацияда мемлекеттік биліктің үш тармаққа бөлінетіндігі – заң, сот және орындаушы болып бөлінетіндігі жария етілді. Сонымен бірге, Қазақ КСР аумағында Ата Заң мен ел заңдарының үстемдік құратындығы, ел аумағындағы ұлттық байлық республиканың дербес меншігі болатындығы, халықаралық қатынастарда Қазақ КСР-і жеке субъект болатындығы және ішкі саясатты өз мүддесіне сай анықтайтындығы, егемендіктің басты белгілері – мемлекеттің Елтаңбасы, Туы және Әнұраны болатындығы мәлімделді.
Арада 1 жыл және 1,5 ай өткеннен соң Қазақстан Республикасы Егемендік туралы Декларацияны негізге ала отыра, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ Елінің Тәуелсіздігі туралы Заңды қабылдады. Сөйтіп, Егемендік Декларациясы ел Тәуелсіздігіне негіз қалаған және жол ашқан тарихи маңызды құжат болып саналады. Сол себепті де, осы құжат қабылданған күн – 25 қазан ел тарихындағы аса маңызды тарихи күн болды және ұлттық мереке – Республика күні болып саналады. Мереке құтты болсын!