Жуырда Тайвань елінде тарихта алғаш рет Халықаралық Олимпиадалық комитеттің ұйымдастыруымен шеберлер арасында дзюдодан өткен Бүкіләлемдік жазғы ойындарында қоладан медаль таққан алматылық Дастан Зиналиев – мемлекеттік қызметші. Ал мемлекеттік қызметте жүріп те үлкен спорттың олимпін бағындырып келе жатқан білекті, жүректі азаматтар қазір некен-саяқ.
Біз бүгін күрестен екі дүркін әлем чемпионы, бірнеше мәрте қола және күміс жүлдегер, 16 жылдан астам уақыттан бері мемлекеттік қызметте жүрген Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының бөлім басшысы Дастан Арапұлы туралы аз-кем айтатын боламыз.
Өткенге сәл шегініс. Дастан мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Әкесі Зинали ұлының кеудесіндегі сәулені ертерек байқап, ғалым інісі Адам Мекебаев секілді жазушы болғанын қалап, үйдегі жеке кітапханасындағы әлем классиктерінің бүкіл шығармасын оқытты. Төртінші сыныптан бастап ауылдағы музыка үйірмесіне де берді. Бірақ алғыр да зерек кішкентай Дастан екі жылда бүкіл нотаны жаттағанмен, бірде-бір музыкалық аспапты игере алмапты. Сол жылдары музыка үйірмесінің жанында орналасқан спорт мектебіне қашып кете беретін болыпты.
Әкесі оны алтыншы сыныбында Алматыдағы журналист дайындайтын екі мектепке оқуға түсіреді. Мұнда жүріп те спортқа көңілі ауа беріп, бокс, күрес үйірмесінен табылды. Тоғызыншыда оқып жүргенде ауылға оралып, күресті қайта бастайды. Бірақ тоқырау жылдары ол мектеп жабылып қалады. Дегенмен, спортқа деген ықыласы артпаса кемімеген Дастан өз бетінше жаттығуды тоқтатпайды. Нағыз шыныққан шаққа қадам басқан студент кезінде еркін күрестің атақты бапкері даңқты балуан Хайдар Қарпықовта, Әділбек Серікбаевта жаттығып, самбодан спорт шебері дәрежесіне дейін жетті. Әкесі білекті ұлдың таңдаған жолын түсініп, құптап, батасын беріп, бастамашыл болып, бауыры Дәулеттің ұйымдастыруымен 2015 жылы КЕТЕ ПРАЙД клубын ашты. Осы клубтан дзюдо, самбо күресінен әлем, олимпиада жеңімпаздары шықты.
Дастан Зиналиев жиырма жасында шаңырақ көтеріп, бала тәрбиесі, отбасы құндылығын дәріптеу деген тіршілік тербелісінде қоғамдық жұмыстармен де айналысты, эколог-волонтер да болды. Мемлекеттік қызметті де қатар ұстап жүрген сәтінде арада жиырма жылдан аса уақыт үзіліс болып қалғаны бар. Бірақ спортқа деген махаббаты сонша жыл жүрегінің түбінде құндақтаулы жатқан болатын. Сол ынта-ықылас Дастан Зиналиевті боз кілемге қайтадан жетелеп әкелді. Енді, міне, үш жылдан бері еліміздің Көк байрағын әлемдік додаларда желбіретіп жүр.
Дзюдо, самбо, қазақ күресі, еркін күрестен республикалық турнирлердің, Ресей, Болгария, Греция, Хорватия, Тәжікстанда өткен Әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. Оның жүлде қоры Түйе балуан, жауынгерлік күрестен, греплинг күресінен, джиу-джитсудан да толыққан.
Ал биылғы мамырда Тайваньда қол жеткізген айтулы жүлдесі Дастан Зиналиевтің нағыз күрескер спортшы екендігінің тағы бір дәлелі. Бүгінгі күні дәл осылай шеберлер (ардагер) арасында күресіп жүрген спортшылардың ішінде мемлекеттік қызметпен қатар қырықтан асқанда ерлер арасынан Әлем чемпионы, бірнеше рет финалға шығып жүлдегер болғаны кемде-кем.
"Дастан Зиналиев басқарманың жер-өндірістік бөліміне жетекшілік етеді. Халықпен, әлеуметпен тікелей байланыста жұмыс істейтін ең күрделі сала. Мегаполистің жер учаскелерін беру немесе нысаналы мақсатын өзгерту тұрғысындағы мәселелерді шешумен айналысады. Күніне 40–50 өтінішті қарауына тура келеді. Өзі спорттың адамы болғандықтан ба, аса ұстамды, дипломат, үлкен-кішімен де тіл табыса кетеді. Қазір жұмысымыздың бәрі цифрландыруға көшкенімен, мәселенің мән-жайын көзбе-көз жүздесе отырып білгісі келетін тұрғындар да бар. Жасыратыны жоқ, кейде жәй келмей, мінез көрсете келетіні де жоқ емес. Сондай сәттерде Дастан Арапұлының бәрін байсалды қарсы алып, сабасына түсіріп, мән-жайды сабырмен түсіндіріп, мәселесін оң шешіп, шығарып салып тұрғанын талай көргенбіз. Спорттың мінезді де тәрбиелейтіні рас-ау", - дейді Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының бас маманы Талғат Абдуаллиев.
"Дастан екеуміз бір ауылданбыз. Оны спортпен егіз туған десем, қателеспеспін. Бала күнінен алғыр, епті, ширақ болатын. Алматыда да боз кілемде қайта тоғыстық. Мемлекеттік қызметте жүрсе де, аптасына үш мәрте жаттығуға келіп тұрады. Боз кілемде оның екінші тынысы ашылатынын сеземін. Жанып кетеді. Үнемі жайдары жүреді. Талапшыл. Темірдей тәртіптің, бір сөздің адамы. Оның тілекші көңілін жасқы түсінетін жастар үнемі айналасында үйіріліп жүреді. Болдым, толдым демейді, жастармен әлі күнге бірге жаттығып, жол көрсетіп, білгенімен бөлісіп отырады", - дейді дзюдодан Ардагерлер арасындағы әлем чемпионы Насреддин Айтымов.
Отбасындағы, әулеттегі беделіне бірге жүрген біз куә. Екі саланы ақсатпай қатар алып жүрген қазақтың жүректі осындай жігіттері қоғамға сөзсіз керек деп ойлаймын.
"Маған Дастан Арапұлының еңбекқорлығы, алтын уақытын ұтымды пайдалана білетін қасиеті ұнайды. Жастардың санасына жігіттің жауы жалқаулық екенін үнемі құйып отырады. Өте тамаша адам. Білікті тренер. Боз кілемде бірге жаттығамыз. Өзін үлкенмен де, кішімен де тең ұстайтыны көпке үлгі боларлық, - деді дзюдодан Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Дәулет Теміржан.
Ұйымдастырушылық қабілеті өте зор. Айналасына спортты сүйетін жасөспірімдер тұрмақ, өзінің қатарластары да топтаса қалатынына таңданамын, өте көпшіл адам. Шәкірттері арасынан Әлем және Олимпиада чемпиондары көптеп шықса деген асқақ арманы да бар. Ол мұратына жететіні де анық. Мен мемлекеттік қызметте жүрсе де жүрек қалауынан алыстай алмаған шын күрескер осындай спортшы азаматпен бірге жүргенімді мақтан етемін.