«Алып анадан туады». Бұл – жай ғана мақал емес, ұлт ұлыларын өмірге әкелген аналардың жазылмаған өмірлік формуласы іспетті.
Қазақ тарихына үңілсек, ел тағдырын арқалаған ерлердің артында міндетті түрде дана ана мен асыл әже тұрғанын көреміз. Батырды бесікте тербеткен, ғалымның санасына сәуле құйған, ханға ақыл айтқан, халыққа пана болған да – ана.
Көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Aqshamnews.kz тілшісі бір ғана әулеттің емес, тұтас ұлттың анасына айналған тұлғаларды еске алады.
Рухтың шамшырағы – Домалақ ана
Домалақ ана – қазақ руханиятындағы әулиелік пен аналық қасиеттің тоғысқан бейнесі. Шын есімі – Нұрила. Деректер бойынша, ол Қожа Ахмет Ясауи әулетінен тараған Мақтым Ағзам қожаның немересі деп келеді. Ерте жетім қалған Нұрила атасы мен әжесінің тәрбиесінде өседі. Жастайынан ол зеректігімен, сабырлы мінезімен ерекшеленеді.
Аңыз бойынша, атасы түсінде Қожа Ахмет Ясауиді көріп, немересіне ерекше бақ қонатыны туралы аян алады. «Білегінен кім ұстаса, соған қос» деген ишара кейін тағдыр шындығына айналады. Құдыққа құлап кеткен Нұриланы Бәйдібек би құтқарып, білегінен ұстап шығарады. Кейін ол Бәйдібек биге тұрмысқа шығып, тұтас бір әулеттің ұйытқысына айналады.

«Домалақ ана» атауының шығу төркіні туралы бірнеше нұсқа бар. Ең кең тараған аңыз бойынша, қарақшыларға айран ұсынып, аналық мейірім көрсеткен Нұрила оларды райынан қайтарады. Өзінің кешірімі мен кеңдігін көрген ел оны «Диһнат мама» – «Әулие ана» деп құрметтеген. Уақыт өте келе бұл атау «Домалақ ана» болып қалыптасқан.
Домалақ ана – төзім мен сабырдың, бірлік пен берекенің символы. Қаратау бөктеріндегі кесенесі бүгін де халық тағзым ететін қасиетті мекен. Ол – аңыз кейіпкері ғана емес, ұлт жадындағы рухани Ана.

Ел тағдырын ойлаған ханым – Бопай ханым
XVIII ғасыр – қазақ даласы үшін ең күрделі кезеңдердің бірі. Осындай алмағайып уақытта ел ісіне белсене араласқан санаулы әйелдердің бірі – Бопай ханым.

Ол – Кіші жүз ханы Әбілқайыр ханның жары ғана емес, оның сенімді тірегі болды. Ресей империясымен уақытша келісімге келу саясатын терең түсініп, қолдады. 1731 жылы Анна Иоанновнаға, кейін Елизавета Петровнаға хат жолдап, дипломатиялық байланыс орнатуға атсалысты. Қазақ даласында әйел адамның халықаралық деңгейде хат алмасуы – сирек құбылыс.
Әбілқайыр қазасынан кейінгі сын сағат
1748 жылы Әбілқайыр хан қаза тапқанда, ел тағдыры қыл үстінде тұрды. Осындай шақта Бопай ханым батыл қадам жасап, ұлы Нұралы ханның хан тағына отыруына ықпал етті. 1749 жылы Нұралы ресми бекітілді. Бұл да Бопай ханымның саяси көрегендігінің айғағы.

Ұлт рухының алтын бесігі – Зере
Зере – қазақ тарихындағы «әже» ұғымының биік үлгісі десек артық емес. Ол – Абай Құнанбайұлының әжесі ғана емес, қазақ руханиятының алтын арқауы.
Немересі Ибраһимге «Абай» деп ат қойып, еркелеткен де – осы әже. Оның зеректігін ерте таныған Зере ертегі айтып, шежіре шертіп, бала санасына елдік пен парасат дәнін екті.

Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында Зеренің әңгімешілдігін ерекше суреттейді. Бала Абайдың ынтыға тыңдауы – болашақ ойшылдың рухани қалыптасуының көрінісі. Егер Абай – қазақ ойының шыңы болса, сол шыңның іргесін қалаған – Зере.
Ғылымға жол ашқан дана әже – Айғаным Сарғалдаққызы
Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен қазақтың біртуар ұлдарының бірі - Шоқан Уәлиханов. Оның тұлға болып қалыптасуына ерекше ықпал еткен әжесі – Айғаным.
Айғаным – бірнеше шығыс тілін меңгерген, орыс мәдениетіне ден қойған, саяси хат алмасуға араласқан білімді әйел. Өз заманында ол шаңырағын рухани орталыққа айналдырған. Ақын-жыраулар, билер, орыс зиялылары жиі бас қосатын орта жас Шоқанның дүниетанымын кеңейтті.

Сурет: e-history.kz
Ә.Марғұлан «Айғаным – Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы» деп бағалаған. Егер Шоқан – ғылымдағы шамшырақ болса, сол шамды алғаш жаққан – Айғаным.
Ұрпаққа иман мен батырлықты үйреткен - Қызтумас
Қызтумас – Бауыржан Момышұлының әжесі. Бауыржан үш жасқа келгенде анасы Рәзия дүниеден озған соң, ол әжесінің қолында өскен.

Суретте: Бауыржан Момышұлының өз қолымен салған анасы - Рəзия
Қызтумас әжеден алған бесік жыры, күнделікті үлгі-өнегеге толы парасатты кеңестері мен нақтылы іс-әрекеттері Бауыржанға рухани азық болған. Ол тек еркелетіп қоймай, өмірге дайын болуға үйреткен, болашақ батыр мен ұлт азаматына жол көрсеткен. Батырдың әжесі жайлы өзінің «Ұшқан ұя» кітабында егжей-тегжейлі баяндалған. Батырға тән ер мінез де осы әжесінен дарыған болуы керек.
Оған Бауыржан Момышұлының әжесі жайлы мына сөзі дәлел
«Әжемнің әрбір айтқан сөзі мен үшін заң еді. Мені ер азамат қылған - әжемнің сөзі мен тәрбиесі».
Қызтумас әжеден алған тәлім-тәрбие арқылы Бауыржан тек батыр ғана емес, ұлт мақтанышы деңгейіне көтерілген.
Ана – ұлттың тамыры
Домалақ ана – рухтың тірегі, Бопай ханым – елдіктің үлгісі, Зере – ұлттық тәрбиенің алтын арқауы, Айғаным – ғылымға жол ашқан парасат иесі.
Олардың барлығы «Ұлт Анасы» деген бір ұлы ұғымға тоғысады. Біз қашанда батырларымызды дәріптеп, хандарымызды асқақтатып, ғалымдарымызды мақтан тұтамыз. Ал соларды дүниеге әкелген, тәрбиелеген, жігер берген аналарды ұмыт қалдырып жатамыз.
Шын мәнінде, ұлттың болашағы бесіктен басталады. Ал бесікті тербететін - ана. Қорыта айтқанда, ұлтты сақтайтын да, оны өсіретін де, тұтас ұлт ететін де - ана.